«Жерде жатып жылайды, шашын жұлады»: Ақнәр ісіне қатысты тың дерек айтылды

«Жерде жатып жылайды, шашын жұлады»: Ақнәр ісіне қатысты тың дерек айтылды
Бірақ Ақнәрдің туыстары іс бойынша куәгер қызды Ақнәрдің өліміне қатысы бар деп есептейді.

Алматыда 2024 жылдың мамырында көпқабатты үйдің терезесінен құлап, көз жұмған Ақнәр Хамиттің туыстары баспасөз мәслихатын өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеме жасап.

23 мамыр күні өткен баспасөз мәслихатында оқиға болған күні үйде болған қыздардың бірінің адвокаты Жандос Палманов оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтты. Айта кетейік, Ақнәрдің туыстары іс бойынша куәгер мәртебесіндегі бұл қызды Ақнәрдің өліміне қатысы бар деп есептейді. 

Адвокат Жандос Палманов Ақнәр қаза тапқан кештің видеосын көрсетті.

Видеода қыздар жайылған дастарқан басында отырып, ән айтып, билеп, көңілді уақыт өткізіп жатқанын байқауға болады. Алайда бір сәтте жағдай күрт өзгеріп, кадрда марқұм Ақнәрдің жерде жатып жылап жатқанын, шашының жұлынғанын көреміз.

Адвокат Жандос Палмановтың айтуынша, сол кеште Ақнәрдің мінез-құлқы кенеттен өзгеріп, ол біртүрлі әрекет ете бастаған.

"Ол қатты эмоциялық тұрақсыздық көрсете бастайды. Жылайды, шашын жұлып, басын қабырғаға соғады. Менің қорғауымдағы қыз бен үшінші қыз оны сабырға шақыра бастайды. Қорғалушымның айтуынша, марқұмның жігітімен арасында жанжал болған, ол басқа қызға кетіп қалған екен. Ақнәр сол қызбен сөйлесуге барғысы келген. Қыздар оны тоқтатуға тырысқан: "Бұл дұрыс емес, қазір түн, сен массың" деп сабырға шақырған", – дейді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, қызды сабырға шақыру әрекеттері сәтсіз болғаннан кейін ол жуынатын бөлмеге кеткен, ал екінші қыз Ақнәрдің жанында қалған. Біраз уақыттан кейін екі қыздың арасында жанжал шығып, арты төбелеске ұласқан.

"Марқұм терезеден құлаған сәтте менің қорғауымдағы қыз жуынатын бөлмеде болған", – деді адвокат Жандос Палманов.

Журналистердің "марқұмның басындағы құлаудан бұрын  жарақаттар қайдан пайда болған?" және "Ақнәрдің туыстары айтқандай, қыз азапталған ба?" деген сұрақтарына жауап берген адвокат, жүргізілген сараптамалар азаптау фактілерін растамағанын мәлімдеді.

"Бастапқы сараптама қорытындысына сәйкес, оның денесінде 7-қабаттан құлау салдарынан болған көптеген жарақат анықталған. Ал азаптау және қинау белгілерін сарапшылар жоққа шығарады", – деді Палманов.

Алайда марқұм қайтыс болардан алдын оның картасынан адвокат Палмановтың қорғауындағы адамның шотына 1 миллион теңге аударылғаны туралы мәселе әлі күнге жауапсыз қалып отыр.