Комитет төрағасы Еділ Жаңбыршиннің жетекшілігімен өткен жиынға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар вице-министрлері, Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері, Абай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстар әкімдерінің орынбасарлары мен құқық қорғау органдары, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары қатысты.
Отырысты ашқан Еділ Жаңбыршин орман алқаптарын ұлғайту қажеттігі туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын алға тартып, бұл мәселеге Президент ерекше мән беретініне тоқталды.
– Біріншіден, орман – адам ағзасына қажетті таза ауаны, ылғалды және оттегіні қамтамасыз ететін табиғи фильтр. Сондықтан оның сақталуы адам денсаулығы мен өмір сапасы үшін қажет. Екіншіден, Қазақстан ормандары – экологиялық тепе-теңдік пен шөлейттенуге қарсы күресте стратегиялық ресурс қана емес, сондай-ақ биоәртүрлілікті сақтай отырып, елдің табиғи байлығы мен тұрақты дамуына үлес қосатын маңызды ұлттық капитал. Осыған орай елімізде орман алқаптарын және елді мекендерді көгалдандыруды жүйелі түрде іске асыру үшін «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2 миллиард ағаш отырғызу көзделген. Бұл жұмыс республика көлемінде, барлық өңірде белсенді жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен елдегі орман шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерге тоқталмай өту мүмкін емес. Қазіргі таңда осы салада бірқатар жүйелі проблема бар. Оларды шешпей, нақты нәтижеге қол жеткізу қиын, – деді депутат.
Көшпелі отырыста орман қорын басқару жөнінде қалыптасқан ахуал бойынша баяндамашылар сөз сөйлеп, пікір алмасты.
Жиында Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев 2021-2024 жылдар аралығында мемлекеттік орман қорына 736,8 мың гектар алқапқа 1 млрд 150 млн көшет отырғызылғанын атап өтті. Былтыр техника мен жабдықтарды сатып алуға республикалық бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлініп, оған 13 өрт сөндіру машинасы, 45 шағын орман патрульдік кешен, 13 трактор, 82 патрульдік автомобиль және басқа да техника мен жабдықтар сатып алынған.
Отырыс барысында Қостанай облысының мамандырылған табиғат қорғау прокуроры Дамир Аишев тексеріс нәтижесінде орман шаруашылығы мекемесі тарапынан жеке пайдасы үшін, оның ішінде өрт қаупі жоғары кезеңде өрттің шығуына тікелей себеп болған заңсыз ағаш кесуді ұйымдастырған қылмыстар болғанына тоқталды. Қылмыстық істерден бөлек, орман шаруашылығы мекемелері жеке орман дайындаушылар тарапынан болған әкімшілік құқықбұзушылықтарды есепке алмай жасырылғанын баяндап, осындай немқұрайлық орман апатына себеп болатынын айтты.
Сонымен қатар кадр тапшылығына да ерекше мән берілді. Жас мамандардың салаға келуі баяу, ал бұл болашақта кәсіби кадр тапшылығын тудыруы мүмкін екендігі айтылып, жастарды орман шаруашылығына тарту үшін нақты әрі жүйелі қолдау шаралары қажеттігі сөз болды.
Отырыс қорытындысы бойынша Үкіметке және Қостанай, Абай, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және басқа да облыстар әкімдіктеріне бірқатар нақты ұсыныс жолданды. Атап айтқанда, орман алқаптарын ұлғайту үшін ағаш отырғызуға қолайлы бос жерлерді анықтап, жыл сайын отырғызу көлемін нақты жоспарлау. Орман өрттерінің алдын алу үшін қауіпті аймақтарға заманауи бақылау құралдарын – дрондар мен бейнебақылау жүйелерін енгізіп, өртке қарсы техникаларды жаңғырту, орман өртінен зардап шеккен ағаштарды утилизация жасауды тездету және тағы басқа өзекті ұсыныстар бар.
Елнар ЕЛТАЙ