Жалпы зауыт су көліктерін құрастыруды 1993 жылы бастаған. Содан бері қарай 40-қа жуық кеме құрастырылған.
Ақжайық жұртшылығы жылда асыға күтетін дәстүр бар. Бұл – әскери кемені суға түсіру мерзімі. Бұл күні қалада кішігірім мереке десе де болады. Таяуда «Семей» деп аталатын әскери-жауынгерлік кеме суға түсірілді. Бұл кеме енді ҰҚК Шекара қызметіне жөнелтіледі. Шекарашылар бұл кемемен теңіздегі шекара қауіпсіздігін қорғайды. Кеме ҰҚК тапсырысымен «Айбар» жобасы аясында дайындалып отыр.
Әр құрастырылған кемені дәстүр бойынша Қазақстанның қалаларымен атайды. Бұл жолы кемені Семей қаласының құрметіне «Семей» деп атаған. Кеме мемлекеттік шекараны күзетуге және қорғауға арналған. Осының арқасында заңсыз кеме қатынасына, контрабандалық операцияларға, рұқсатсыз балық аулау, шекараны заңсыз кесіп өту және т.б қауіп-қатерлерге кеме арқылы тосқауыл қойылады деп жоспарланған.
– «Семей» кемесі облыс орталығында орналасқан, тарихы терең «Зенит» зауытында жасалғанын зор мақтанышпен атап өтеміз. 1941 жылы құрылған бұл зауыт еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына еніп, бүгінде отандық қорғаныс өндірісінің алдыңғы қатарлы кәсіпорындарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қорғаныс қабілетінің маңызын үнемі атап өтеді. Президент: «Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету – мемлекетіміздің басты басымдығы», – деп бұл саладағы жұмыстың стратегиялық мәнін айқындап берді. Сонымен қатар «Зенит» зауыты теңіз шекарасын күзетуге арналған «Сұңқар», «Бүркіт», «Барыс» сияқты бірқатар кеме мен қайық жасап шығаруда. Бұл еліміздің әскери-өнеркәсіптік әлеуетінің артып келе жатқанын және отандық өндірістің нақты жетістіктерге жетіп отырғанын көрсетеді, – деді аймақ басшысы Нариман Төреғалиев.
Кеменің ұзындығы – 27,3 метр, ал ені – 6,62 метр. Бұл – 15 адамға арналған кеме. Кеменің ішінің бәрі заманауи құрал-жабдықтармен, қарумен жабдықталған.
Аға лейтенант Жеткерген Айдаров – кеме командирі. Ол 2022 жылы оқуын аяқтағалы шекара қызметінде жұмыс істеп келеді. Қазір ол Маңғыстау өңірінде Каспий теңізіндегі шекара кеңістігін күзетіп жүр.
– Кеме жоғары жылдамдықта жүруге арналған. Бұл – шекара қызметіне арнап құрастырылып отырған 36-су көлігі. Бұл кеменің ерекшелігі – біріншіден, аз адамға арналған, екіншіден, тез жүзеді. Әрі замануи жабдықтармен қамтылған, – дейді кеме командирі Жеткерген Айдаров.
«Зенит» зауытының директоры Қадыржан Мұқанов бұл кемені құрастыруға екі жыл кеткенін айтты. Әрі бұл кеменің ерекшелігі – теңіздегі 10 балдық толқындарға шыдайды екен.
– Біз қазір Әскери-теңіз күштерінің тапсырысы бойынша 750 тонналық кемені дайындап жатырмыз. 2023 жылы құрастыруды бастадық. Суға 2026 жылы жібереміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл өте үлкен, әскери-жауынгерлік кеме болады. Мұндай ірі кемелерді құрастыруға үш жыл уақыт кетеді. Ал мына шағын кемені біз екі жыл құрастырдық, – дейді Зенит зауытының директоры Қадыржан Мұқанов.
Шаған өзеніне түсірілген кеме сәтті қозғалды. Бұл кемені теңіздегі шекара сақшылары қолданатын болады. Олар осы кеме арқылы теңіздегі контрабандамен күреседі және заңсыз шекара кесушілерге тосқауыл қояды.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы