ҰБТ: сынақ әрі сергелдең

ҰБТ: сынақ әрі сергелдең
Жаз мезгілі – көпшілік үшін демалыс, ал мектеп түлектері үшін үлкен сыннан өтетін маңызды кезең. Әсіресе, 11-сынып оқушылары үшін бұл маусым демалыспен емес, Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) уайымымен өтеді. Оқушылар үшін бұл болашақ мамандығы мен бағытын анықтайтын, тіпті тағдырын шешетін сәт те болуы ғажап емес.

Былтыр ғана ҰБТ-ның 20 жыл­дығы аталып өтті. ҰБТ еліміздегі білім жүйе­сінің маңызды бір тетігін­дей. Оған себеп – жас түлектердің жаппай осы емтиханға дайындалып, 11 жылғы білген-тергенін сынап көруі. Алғашқы жылдары ҰБТ-ның қияметі талай тағдырдың сынуы­на әкеп соққаны рас. Бірі шекті балдың қуанышын тойлап жатса, бірі жет­пей қалған бал­дардың куәсі болып жатады. «Қазіргі ҰБТ бөл­ек», – дейді көп жастар. ҰБТ-ның берілу форматы мен балдық жүйе­лер жыл өткен сайын өзгеріп жатыр. Әрине, бұл жастардың білім деңгей­ін жаңа белеске көтеру, жүйе­дегі ескірген талапты жаңашалау болып табыла­ды. 

Ғылым және жоғары білім мин­истрі Саясат Нұрбек ҰБТ оқушы­ларды болашақ дамуға ынталан­дыратын бірден-бір құрал екенін алға тартты. «ҰБТ – оқыту үдерісінің маңызды бөлігі. Жиырма жыл ішінде Ұлттық бір­ыңғай тестілеу жоғары оқу орын­дары­на түсуге қолжетімділік пен ашықтықты қамта­масыз ететін маң­ызды құралға айналды. Халықаралық стандартқа сай дәл осы жүйе әр түлек­тің әлеу­меттік немесе географиялық жағ­дайы­на қарамастан, сапалы білім алуға тең мүмкіндік береді. ҰБТ де­гені­міз жай емтихан емес, бұл – бізге таланттарды анықтауға, оқу­шы­ларды ынталандыруға, олардың білімге де­ген құштарлығын арттыру­ға көмек­тесетін құрал. Жиырма жылдағы маң­ызды үдеріс – емтихан­ның цифр­ландырылуы. Ендігі мін­детіміз – қол жеткізген нәтижелерді сақтап қана қоймай, алға қарай ұмтылу. Өйткені уақыт  талабына сай сын-тегеурінге дайын болу өте маңыз­ды», – дейді министр.

Ұлттық бірыңғай тестілеу орта­лығының мәліметінше, былтыр 211 мың рет ҰБТ тапсырылған. Оның ішінде талапкерлердің 74%-ы қазақ тілінде, 26%-ы орыс тілінде, сон­дай-ақ 171 адам ағылшын тілінде тес­тілеуден өткен екен. Аталған талап­керлердің 76%-ы шекті балды жина­ды. Орташа балға келетін болсақ, ол 68 балды құраған. Ең жоғары балл 138 болып тіркелген еді.

Қазіргі ҰБТ бұрыңғыдан бөлек

Қазіргінің ҰБТ-сы бұрынғыдан өзгеше. Атап өтсек, талапкерлер тес­тілеу күнін, уақытын және пунк­т­ін өздері таңдай алады. Бұл ретте олар екі мүмкіндік үшін бейіндік пәндердің бір ғана комбинациясын белгілейді. Комбинацияларға тоқ­талсақ, қазіргі таңда талап­керлердің 16%-ы – матем­атика-физика, 

16%-ы – биология-химия,  13%-ы – шы­ғар­ма­шылық, 11%-ы – матем­ати­ка-информатика пәндерін таң­дайды. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет талапкерлер ең көп таңдайтын бей­ін­дік пәндер комбинациясы «био­­логия-химия» бағытына қарай өскен. Ал тестілеу форматы өзгеріс­сіз қалды. Талап­керлер үш міндетті және екі таңдау бойынша екі пәннен тест тапсырады. «Оқу сауаттылығы» мен «Матем­атикалық сауаттылық» міндетті пән­дерінен тапсырма саны 5 сұраққа қысқарды. Бұл бей­ін­дік пәндер бо­йын­ша сұрақтар санын 40-қа дейін арттыруға мүм­кіндік берді. Сонымен қатар бейін­дік пәндерде берілген тізімнен сәй­­кес­тікті анықтауға арнал­ған 5 тап­сырма қосылды. Бұл өгерістер талапкердің өзінің таңдаған пәніне көбірек зейін қойып, болашақта сол бағыт бойынша жұмыс істеуіне ықпал жасайды.

