Сенім мен саяси диалогтің символы

Сенім мен саяси диалогтің символы
Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жыл сайын жаңа серпін алып келеді. Ұлттық банк ұсынған деректерге сүйенсек, 2024 жылы отандық инвесторлар Түрікменстанға 16,1 млн АҚШ доллар көлемінде тікелей инвестиция жасаған.

– Болат Бақбергенұлы, бұл келісімнің Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы экономикалық қатынастарға әсері қандай болмақ?

– Қазақстан мен Түрікменстан арасын­дағы инвестицияларды қорғау туралы заң жоба­сы – екі елдің экономикалық байла­нысын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам. Бұл ке­лі­сім — тарихи құжат. Өйткені соңғы 30 жыл­да Қазақстан мен Түрікменстан ара­сын­да инвестициялық ынтымақтастықты жо­ғарғы деңгейде заңдық тұрғыдан бекіткен мұндай келісім болған жоқ. Осыған дейін Түрікменстан сыртқы саясатта бейтараптық ұстанатын елдің бірі еді. Сонымен қатар бес көрші мемлекеттің ішінде әлі күнге дейін Қазақстан азаматтары бұл елге визамен ба­рады. Бұл жағдай екі ел кәсіп­керлерінің қа­тынасына, өзара инвести­ция­лық мүмкін­діктерді толық пайдалануға кедергі келтіріп келді.

Дегенмен соңғы жылдары мемлекет­ара­лық қарым-қатынаста оң өзгерістер байқа­луда. 2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ашхабадқа рес­ми сапары барысында тараптар экономика­лық, көлік, энергетика, мәдени-гуманитар­лық салаларды қамтитын 20-дан астам құ­жатқа қол қойды. Солардың ішіндегі ең маңыздыларының бірі – инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келі­сім. Бұл құжаттың мақсаты – екі елдің ин­вес­торларына тең құқық пен қорғау кепіл­дік­терін беру.

2024 жылы желтоқсанда бұл келісімді Түрікменстан парламенті мақұлдаған бола­тын. Біз қазір оны Сенаттың қарауына ұсын­дық. Бұл қадам жүзеге асқан жағдайда екі ел арасында инвестициялық климаттың тұрақ­ты әрі сенімді негізі қалыптасады. Кәсіп­кер­лер үшін ең маңызды мәселе – құқықтық ке­пілдік. Құқықтық база болмаса, инвестор­лар үлкен қаражат салуға тәуекел ете ал­май­ды. Сондықтан мұндай келісімдер шетелдік капиталды тартуда шешуші рөл атқарады.

– Келісім аясында инвесторлардың құ­қықтары қалай қорғалады?

– Бұл келісім тек экономикалық құжат емес, ол – екі ел арасындағы өзара сенім мен саяси диалогтің символы. Инвестиция – тек капитал емес, ол – технология, ноу-хау, жұ­мыс орындары, жаңа өндірістер. Сол себепті келісімнің басты мақсаты – Қазақстан мен Түрікменстан аумағында жұмыс істейтін инвесторларға әділ, тең және ашық режим ұсыну. Яғни, екі ел де өз территорияларында шетелдік инвесторларға жергілікті кәсіп­керлермен тең дәрежеде құқық пен мүм­кіндіктер беруге міндеттеледі. Сонымен қатар инвестициялардың қауіпсіздігі мен тұрақтылығы да қамтамасыз етіледі.

Келісім экспроприациядан қорғау, инвес­тициялық дауларды халықаралық арбитраж арқылы шешу мүмкіндігі, сондай-ақ табыс репатриа­циясына кедергі келтірмеу сияқты маңызды ережелерді қамтиды. Мұн­дай нормалар халықаралық инвес­тициялық құқықтың негізгі стандарттарына сәйкес келеді және екі елдің де инвести­циялық тар­тымдылығын арттырады.

– Келісім энергетика, нақтырақ айтқан­да, газ саласына қандай серпін береді деп ойлайсыз?

– Энергетика – Қазақстан мен Түрікмен­стан арасындағы ең әлеуетті ынтымақтастық бағыттарының бірі. Түрікменстан – әлемдегі ірі газ қоры бар бес мемлекеттің бірі. Олар бұл ресурсты негізінен Қытай, Ресей және Иран секілді елдерге экспорттайды. Біз де өз еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қам­тамасыз ету үшін осы мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз қажет.

Президенттің Ашхабадтағы сапары ке­зінде «ҚазМұнайГаз», QazaqGaz сияқты ірі ұлттық компаниялар нақты жобалар бо­йын­ша келіссөздер жүргізді. Түрікмен­станмен бірлесіп газ кен орындарын барлау, игеру, құбыр тарту және инфрақұрылым салу мә­се­лелері талқыланды. Мысалы, Қазақ­стан­дағы «Сарыарқа» газ құбыры жобасы – еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарын газбен қамтудағы маңызды қадам. Бірақ бұл ай­мақ­тарды толық қамтамасыз ету үшін қосымша газ көздері қажет. Сондықтан Тү­рік­мен­станмен 10-20 жылға жоспарланған ұзақмер­зімді стратегиялық серіктестік біздің ішкі нарықтағы тапшылықты шешуге сеп­тігін тигізер еді. Демек, бұл келісім – тек бү­гінгі күннің емес, болашақтың да инвести­циясы.

– Аталмыш құжат көлік және транзит саласына қалай ықпал етеді?

