"AMANAT" партиясы Фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков бүгінгі Мәжіліс отырысында диқандар мен шаруаларды алаңдатқан өзекті мәселелер көбейіп жатқанын сөз етті.
Депутаттың айтуынша, Түркістан облысындағы шаруалар мен тұрғындарды алаңдатқан өзекті мәселелер көбейіп барады.
– Биыл шаруалар бұрын-соңды болмаған қуаңшылықтың қыспағында қалды Жайылымның қурауы, мал азығының тапшылығы, егін алқаптарының күйіп кетуі ел тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын қиындатып отыр. Мәселен, қуаңшылық салдарынан шаруалар дәнді және майлы дақылдардан жоспарланған өнімді ала алмауы мүмкін.
Болжамға сәйкес, бүгінде жалпы егілген 389,3 мың гектар алқаптың 10%-ы жарамсыз күйге түскен. Алдағы уақытта да ауа райының қолайсыздығы күтілуде. Бұл, өз кезегінде, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына кері әсер ететіні анық, – дейді ол.
Оның сөзінше, аудандарда өзен-бөгеттер деңгейінің төмендеуі байқалады. Мал басы да 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай төмендеген.
Бүгінде жергілікті тұрғындар күн сайын тасаттық беріп, жаратушыдан жаңбырдың жаууын сұрап отыр.
– Арыс қаласы мен Сарыағаш, Келес, Шардара, Отырар аудандарының тұрғындары жыл сайын шегіртке мен шіркейден зардап шегіп жатыр. Әсіресе, нәсібін жер анадан терген шаруалар үшін жағдай қиын. Күн санап көгертіп отырған егістігін қорғамаса, қып қызыл шығынға батары анық. Ал, шіркейлер биыл да жергілікті тұрғындарды әбігерге сала бастады. Әсіресе, Отырар ауданына қарасты ауыл тұрғындары зиянкестерден теперіш көруде. Сондықтан жергілікті тұрғындар бет аузын тұмшалап жүруге мәжбүр. Бұл Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесіне келуші туристерге де қолайсыздық тудырып жатыр.
Сондықтан қуаңшылықтан зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай режимін жариялау мүмкіндігін қарастыруды және қуаңшылық зардаптарын еңсеруге бағытталған арнайы өңірлік бағдарлама қабылдап, оның аясында ғылыми негізделген агроэкологиялық шешімдерді жүзеге асыруды. Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы көктемгі дала жұмыстарына берілген несие қаражаттары мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2023 жылдан бері лизингке алынған техникалар бойынша несиелердің қайтару мерзімін 1 жылға шегеру ұсынамын.
Сондай-ақ, Оңтүстіктегі шаруалар «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ тарапынан аудандардағы несие серіктестіктеріне қойылатын талаптарды оңтайландыруға, жауып тастаған несие желісін қайта ашуға ықпал етуіңізді сұрайды. Облыс әкімдігі мен шаруалар бұл мәселені өз деңгейінде шешуге тырысуда, алайда жағдай республикалық деңгейде қолдау көрсетуді қажет етеді. Бұл мәселе – жай ғана бір өңірдің емес, елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін өзекті мәселе екенін атап өткім келеді. Халықтың үніне құлақ асып, нақты әрекеттер қабылданады деп үміттенемін, - деді ол.