Лейшманиоз, әсіресе онсыз да күн жылына салысымен шіркеймен алысып, күнделікті тіршіліктерін беттерін тұмшалап істейтін Отырар ауданының тұрғындарына жиі жабысады. Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, былтыр өңірде тері лейшманиозы ауруымен 121 жағдай тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,2 есеге көбейгенін көрсетеді. Ал сырқаттанушылардың 79-ы, яғни 65 пайызы Отырар ауданынан. Қалғаны Шардара ауданы мен Арыс қаласына тиесілі. Қалай қарасақ та барлығы Сыр өңірін жағалай қоныстанған аудан тұрғындарына келген кесел.
Дәрігерге апаруға қорқады
Жуырда «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалында мамандар мен жауапты басқарма басшыларының басқосуымен осы тақырып қызу талқыға түсті. Сонда облыстық мәслихатқа Отырар ауданынан сайланған депутат Мырзахан Манапов ауданда осындай тері ауруы әлекке салса да тіркелмей жүргендері де көп екенін айтып өтті.
«Теріде ойық шұңқыр болып жараға айналатын кесел бесіктегі баладан, еңкейген қарияға дейін адамның кез келген дене мүшесіне шыға береді. Жара жазылған соң да денеде тыртық болып қалып кетеді. Әсіресе, жас қыздардың бетіне шыққан жағдайлар да көп. Жақында бір нәрестенің тура маңдайына осы жара шығып, шұңқыр болып ары қарай тесіліп бара жатқанын көрдім. Бір қарағанда дене түршігетін бұл жағдайды ата-анасы да дәрігерге апарып көрсетуге қорқып отыр. Көксарайда 118 жағдай тіркелгенін естіген ауыл тұрғындары оның мүмкін еместігін, бұл жарамен алысып жүргендердің 500-ден асатынын айтып отырғандар да бар. Бұл дабыл қағатындай жағдайға жетті. Қалай жолын кесеміз, осыны айтыңыздар?» – деді мәслихат депутаты жауаптыларға.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды лейшманиоз дерті отырарлықтарды жылда мазалайтынын жасырмады.
«Әсіресе, аудандағы Көксарай, Аққұм, Маяқұм, Балтакөл елді мекенінде кеңінен тараған.
Бұл ауру жаз айларында маса шағып, күз айларында тері жарасына айналып, инкубациялық кезеңі 3-6 айдан 1 жылға дейінгі аралығында жалғасады. Науқастар 1 жыл бойы диспансерлік бақылауға алынады. Науқасты аудандық тері аурулар дәрігерлері үйді-үйді аралау барысында анықтайды», – деді ол.
Алайда партия филиалы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі кеңестің мүшелері үйме-үй аралап, науқасты табамыз деген сөзге күмән келтірді. Басқарма басшылығы инфекцияның көзі – тышқандар, ал оны таратушылар – шіркейлер екенін атап өтті. Яғни, шіркей мен маса ауру жәндікті шағу арқылы адамға тасымалдайды. Бірақ ауру адамнан адамға жұқпайды. Медицина мамандарының айтуынша, ошақтарды ерте көктемде дератизациялау, дезинсекциялау, ветеринарлы шаралар арқылы кешенді жұмыс арқылы алдын алуға болады.
Мамандардың алдын алуға болатын жайттарды айтып келе жатқанына да бірнеше жыл болды. Бірақ тері ауруының тоқтайтын түрі жоқ. Облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышанов комиссия мүшелерінің жан-жақты талқылауына түскен күрделі мәселені өзіміз-ақ реттеп жатырмыз дегендей кейіп танытты. Оның айтуынша, тері лейшманиозы аурушаңдығы бойынша Шардара, Отырар аудандары және Арыс қаласының 33 елді мекені зоонозды-тері лейшманиоз ауруының табиғи ошақтары болып табылады. Кәсіби маман лейшмания жұқтырған москиттердің адам шағуынан кейін дамитынын, терінің зақымдануымен сипатталатынын, науқас денесінде түйіндер, жаралар және тыртықтар пайда болуымен ерекшеленетінін түсіндіріп берді. Зоонозды тері лейшманиозы инфекциясының көзі – кеміргіштер, негізінен үлкен құмтышқандар екенін атап, инфекцияның инкубациялық кезеңі орташа есеппен 2-4 апта, 1 аптадан 1,5 айға дейін созылатынын айтты. Департамент басшысы қазіргі таңда дезинсекция, дератизация жұмыстары Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан 33 елді мекеннің ішіндегі эпидемиялық критерий негізінде 5 жылдан бері аурушаңдық тіркелген 23 елді мекенде жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Мамандар бригадасын құру керек
Тұрғындардың мазасын алған аса өзекті мәселе жөнінде ұсыныстары мен пікірлерін білдірген комиссия мүшелері ауру жұқтырған адамда терең тыртық іздерін қалдыратын індетпен күресте кешенді алдын алу жұмыстарын белгілеу қажет деп пайымдады. Отырар ауданының бір ғана Көксарай елді мекенінде осы дертпен 118 адам науқастанғанына алаңдаушылығын білдірді. Аурудың табиғи ошақтары саналатын елді мекендерде осы дерттен емдеудің қыр-сырын білетін мамандар бригадасын жасақтау туралы ұсыныстар айтылды. Медицина мамандары бұл ауруды емдеудің бекітілген протоколы қарастырылмағанын айтып, ауру тарайтын ошақтарды залалсыздандыруға баса мән беру керектігіне тоқталды. Эндемиялық аймақ тұрғындарын скринингтен өткізіп, ауру белгілерін ерте анықтауда тест сынамаларын алу керектігі де айтылды. Жиынға қатысушылар ауруды мейлінше жеңіл еңсеруде емдеу протоколын белгілеу, қажетті дәрі-дәрмек сатып алу мәселелері бойынша еліміздің Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыныстар беру маңызды екеніне тоқталып, әр мемлекеттік орган, жергілікті әкімдіктер, өңірдің ғылыми әлеуеті, кәсіби мамандардың өз ұсыныстарын беруі керектігі айтылды.
Кеңес мүшелері сондай-ақ ауру ошағы болып отырған аймақтарда кешенді ғылыми зерттеулер жүргізіліп, ауру таралуының алдын алуда іс-қимыл алгоритмін белгілеу қажет деген байламға келді. Бұл бағытта арнайы жұмыс тобын құрып, ең бірінші кезекте атқарылуы тиіс міндеттер белгіленбек. Зиянкестермен күресте арнайы жасақтар құру бойынша да ұсыныстар берілетін болады. Айта кетейік, осы жиында Отырар ауданы әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев те ұсыныстарын білдіріп, лейшманиоз ауруының таралуына тосқауыл қою, шіркеймен, шегіртке және кене сынды зиянкес жәндіктермен күрес жүргізуде паразитология, энтомология ғылыми бағыттары бойынша кешенді жұмыстар қолға алынуы тиіс екеніне ерекше тоқталды. Ғылымға негізделген профилактикалық жұмыстарға баса мән беру керектігін айтып, бұл бағытта арнайы гранттар қарастырудың маңыздылығын жеткізді.
«Зиянкестермен күресте елді мекендерде арнайы стансалар құру, бригадалар жасақтау қажет, дәл қазіргі жағдайда бұл жұмыстарды ауыл әкімдіктері өздерінің шағын бюджеті есебінен, тазалық жұмыстарын жүргізу шеңберінде атқарып отыр», – деді ол.
Аурудың таралуын тежейтін фактор ретінде, жәндіктердің таралуына тосқауыл қоюда тазалықты сақтау аса маңызды болмақ. Осы орайда, аурудың таралуының алдын алуда тұрғын үйлерді дезинсекциядан өткізу, жаппай тазалық сақтау мәселелері бойынша тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге мәслихат депутаттары да тартылуға тиіс. Ендігі міндет – талқыланған жайттар кабинетте қалып кетпей, ұсыныстардың тиянақты орындалуы болып отыр.
Назгүл НАЗАРБЕК, Түркістан облысы