– Екі ел Еуразия­ның маңызды страте­гия­лық нүктесінде орналасқан. Сон­дықтан көлік-логис­тика саласындағы әріп­тестіктің дамуы – басым бағыт. Түрікменстан – Иран мен Ауғанстан арқылы Парсы шыға­на­ғына, ал Қазақстан – Ресей мен Қытай арқылы Еуропа мен Азияға шығатын ма­ңыз­ды қақ­па. Бұл тұрғыда өзара тиімді логис­ти­калық шешімдер мен тран­зиттік жобаларды дамыту аймақтық сауда ағынын арттыруға үлкен серпін береді.

Қазір Қытайдан келетін жүк ағындары «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізі және Ақтау порты арқылы Түрікменстан­ға да жеткізілуде. Дегенмен визалық шектеу­лер мен көлік логистикасының дамымауы екі ел арасындағы тауар айналымын тежеп отыр. Одан бөлек, бүгінде Ашхабадқа Астана не­месе Алматы­дан тікелей ұшақпен жету мүм­кін емес. Көп жағдайда кәсіпкерлер Тү­рік­менстанға Ыстанбұл немесе Дубай ар­­қы­лы қатынауға мәжбүр. Бұл логистика­лық жағы­нан тиімсіз және уақыт жағынан да қолайсыз.

2024 жылы екі елдің көлік министрліктері азаматтық авиация саласында келіссөздер жүргізді. Болашақта «Ашхабад – Алматы», «Түрікменбашы – Ақтау» бағыттары бойын­ша тікелей немесе транзиттік рейстер ашы­луы мүмкін. Егер бұл жүзеге асса, бизнес өкіл­дері мен туристер үшін жол ашылып, сауда айналымы да арта түсер еді.

– Ал заңда инвестициялық дауларды шешу бойынша механизмдер қарас­тырылған ба?

– Иә, кез келген елде инвестициялық даулар болуы мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Аталған келісім мұндай дауларды шешудің бірнеше жолын ұсынады. Ең алдымен, дау қай елдің аумағында туындаса, сол елдің ұлттық заңнамасы шеңберінде арбитраж арқылы шешуге болады. Егер тараптар ке­ліссе, дауды халықаралық арбитраж арқылы қарастыруға немесе медиация тәртібімен бейбіт жолмен реттеуге мүмкіндік бар. Бас­тысы – тараптар өзара мәмілеге келу мен ынтымақтастық рухын сақтауы тиіс. Бұл келісім құқықтық сенімділік орнатуға бағытталған.

– Екі ел арасындағы сауда-саттықты ұлттық валюталарда жүргізу бастамасы кө­терілген екен. Бұл идея қаншалықты жүзеге асады деп ойлайсыз?

– Бұл – өте орынды әрі заман талабына сай ұсыныс. Қазір Қазақстан мен Түрік­мен­стан арасындағы сауда-саттық негізінен доллармен есептеледі. Алайда ұлттық валю­тамен есеп айырысу – валюта бағамдарының құбылуынан болатын тәуекелдерді азайтып, қаржылық тәуелсіздікті арттыратын қадам. Ресей мен Қытайдың рубль мен юань арқы­лы есептесуі — осы бағыттағы оң тәжірибе. Әрине, мұндай жүйені енгізу үшін екі елдің орталық банктері арасында нақты меха­низм­дер мен сенімді төлем жүйелері құры­луы қажет.

– Ал жасыл энергетика жобаларын ынтымақтастықтың жаңа бағыттары ретінде атауға бола ма?

– Әрине. Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына жетуді көздейтін стратегияны жүзеге асырып жатыр. Бұл ба­ғыт­та Түрікменстанмен бірлесіп жұмыс іс­теуге мүмкіндік мол. Түрікменстанның күн мен жел энергиясы бойынша әлеуеті зор. Егер екі ел зерттеу, технология, инвестиция ба­­ғытында күш біріктірсе, жаңартылатын энер­гия көздерін дамыту аймақтық тұрақты­лық пен экологиялық қауіпсіздікке үлес қосады.

– Түрікмен инвесторлары қазақстандық қандай салаларға қызығушылық танытып отыр?

– Түрікмен тарапы ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары және фармацевтика салаларына қызығу­­шы­лық танытты. Сонымен қатар арнайы эко­но­микалық аймақтардың (АЭА) мүмкіндік­тері – салықтық жеңілдіктер, ин­фра­құры­лымдық қолдау – инвесторлар үшін үлкен қызығушылық тудырып отыр. Әсіресе, Түркістан және Маңғыстау облыстарындағы АЭА базасында бірлескен кәсіпорындар ашу жөнінде нақты ұсыныстар талқылануда.

– Назарымыздан тыс қалған тағы қандай мәселелер бар?

– Иә, өте маңызды, бірақ жиі айтыл­майтын мәселе – виза тәртібі. Түрікменстан Маңғыстау облысымен шектеседі. Бұрын екі шекаралас облыс – біздің тараптан Маңғыс­тау облысы, түрікмен жағынан Балқан уәлая­ты арасында визасыз 5 күнге кіріп-шығу мүмкіндігі болған. Бұл туыстық, сауда-саттық, емделу сияқты қарапайым гумани­тарлық қажеттіліктер үшін өте маңызды еді. Алайда кейіннен Түрікменстан бұл тәртіпті біржақты тоқтатты. Қазір Түрікменстанға бару үшін визалық режим сақталған. Бұл – азаматтық байланыстардың дамуына, ша­ғын және орта бизнес, сондай-ақ өңіраралық серіктестіктің кеңеюіне үлкен кедергі. Егер екі ел арасындағы ви­залық тәртіп жеңілдесе немесе шекаралас аймақтар үшін қайтадан жеңіл режим енгізілсе, бұл экономикалық байланыстарға оң әсерін тигізер еді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Кәмила ДҮЙСЕН