«Осы орайда Ұлттық тестілеу орта­лығы тест тапсырмаларының сапа­сына ерекше көңіл бөлетінін ай­тып өтейін. Мысалы, қаңтар ҰБТ-сында мазмұны бойынша қана­ғаттандыр­ылған апелляциялық тап­сыр­малардың саны 49 бірегей сұрақ, ал наурыз ҰБТ-сында – 21 бірегей сұрақ. Әзірлеу­ші­лерді, тестілеу бойынша сарапшы­ларды, ҰТО мамандарын халықаралық тәжірибеге сәйкес тапсырмаларды тиімді әзірлеуге және сараптауға оқыту мақсатында министрлік 350 адам үшін курс өткізді. Көп кезеңді оқыту курсы Дүниежүзілік банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жоба­сы аясында 2023 жылдың қазанынан 2024 ждылғы наурыз айына дейін жүргізілді. ҰБТ – үлкен деректер көзі, үлкен тәжірибе жиналды. Бұл курс – ақылды өлшеу және сарап­тамалық құн­ды ақпарат беретін тестілеуге көшу бағытында атқарыл­ып жатқан маңызды қадам­дардың бірі», – дейді Ұлттық тестілеу орта­лығының дирек­торы Болатбек Әб­діра­сылов.

Мүмкіндіктер бірдей ме?

Мәжілісінің депутаты Данияр Қас­­қарауов жас түлектердің бар­шасының жоғары балл алу мүмкін­дігінің жоқ екенін баса айтты.

– ҰБТ білім сапасын шынайы өл­шейтін әдіс дегенге өз басым сен­беймін. Себебі бұл тәсіл оқушылар­дың ойлау, талдау, сөйлеу қабілетін шек­тейді. Тесттен жоғары ұпай жи­на­сам болды деген оймен жауап­тар­ды жат­тап алады. ҰБТ білім сапа­сына да әсер етіп жатыр. Себебі кейбір мектептің оқушылары 11-сын­ыпта мүлде сабақ оқымайды. Тестке дайындаламыз деп санаулы пәндерге ғана көңіл бөледі. Қалған сабақты оқымайды. Бұған ұстаз­дар, мектеп басшылары мүдделі.

Ауыл мен қаланың білім деңгейі жер мен көктей. Қалада қосымша білім алуға, дайындық курстарынан өтуге мүмкіндік өте жоғары. Өйткені білім беретін орталықтар көптеп ашылды. Ал ауыл баласында ондай мүмкіндік өте аз. Бар болған күннің өзінде ауылда тұратын ата-аналар­дың қалтасына қосымша салмақ салады. Мәселен, ҰБТ-ға дайын­дайтын орта­лықтарға балаңды беру үшін ай сайын кемі 100 мың теңге төлейсің. Ал ауылдық жер үшін бұл – көп қаражат. Кез келген ата-ана төлей алмайды. Тіпті, төлегеннің өзінде мұндай дай­ын­дықтар тек онлайн, яғни қашықтан оқыту арқылы жүргізіледі. Шалғай елді мекендерде интернет желісінің жоқтығын, байланыстың нашарлы­ғын ескерсек, онлайн оқу, дайын­далудың өзі қиындық тудырады. Сол себепті ауыл мен қала баласы­ның білім дең­гейі бірдей деп айтуға болмайды, – дейді депутат.

Еліміздегі түлектердің емтиханға мүмкіндігі тең дәрежеде екені мәлім. Алайда сол ҰБТ-ға дайындық бары­сын­­дағы мәселелер бей-жай қалдыр­мады. Қазіргі уақытта бір­ыңғай тес­тілеуге дайындалатын онлайн фор­маттағы мүмкіндіктер жоқ емес бар. Мәселе тек соны дұрыс қолдануда жатыр. 

– Біз тек сапалы және әділ тес­тілеу өткізумен ғана шектелмейміз. ҰБТ-ға дайындық кезеңінде талап­керлерге қолдау көрсету де басты міндетіміздің бірі. Осы мақсатта тегін онлайн са­бақтар, байқау тесті­лері және қажетті оқу құралдары ұсынылады.

Оқу жылының басында Ұлттық тес­тілеу орталығының ресми сайт­ында тест  тапсырмаларына негіз­дел­­ген оқулықтар тізімі мен тест жос­пары жарияланды. Сонымен қатар Қазақ­стан тарихы және Дүниежүзі тарихы пәндері бойынша ең маңыз­ды 100 тарихи дата, информатика пәні­нен терминдер жиынтығы, қазақ әдебиеті мен орыс әдебиеті бойынша оқуға тиіс әдеби шығарма­лар тізімі де та­лапкерлерге қолже­тім­ді етілді, – дейді орталық дирек­торы Болатбек Әбдіра­сылов.

ҰБТ  білім сапасын анықтайтын құрал емес екені жиі айтылып жүр. Де­генмен 11-сыныпты бітіретін әр бала мұны өміріндегі ең шешуші кезең санайтыны тағы рас. Сер­гелдеңге түс­іп сыналар тұс бастал­ғалы жатыр. Бұл сыннан сүрінбей өту үшін балаға ең ал­дымен білікті­лік пен табандылық қа­жет. Бастысы, өміріндегі жауапты сәт­те шалыс баспаса болғаны...

Әсет ҚАЛИ