Туған жерге адалдық

Туған жерге адалдық
Қазақстан тәуелсіздігінің тарихында есімі ел есінде қалатын тұлғалар бар. Олардың еңбегі ел дамуындағы тағдыршешті кезеңдерде өз ізін қалдырды. Сол тұлғалардың бірі – Равиль Тәжіғараұлы Шырдабаев. Ол – атакәсіпті жалғаған мұнайшы, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, ғалым, публицист, өмірін түгелдей Қазақстанға қызмет етуге арнаған азамат.

2025 жылдың 26 мамырында Равиль Тә­жіғараұлы 85 жасқа толады. Бұл – оның тағдырына, отбасының шежіресіне, қа­зақ­стандық мұнай тарихына және тәуелсіз ел­дің қалыптасу жолына тоқталып өтетін ай­тулы күн. Бұл – жеке өмір мен ұлттық ин­­­дустрия тарихы астасқан ғұмырдың маңызды белестері туралы еске алу сәті.

Бүгінде зейнет демалысында жүрсе де, ме­рейтой иесі қоғамдық және публи­цис­тикалық жұмыспен белсенді айналысуда. Соң­ғы жылдары ол дүниежүзілік және отан­дық мұнай-газ саласы тарихына ар­налған көптеген кітаптар мен мақалалар жа­риялап, олардың біразы әлемдік дең­гей­дегі танымал ғылыми-көпшілік басылым­дар қатарына енді.

Тамырдан тараған қуат

Равиль Шырдабаев ата-баба дәстүрін терең құрметтейді. Ол – бабалар жолын жал­ғастырудың маңызын терең түсінген азамат. Шырдабаевтар әулетінің негізін қалаушы – Шопан-ата. 

XIX ғасырдың басында Шопан-ата үл­кен ауылымен бірге Батыс Қазақстан жерін ме­кендеп көшіп жүрген. Көптеген дала­лық­тар сияқты, ол да мал ауруларын емдеу мен шаруашылық қажеттіліктер үшін «қара майды» (битум) пайдаланған. Бұл зат тұзды жер­лердің маңынан жер бетіне шығып жа­татын. Сол кезде Шопан-ата бұл жер­лер­­де болашақта мұнайлы аймақ пайда бо­­лар­ын, ал өз ұрпақтарының атақты мұ­най­шылар боларын ойлады ма екен?!

XIX ғасырдың екінші жартысында өмір­ге келген Шопан-атаның егіз ұлдары Ал­доңғар мен Шырдабай сол заманның бар­лық қиындығын бастан өткерді. Олар әке дәулетін сақтап қана қоймай, оны есе­лей білді. Еңбекқор әрі парасатты бұл ағайындар ел арасында үлкен құрметке ие болған. 

XIX ғасырдың соңында дүниеге келген олар­дың балалары мұнай табылған жаңа ке­зеңге куә болды. Каспий маңында Қа­ра­­­­­шүңгіл мен Доссор сияқты кен орын­да­ры­ның ашылуы – кеше ғана көшпенді болып жүр­ген ұрпақтың мамандық таңдауына ық­пал етті. Қазақстан даласына индустрия кел­ді, мұнай өндірісі дами бастады, жұ­мыс­шы табы қалыптасты.

Сол шешуші жылдары Шырдабаевтар от­басы Гурьев облысындағы Доссор кен­тін­де өмір сүрді. Дәл осы жерде, 1940 жылы Равиль Тәжіғараұлы дүниеге келді.

 

Балалық шағы мен еңбекке араласқан жастық кезеңі

Доссор кентінде 1911 жылы аты аңызға ай­налған фонтандар атқылап, «қара ал­тын­ды» өнеркәсіптік игеру дәуірі басталған еді. Равильдің әкесі Тәжіғара Шырдабаев пе­н оның бауырлары – Теңізбай, Баймолда, Ты­мақбай және Шашпан Леман кен орын­дары мен ағайынды Нобельдердің кәсіп­ші­ліктерінде жұмыс істеген алғашқы қазақ мұ­найшылары еді. Шырдабаевтар әуле­ті­нің мұнай саласындағы жалпы еңбек өтілі бүгінде 1200 жылдан асады.

Равильдің балалық шағы соғыс жыл­дарына тұспа-тұс келді. 1941 жылы оның әкесі, стратегиялық салада броньға ие бола тұра, майданға өз еркімен аттанды. Тәжі­ғара Шырдабаев бауырларының кемінде біре­уі елді қарумен қорғауға тиіс деп са­на­ды. Ол Берлинге дейін жетіп, соғысты жеңіс­пен аяқтап, аман-есен елге оралды. 

Дәл осы Доссор кентінде, керосин зауы­­ты мен мұнай кәсіпшіліктерінің орта­сында, Равиль еңбекке, өзара көмекке жә­не жауапкершілікке бала күнінен үйрен­ді. Бұл қасиеттер өмір бойы оның серігіне ай­налды.

Он алты жасында Равиль әкесі мен аға­ларының жолын жалғастырып, Доссор зауы­тында жұмысқа орналасты. Алғашқы қыз­меті – слесарьдің шәкірті. Еңбек­қор­лы­ғы мен адалдығы бірден көзге түсті. Ол аға буын шеберлерінің арасында өсті, күн сайын тек жақсы маман ғана емес, нағыз аза­мат болуды да үйренді. Әкесі мен аға­ларының беделі Равильді кәсіби де, адам­гер­шілік тұрғысынан да үнемі үздік болуға же­теледі. Оның үстіне, Равиль – үйдегі тұң­ғыш бала, сондықтан кішілерге әр­дайым үлгі болуға тырысты.

Комсомол және партия жұмысы

Білімге деген ұмтылыс Равиль Шырда­баев­ты Мәскеудегі Губкин атындағы мұнай инс­титутының механика факультетіне алып келді. Мәскеуде өткізген студенттік жыл­дары үздіксіз даму мен ізденіс, достар мен пікірлестерді табу кезеңі болды. Дәл осы жерде Равиль Тәжіғараұлы өмірлік се­рігі Сәуле Мұхамбетияровнамен та­ны­сып, шаңырақ көтерді. Екеуі де Ресейде оқи­тын қазақстандық студенттерді бірік­тір­ген «Жас тұлпар» жастар қозғалысының бел­сенді мүшелері болды. Бұл қозғалысқа сол кезде Мәскеу мемлекеттік уни­вер­си­те­тінде оқып жүрген Мұрат Әуезов жетек­шілік еткен еді.

Белсенді студент бола тұра, Равиль Шыр­дабаев еңбек етуден ешқашан бас тарт­қан жоқ. Әр каникул сайын туған елі Дос­сорға оралып, зауытқа көмектесіп тұр­ды.

Кейін дипломды маман әрі комсомол же­текшісі ретінде ол Маңғыстау түбегіндегі мұ­найшылар қаласы – Жаңаөзенге ат­тан­ды. Бұл жерде бүкілодақтық комсомол құры­лысы басталған болатын. Шырдабаев жай­ ғана ұйымдастырушы емес, жастардың тә­лімгері, көшбасшысы болды. Ол жас ма­мандарға қолайлы жағдай жасап, оларға тек мұнай өндіру мен үй салуға емес, со­ны­мен қатар мінезді шыңдауға, мәдени түр­де дамуға, өмірін түбегейлі өзгертуге кө­мектесті.

Мәселенің түп-төркінін көре білуі жә­не болашақты ойлайтын қабілеті оны сая­сат жолына алып келді. 1977 жылы ол Гу­рьев қалалық партия комитетінің бірінші хат­шысы болып сайланып, бұл қызметте он жыл еңбек етті.

Бұл Гурьевтің көз алдымызда өзгеріп жат­қан кезеңі еді. Жаңа мектептер, ба­ла­бақшалар, зауыттар, тұрғын үй аудандары мен шағын ықшамаудандар салынды. Та­биғи басқарушылық қабілетімен, өзіне жә­не өзгелерге қатаң талап қоя білетін қа­сиетімен, әділеттілікке деген жоғары се­зі­мімен Равиль Шырдабаев қала тұр­ғын­дарының зор құрметіне ие болды.

1980 жылдың ақпанында ол алғаш рет Қа­зақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты бо­лып сайланды. 1985 жылы қайтадан Жо­ғар­ғы Кеңестің жаңа шақырылымына де­пу­тат болып өтті.

Дегенмен өткен ғасырдың сексенінші жыл­дарының соңы тұтас КСРО-да  терең дағ­дарыс байқалған кезең еді. Әсіресе, өңір­лерде әлеуметтік-экономикалық жағ­дай тым ауыр еді. Гурьев республикадағы ең криминогенді қалалардың бірі ретінде танылып, бұл жердің басшылығына тәрбие жұмысына ерекше көңіл бөлуге тура келді.

