Астаналық әйел интернет арқылы шаңсорғыш сатып алам деп алаяқтардың арбауына түсіп қалған, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жәбірленуші TikTok желісінен шаңсорғыштардың арзан бағамен сатылатыны туралы жарнаманы көрген. Өзін сатушы ретінде таныстырған қызбен хабарласқаннан кейін, тараптар төрт шаңсорғышты жеткізумен қоса сатып алуға келіскен. Әйел сатушыға 300 мың теңге ақша аударған, алайда ақша түскеннен кейін сатушы байланысқа шықпаған.
Алаяқтың құрбаны болғанын түсінген әйел дереу полицияға жүгінді. "Anti fraud" жедел-профилактикалық шарасы аясында Алматы ауданының криминалдық полиция қызметкерлері интернет арқылы шаңсорғыш сату сылтауымен ақша алған 19 жастағы азаматшаны анықтады. Күдікті кінәсін мойындады.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.