Көлікті сақтандыру тарифін 2-3 есе негізсіз өсіріп, 112 000 теңгеге жеткізді – Елнұр Бейсенбаев

Көлікті сақтандыру тарифін 2-3 есе  негізсіз өсіріп, 112 000 теңгеге жеткізді – Елнұр Бейсенбаев
Жол жүру қауіпсіздігі мен жүргізушілердің құқығын қамтамасыз ету – өте маңызды міндет.

Мәжіліс отырысында депутат, «AMANAT» партиясының мүшесі Елнұр Бейсенбаев Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдады. 

Бұл ретте, сақтандыру жүйесінің осы мәселені реттеуде тигізер әсері мол. Алайда Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қабылдаған 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №87 қаулыны жүргізушілердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды жетілдіреді деп айту қиын. 

Бұл құжат елімізде тіркелген 6 миллионға жуық көлік иелеріне тікелей қатысты болса да, олардың пікірі сұралмастан, сала өкілдерінің қатысуынсыз біржақты қабылданған. 

Соның салдарынан аталған қаулы жүргізушілерді сақтандырудың тиімділігін арттырудың орнына, керісінше олардың қалтасына артық салмақ салып, бірқатар нормасы Конституцияға қайшы келіп отыр.

Атап айтсақ, біріншіден, 2025 жылғы 7 сәуірден бастап өңірлер бойынша сақтандыру премиясы негізсіз күрт өсті. Мәселен, 2023 жылмен салыстырғанда алғашқы сақтандыру тарифі өңірлерде екі есе  өсіп, шамамен 78 мың теңгені құраса, ал Астанада бұл баға үш есе өсіп, 112 000 теңгеге жетті. Яғни, жаңадан көлігін тіркеген жүргізуші астаналық азамат енді 36 мың емес, 112 мың теңге төлесе, алматылықтар кемі 78 мың теңге, ал өзге өңір тұрғындары 40 мың теңгеге жуық сомаға сақтандыру полисін сатып алады.  

Екіншіден, қаулыда сақтандыру коэффициенті бойынша азаматтар арасында теңсіздік туындататын нормаға жол берілген.

Мәселен, Қазақстан азаматы алғаш рет сақтандыру жасаса – А класы (1.8 коэффициент), ал шетелдік азаматқа бірден жоғары класс – 13-санат (0.5 коэффициент) қолданылады. Нәтижесінде, еліміздің жас жүргізушісі 80 000 теңге төлесе, ал шетелдік азаматқа бірден 50  пайыз жеңілдік беріледі. Айырмашылығы жер мен көктей! Бұл Ата заңымызда бекітілген «заң алдындағы теңдік» принципін (12-бап) өрескел бұзып отыр. 

Үшіншіден, өңірлік дискриминация тудыру қаупі бар. Қаулының 11-тармағында көлік тіркелген аумақтан тыс жерде болған жол-көлік оқиғасы үшін бонус-малус класы төмендетілетіні жазылған. Бұл азаматтардың республика аумағында еркін жүріп тұруы көзделген конституциялық құқығын (21-бап) шектейді.

Еліміздің унитарлық басқару принциптеріне қарама-қайшы мұндай қисынсыз норманы тиісті мемлекеттік орган қалай қабылдап отыр?! 

Төртіншіден, мотоцикл, скутер және мопед жүргізушілері автокөлік иелерімен бір санатта қарастырылған. Бұл да қисынсыз. Мәселен, 2023 жылы скутер жүргізушісі 7 мың теңге төлесе, 2025 жылғы 7 сәуірден бастап ол шамамен 50 мың теңгеге дейін өсіп отыр. 

Мұндай жағдай жастар мен курьер ретінде жұмыс істейтін табысы төмен азаматтардың қалтасына едәуір салмақ салатыны айтпаса да түсінікті. Енді скутердің бағасымен шамалас сақтандыру тарифін жас азаматтар мүлдем алмау қаупі туындап отыр. 

Депутаттың айтуынша, бұл мәселе бойынша былтыр депутаттық сауал жолдап, жыл басында сақтандыру бойынша Үкіметке заң жобасын да қорытындыға жібердік. Жауапты органдар мұны да ескермеген.  

Сондықтан депутат мынадай ұсыныс айтты: 

1. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №87 қаулысын қайта қарау қажет. 

2. «АМАNАТ» фракциясының депутаттары тарапынан 2024 жылы дайындалған сақтандыру мәселесін реттеуге арналған бастамашыл заң жобасына Үкімет қорытындыны тез арада дайындап беруін сұраймыз. 

3. Бастамашыл заң жобасында нақтыланған сақтандыру тарифін бекіту мәселесін тек заңмен реттеу позициясы бойынша оң қорытынды әзірлеулеріңізді сұраймыз.