Равиль Тәжіғараұлы үшін сол жылдары өз бастамасымен құрылған қоғамдық ор­талықтар жүйесі үлкен мақтаныш болды. Бұл тек қылмыспен күрес емес, болашақ ұр­пақты тәрбиелеу жолындағы нақты әре­кет болатын. Шырдабаевтың бұл бастамасы бү­кіл Одаққа үлгі болғанымен, қызға­ныш­тан туған өсек-аяңдар да орын алды. Кей­бі­реулер бұл бастаманы тым батыл деп са­нап, оны мемлекеттік қаражатты мақ­сат­сыз жұмсады деп кінәлады. Ол – арыз-ша­ғымдар заманы еді. Болашағынан зор үміт күттірген қала басшысы жасырын ойын­дарға бармай, абыроймен қызметтен кетіп, өзінің алғашқы кәсіби жолына – мұ­най саласына қайта оралды.

Осылайша, 1980 жылдардың соңында Ра­виль Шырдабаев әлемдегі ең ірі мұнай кен орындарының бірі Теңізді игеру жұ­мыс­тарына басшылық етуге шақырылды. Бұл – Теңіз мұнай-газ алыбын қарқынды иге­ру кезеңі еді: бұрғылау жұмыстары жан­данды, құрылыс трестері құрылып, жолдар мен инфрақұрылымдар салынып, өндіріс­тік және әлеуметтік нысандар бой көтерді. Оның есімі Теңіз кен орнын игеру тарихы­ның бір бөлігіне айналды.

«Ғасыр келісімі»  және әкім

1990 жылдардың басында Қазақстан мұнайының жүрегі саналатын өлкеде жаңа дәуір басталды. Бұл дәуірдің символына айналған – Теңіз. Равиль Тәжіғараұлы тағы да тәжірибе, ұстамдылық, адалдық және мем­лекетшілдік ойлау аса қажет жерде бол­ды. Оған тағы да күрделі әрі жауапты тап­сырма сеніп тапсырылды – Қазақстан мен халықаралық «Шеврон» мұнай кор­по­рациясы арасындағы маңызды келіс­сөз­дерді ұйымдастырып, жүргізу.

Ел басшылығы Равиль Шырдабаевқа жаңадан құрылған «Теңізшевройл» бір­лес­кен кәсіпорнын қазақстандық тараптан бас­қаруды ұсынды. Бұл – жас әрі тәуелсіз рес­публиканың экономикасына жаңа сер­пін берген, елдің болашағын түбегейлі өз­герт­кен жоба болды. Бүгінгі күні де «Теңіз­шевройл» компаниясы Қазақстан­дағы ең ірі салық төлеушілердің бірі болып саналады және бүкіл саланың мақтанышы.

1994 жылы Равиль Тәжіғараұлы Қ­а­зақ­стан Республикасының тәуелсіз тари­хын­да тұңғыш рет құрылған Мұнай және газ өнер­кәсібі министрлігінің алғашқы бас­шы­сы болып тағайындалды.

1990 жылдардың ортасында Равиль Шыр­дабаев Атырау облысының әкімі бо­лып тағайындалды. Бұл – оның өмірі бас­талып, шыңдалған қасиетті өңір еді. 

Равиль Тәжіғараұлы бұрынғыдай кең­седе отырмайтын. Қызметке кіріскен ал­ғаш­қы күннен бастап салтанатты сөздер емес, нақты кездесулер, нысандарға сапар­лар, жедел шешімдер қабылдау арқылы жұ­мыс жүргізді. Бір нәрсе анық болды – стра­тегиялық маңызы бар өңірді дамыту үшін сыртқы инвестиция қажет еді. Әкімге жаһандық энергетикалық корпорациялар мен қарапайым тұрғындардың мүдделерін ұштастыру міндеті тұрды. 

Парсы шығанағы елдеріне, Еуропаға, АҚШ-қа жасаған сапарлары, әлемдік мұ­най-газ компаниялары мен мемлекет бас­шы­ла­ры­ның кездесулері, жүздеген жоғары дең­гей­дегі келіссөздер нәтижесін берді. Ең маңыз­­ды инвестициялық келісімшарттар жа­­салды. Олардың қатарында алып Қара­шы­­ғанақ мұнай-газ конденсаты кен орны мен Каспий қайраңын игеру жобалары да бол­ды. Бұл жобалар елге ондаған миллиард дол­лар көлеміндегі шетелдік инвестиция тар­туға мүмкіндік беріп, жүздеген мың жаңа жұ­мыс орны ашылды. Қазақстан мұ­най са­ла­сы жаңа қуатты серпінмен дами бас­тады.

Тағдыры құрметке лайық тұлға

Равиль Шырдабаевтың тәжірибесі мен бе­делі тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де үлкен құрметке ие болды. 1990 жыл­дар­дың соңында ол дипломатиялық қызметке ша­қырылып, Қазақстанның шетелдегі мүд­десін қорғауға кірісті. Ол Украина мен Молдова Республикасында Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.

