Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, министрлер мен депутаттар, тіл жанашырлары мен қазақ тілін қолдаушы кәсіпкерлер қатысты. Шара барысында қатысушыларға ақжол тілеген қонақтар тілді дамыту жолындағы жастардың белсендігін ерекше атап өтті. Биылғы білім бәйгесіне еліміздің түкпір-түкпірінен келген 9–11(12)-сынып оқушылары қатысып, 5000-нан астам үміткер арасынан іріктелген 64 команда (192 оқушы) марапатқа ие болды. Оқушылар үш бағытта: пікірсайыс, тілшілер, білімпаздар бойынша білімдерін сынға салды.
Қоғам қайраткері, журналист, дипломат және білім беру саласындағы жоба жетекшісі, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы «Ана тілі» олимпиадасының мақсатына тоқталды.
– Бұл олимпиада – білімді қазақ тілінде алып жатқан балалардың арасында, қазақ тілі мен әдебиет пәніне ерекше ықыласы ауған, болашақ тілшілер, тарихшылар, жалпы еліміздің руханиятына, мәдениетіне еңбек ететін, бойында қабілеті бар балаларды іріктеп, соларға жол ашуға жасалған үлкен жоба. Қазақ тілін меңгеру деңгейін көтеру бағытындағы жұмысымыз тиісті сатыға жетпей, басқа саладағы тіл төңірегіндегі амалдарымыз көп нәтиже беруі екіталай. Сондықтан осы бағыттағы жүзеге асып жатқан шаралардың бірі – еліміздің барлық аймақтарын қамтыған «Ана тілі» олимпиадасы. Жүзден жүйрік шығып, ақтық кезеңге іріктеліп келгеннің өзі болашақта қай салада болмасын жақсы маман болуға үлкен даңғыл жол салған алғашқы қадамдарыңыз, - деді ол.
«Білім-Инновация» Халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Ермаханұлы тұңғыш рет өткен байқаудың маңызы мен ерекшелігін атап өтті.
– «Ана тілі» олимпиадасын ұйымдастыру идеясын Рауан мырза айтқан болатын. Ұйымдастыру кезінде байқауға қоятын талаптарды жан-жақты қарадық. ХХІ ғасырдың табысты тұлғасына айналу мақсатында төрт құзыреттілікті дамыту керек. Міне соларды «Ана тілі» арқылы қалай жүзеге асыруымызға болады деген ой пайда болды. Зияткерлік олимпиаданың негізгі мақсаты – балалардың сыни тұрғыдан ойлау, шығармашылық қабілеттерін шыңдау. Сондай-ақ оқушылар арасында коммуникация мәселесін жақсартуды көздедік. Бірінші рет өткізіліп отырған олимпиаданың маңызы ең басты ерекшелігі – байқаудың жаратылыстану ғылымдарымен байланысы. Оқушыларымыз өмірлік қиын сұрақтардың шешімін тауып, көптің ішінен суырылып осында келіп отыр, – деді Д. Ермаханұлы.
Олимпиаданың бас жүлдесі Түркістан облысынан келген «Достық» командасына бұйырды. Сайыпқыран команданың мүшелері – Рамазан Алпысбай, Кәусар Тұңғышбай және Сымбат Құлман. Олар жеңістің артында ұзақ уақыт бойы дайындалған еңбектің нәтижесі барын айтты.
– Олимпиаданың іріктеу кезеңі өткеннен кейін екі ай бойы дайындалдық. Байқаудың алғашқы іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, қорытынды сатысында да бақ сынадық. Елордаға келіп, осындай марапатқа ие болып отырғанымызға қуанышытымыз. Байқау бірнеше бағыттарға бөлінген, талабы бойынша әр командада үш қатысушыдан болуы керек. Әрқайсысы өздерінің бағыттарына сәйкес жауап береді. Алайда, «тіл білімдері» мен «пікірсайыс» бөлімінде бәріміз бас алмай дайындалып, уақытымыздың көп бөлігін осы бағытқа жұмсадық. Олимпиада «Ана тілі» деп аталғанымен, жаратылыстану бағыты да қамтылған. Жеңімпаздарға таңдалған университеттерден грант бөлінеді делінген. Егер болашақта біз таңдаған мамандық сол оқу орнына сай келсе, білімімізді сонда жалғастырғымыз келеді, – деді топ мүшелері.
Сонымен қатар Британдық Coventry university «Ана тілі» жобасына гранттар ұсынып отырған серіктес оқу ретінде аталды. Coventry university-дің атсалысуы шетелдік білім ордаларының да қазақ тілі мен мәдениетіне қызығушылығының арта түскенінің айғағы іспеттес. Бұл бастама жастарға тек тіл білімімен ғана емес, сонымен қатар халықаралық академиялық ортада да өз орнын ынталандырады. Грант ұсыну тек бір ғана оқу орнымен шектелмейді, оған қоса 11-сыныптың 8 үздік оқушысына еліміздің жетекші жоғары оқу орындары – «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» (5 грант) және «Narxoz» университеті (3 грант) білім гранттарын табыстады. Бұдан бөлек, 5 команда – «Үздіктер», 10 команда – «Озаттар», 16 команда – «Мықтылар», 32 команда – «Белсенділер» аталымы бойынша марапатталды. Жоба алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасын табады.
Ақгүл ҚУАНЫШБАЙ, ЕҰУ-дің 2-курс студенті