Сәтбаев университетінің базасында еліміздің жоғары оқу орындары кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері бас қосқан маңызды семинар-кеңес өтті.
«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруында кәсіподақтардың рөлі» атты бұл жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, университет ректорлары мен кәсіподақ көшбасшылары қатысты.
Басты мақсат – цифрлық трансформация жағдайындағы жоғары білім беру саласының болашағын саралау және әлеуметтік жауапты мемлекетті қалыптастыру жолында кәсіподақтардың атқарар рөлін жан-жақты талқылау.
Қазақстандық білім және ғылым саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева өз сөзінде былай деді: «Бүгінде білім беру саласындағы ең басты міндет – адами капиталды қорғау және қолдау. Әрбір оқытушы мен ғалым өзінің құқығын қорғай алатын сенімді тетік бар екенін сезінуі тиіс. Кәсіподақ – жай ғана формальды ұйым емес, бұл – нақты іс-әрекетке қабілетті, ықпалды құрылым. Біз осы бағытта оқыту семинарларын тұрақты түрде өткізіп, техникалық инспекторлар институтын ұлттық деңгейге дейін дамытудамыз. Бұл – білім беру қызметкерлерінің мүдделерін қорғаудың маңызды жолы. Біз ел болашағы үшін еңбек етіп жүрген азаматтардың атынан үн қатамыз».
Семинарда қатысушылар оқытушылар мен қызметкерлерге, сондай-ақ студенттерге қатысты еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, жұмыс уақыты мен оқу жүктемесін оңтайландыру, еңбек қауіпсіздігін сақтау, кәсіподақ ұйымдарының қаржылық және ақпараттық ашықтығын қамтамасыз ету, құқықтық реттеудің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова өз баяндамасында «Жоғары білім жүйесін жаңғырту – еліміздің дамуына жол ашатын маңызды қадам. Бұл процесте кәсіподақтардың орны ерекше. Еңбекті қорғау, кәсіби тәуекелдерді азайту және жұмыс орындарында қауіпсіз орта қалыптастыру үшін нақты құқықтық механизмдер қажет», – деді.
Кәсіподақ өкілдері өз өңірлерінде жүзеге асып жатқан озық тәжірибелерімен бөлісті. Сәтбаев университетінің кәсіподақ ұйымы да әкімшілікпен тығыз байланыс орнатып, нақты нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті.
«2024 жылы университетімізде бірде-бір еңбек дауы тіркелген жоқ. Бұл – ұжымдық шарт, икемді жұмыс кестесі және SU Solutions цифрлық платформасының тиімділігінің нақты көрінісі», – деді Сәтбаев университетінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Марланұлы.
Семинар соңында қатысушылар үшін «Кайдзен» жүйесі бойынша арнайы шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Мұнда кәсіподақ қызметін күнделікті өмірде қалай тиімді жүргізуге болатыны үйретілді. Сондай-ақ Әлеуметтік-еңбек қатынастарын зерттеу жөніндегі ғылыми-әдістемелік орталықтың жұмысы таныстырылды.
Семинар нәтижесі бір шындықты айқын көрсетті: бүгінгі күні кәсіподақтар – тек әлеуметтік құқықтарды қорғаушы ғана емес, сонымен қатар қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің маңызды тірегі. Еңбек адамының үні естілетін, құқығы қорғалатын, еңбегі бағаланатын ортада кез келген ұжым берік әрі сенімді командаға айналатыны сөзсіз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.