«Оны өлтіріп жатыр, кешіріңіз...»: Ақнәр Хамитті азаптап өлтіргені жайлы анасына қандай хат келген?

«Оны өлтіріп жатыр, кешіріңіз...»: Ақнәр Хамитті азаптап өлтіргені жайлы анасына қандай хат келген?
«Денесінен азаптау іздерін көрдім» деген анасының күдігі басқа.

Осыдан бір жылға жуық уақыт бұрын Алматыда көз жұмған Ақнәр Хамиттің өлімі қоғамды дүр сілкіндірді. «Оны қасындағы қыздар азаптап өлтірді» деген анасының қолында дәлелі де бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz  Azattyq TV-ға сілтеме жасап.

Тоғыз ай құрсағымда көтерген қызымды жер қойнына тапсырғаныма тоғыз ай болды. Ал іс әлі аяғына шыққан жоқ. 2002 жылы туған Ақнәр Хамиттің анасы Гүлістан Хамиттің осылай етегі жасқа толып отыр. 

Айдың-күннің аманында өрімдей қызынан айырылған ана бір жылға жуық уақыттан бері әділдік іздеп жүр. Перзентінің абыройы үшін...

Бойжеткен былтыр Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің жетінші қабатынан құлап қаза тапқан. Қылмыстық іс өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша қозғалған. Алайда «Денесінен азаптау іздерін көрдім» деген анасының күдігі басқа.

«Білегі тістелген. Міне, мойнында тырнақтың іздері бар, қылқындырған іздері бар. Иығында сүрілген іздер бар. Міне, кеңірдегінде тырнақтың іздері. Қызымның бір саусағы етімен қосып түсіп қалған. Үш тырнағы жоқ. Қыздардың ұрып, қинап жатқан видеосын көрсетейін, міне», - дейді көзі жасқа толған ана қызының мүрдесінің суретін көрсетіп.

Бұл бейнежазбаны көру анасы былай тұрсын,  кез келген адамға ауыр тиері анық. Анасы видеоны қызының телефонынан тауып алған. Оқиға болған күні Алматыда оқитын студент екі құрбысымен кездесуге барған. Кешке Ақнәрдің телефонынан бөтен адам мынадай хабарлама жіберген: «Мына бір қызды өлтіріп жатыр, мен бара алмай жатырмын, кешіріңіз. Қасымыздағы бір қыздың шашын жұлып, қылқындырып, өлтіріп жатыр. Мен дәретханаға кіріп жалғыз тұрмын, жауып алып. Ана қызды өлтірді».

«Өлтірді, қылқындырды, шашын жұлды дейді. Енді қайда қарайды құқық қорғау органдары? Кімді кімді өлтіріп жатыр деу керек қой. Қандай киіммен келді ол қыз? Сосын қандай нәрсе болды? Ол қызды өлтіріп жатса, ол жерде келіспеушілік болды. Кім мен кімнің арасында?» - дейді Гүлістан Хамит. 

Бойжеткеннің өмірден өткеніне тоғыз ай өтсе де, ол жерде не болғаны анық емес. Анығы, Ақнәр ол үйге кешкі 19:40-та кіріп, 20 шілде күні түнгі 2:54-те жетінші қабаттан құлаған. Анасы қызының өлімін қасындағы екі құрбысынан көреді. Олар қорлық көрсетіп, өлтіріп, лақтырып жіберді деп есептейді. Сараптама екі қыздың мас болғанын, ал Ақнәрдің қаны таза екенін көрсеткен. 

«Ақ көйлек кигізіп, құтты орнына қондырамын деген қызымды ақ кебінге орап, жер қойнына тапсырдым. Тоғыз ай бойы жыладым. Ешкімнің басына бермесін. Адамбыз ғой. Жүрек деген жұлынып кетті. Енді қызымның ар-ожданы үшін аяғына дейін жетемін», - дейді Ақнәрдің анасы.

Анасы өзі күдіктенген екі қызды жете танымайды. Оларды әлі кездестірмеген. Гүлістан Хамит тергеу өте баяу жүріп жатыр деп санайды. 

14 мамырда Алматы қалалық Полиция департаменті тергеу қалай жүріп жатқанын айтты. 

«Бұл дерек бойынша Алматы Полиция департаменті Тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта болған оқиғаның толық көрінісін анықтау үшін жан-жақты тергеу жүріп жатыр. Тергеу шеңберінде материалдар жинақталып, талданып жатыр. Куәлардан жауап алынып, бейнежазбалар зерделеніп жатыр. Заңда көзделген басқа да іс жүргізу әрекеттері жүріп жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында», - делінген полиция хабарламасында.

Марқұм Ақнәр жұмыс істеген халықаралық компаниялар полицияға істі әділ тергеуге шақырып, хат жолдап жатыр. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.