Каспий қайраңында ірі мұнай қорлары анықталғаннан кейін бұл өңір үлкен гео­сая­си бәсекенің аренасына айналды. Бұ­рын, КСРО ыдырағанға дейін, Каспий теңі­зін екі ел – Кеңес Одағы мен Иран бө­­­­лі­сетін. Енді оның жағалауын бес мемлекет – Әзер­бай­жан, Иран, Қазақстан, Ресей және Тү­рік­менстан бөлісетін болды. Бұл елдер­дің алдында теңізді халықаралық құқық нор­маларына негізделген, әділетті әрі өр­кениетті жолмен бөлісу міндеті тұрды.

2003 жылдың қазан айында Равиль Шыр­дабаев Қазақстан Республикасы Сырт­қы істер министрлігінің ерекше тап­сыр­малар жөніндегі елшісі және Каспий теңі­зінің құқықтық мәртебесіне қатысты келіс­сөздердегі Қазақстан өкілі болып тағайындалды. Бұл келіссөздер барысында ол өз ұстанымына адал болды: туған елінің мүд­десін адал және табанды қорғау.

Равиль Тәжіғараұлының күш-жігері мен табандылығы нәтижесіз қалған жоқ. 2018 жылдың 12 тамызында Каспий маңын­дағы мемлекеттердің саммитінде теңіз мәртебесі бойынша көпжылдық күр­делі келіссөздер сәтті аяқталып, Каспий теңі­зінің құқықтық мәртебесі туралы Кон­венцияға қол қойылды.

Дипломатиялық қызметтен кейін еліне орал­ған Равиль Шырдабаев ел игі­лігі үшін ең­бегін жалғастырды. Ол Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Парламенті Мәжі­лісінің депу­та­ты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды.

Ол қарапайым халықтың мүддесін қор­ғап, сайлаушыларымен тығыз байланыста жұ­мыс істеді. Елдің болашағына, бала­ла­ры­мыздың ертеңіне тікелей қатысты заң­дар­ға өзгерістер енгізуге белсене атса­лыс­ты. Бірнеше жылдың ішінде ол еліміздің барлық аймағын аралап шықты, ең шалғай ауылдарға барып, отандастарының тілегін тыңдап, әр адамға жеке уақыт бөлуге ты­рыс­ты. Саяси мансабының барлық ке­зеңін­­де Равиль Тәжіғараұлы адал еңбекке, парасаттылыққа және берген уәдеге берік болуға басымдық берді.

Мемлекеттік қызметтен құрметті де­ма­лысқа шыққаннан кейін де ол өмірінің ажы­рамас бөлігіне – ғылымға, сарап­та­ма­лық жұмысқа, өткенді зерделеуге және тә­жірибені кейінгі буынға жеткізуге орал­ды. Мұнай-газ саласын дамыту бойынша ау­қымды жобаларға қатысып, мамандарға кеңес берді, жас басшыларды қолдап, өмір бойы жинақтаған баға жетпес тәжіри­бе­сі­мен бөлісті.

Оның өмірінде «зейнет» деген ұғым жоқ. Бұл – өз ісіне адал қызметтің жаңа фор­­масы ғана.

Оның мұнай саласындағы, қоғамдық жә­не мемлекеттік қызметтегі еңбектерінің нә­тижесі – естеліктер, ғылыми мақалалар жә­не кітаптар.

Равиль Тәжіғараұлының еңбектері – «Мұ­най: кеше, бүгін, ертең» (2009), «Қа­зақ­стан мұнайы. Ғасырлық тарих» (2012), «Кас­пий» (2015) сынды монографиялары отан­дық ғылыми әдебиеттің қорын то­лық­тырып, сала мамандары мен басқару­шы­лардың үстеліндегі маңызды басылымдарға айналды. Бұл еңбектер – ел үшін шешуші мән­ге ие тарихи кезеңдерді, олардың куә­гері әрі тікелей қатысушысы болған адам­ның көзімен жеткізетін тұтас бір дәуірдің көрінісі.

Равиль Шырдабаевтың тағдыры – ел үшін еңбектен тыс қалмайтын, кез келген сәт­те өз орнын таба білетін азаматтың шы­­найы тарихы. Бұл – өз-өзіне және ай­на­ла­сындағыларға әрдайым адал, бел­гісіз жол­дардан қорықпай, әрдайым алғашқы болу­дан тайынбайтын тұлғаның тарихы. 

А.Сұлтан