«Ардагер алаңы» турниріне биыл 500-ге жуық балуан қатысты. Балуандар додасында Қазақстан өңірлерінен бөлек, АҚШ, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген спортшылар бақ сынады.
Турнирді ұйымдастырушы Ерлан Малаевтың айтуынша, бұл доданы өткізудегі басты мақсат — спортты насихаттап, ардагерлер күресіне ерекше мән беру, сондай-ақ, Алматы қаласын шетелдік балуандар бас қосатын мекенге айналдыру.
«Қазір жасы келген балуандар да қарап жатқан жоқ. Күресіп көрген адам үшін кілемнен кете салу қиын нәрсе ғой. Жасым алпысқа жақындаса да, өзім әлі күнге дейін күресемін. Алматы қаласының өзінде мен сияқты күреспен шұғылданатын жүздеген адам бар. Олар үшін кілем тауып, жаттығу қиын емес. Есесіне, халықаралық жарыстарға қатысып, ардагерлер арасында өтетін шетелдегі бәсекелерде бақ сынау өте қиын. Жол шығынын көтеріп, қолдайтын адам жоқ. Сондықтан, біз шетелдік балуандарды елге әкеліп, жарыс өткізуді қолға алдық. Біздің биылғы бәсекемізге сонау Америкадан балуандар келді. Олар жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне риза болып кетті. Келесі жылы қайтадан келуге уәде берді. Сондай-ақ, алдағы уақытта біз Еуропа елдерінен спортшылар шақырамыз», — дейді Малаев.
Алматы төріндегі балуандар бәсекесі түрлі жас деңгейі мен дивизиондар бойынша өткізілді. Жарыста халықаралық дәрежедегі төреші, Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында төрелік еткен Игорь Лигай бас қазы атанды.
Сондай-ақ, турнир барысында төрешілерге арналған семинар өткізілді. Келесі жылы «Ардагер алаңы» турнирі төртінші рет, 9-11 мамыр аралығында ұйымдастырылады.