Қалалық Жастар саясаты басқармасының қолдауымен және «Алматы студенттер Альянсы» КҚ ұйымдастыруымен өткен бұл сайыс Ұлы Жеңістің 80 жылдығына, Жұмысшы жастар жылына, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына, Н. Тлендиевтің 100 жылдығына және Ш. Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналды.
Биыл төртінші мәрте өткізіліп отырған іс-шара вокал, хореография, мобилография, аспапта орындау, театр бағыттарын қамтиды. Одан өзге фестиваль аясында қатысушылардың қабілетін шыңдап, тәжірибе алмасу мақсатында шеберлік сабақтары мен арнайы мотивациялық кездесулер ұйымдастырылған. Осы жылы байқауда Алматы қаласының ЖОО және колледждерінен 2 800-ге жуық студент бағын сынады.
– Jas Gala – жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін, Алматы қаласының жалынды жастары жиналатын дода. Биылғы фестивальға қаламыздың 35 жоғары оқу орнынан, оның ішінде техникалық, педагогикалық бағытта білім алушылар, сондай-ақ колледж студенттері қатысты. Бұл – қатысушылардың тек шығармашылығын емес, зияткерлік қабілетін шыңдайтын жоба. Келешекте студенттік көктем фестивалін республикалық ауқымда өткізгіміз келеді, – деді «Алматы студенттер Альянсы» КҚ төрағасы Айболат Сембиев.
«Театр» бағыты бойынша жүлделі 1-орынды иеленген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің «Қағанат» әдеби-шығармашылық одағы фестивальға авторлық қойылымын ұсынды. Кейіпкеріміздің сөзінше, әдеби-шығармашылық одақ өз жұмысын 2024 жылдың қазан айында бастаған. Актерлік құрамның мүшесі Сәулет Нұршапағат гала-концерт аяқталғаннан кейін бізге қойылымның идеясы туралы әңгімелеп берді.
– Бұл фестиваль – еңбек жолымызды бастаған уақыттан бері қалалық деңгейде қатысып отырған алғашқы жобамыз. Фестивальға ұсынған авторлық спектакльді қоюға шамамен екі апта уақытымызды арнадық. Біз қазылар алқасы мен көрерменнің спектакль арқылы берілген символикаларымыз бен идеямызды түсінгеніне қуаныштымыз. Спектакльдің негізгі мәні мен мақсаты – әлемдік індеттердің бетін ашып беру, олардың негізі қайдан шығатынын көрсету. Мәселен, спектакльде Педо және кішкентай Филия есімді кейіпкер бар. Спектакль барысында екі кейіпкер педофилияның кейпін ашады – деді Сәулет Нұршапағат.
Jas Gala – бұл жай ғана қатысушылардың өнерін сарапқа салатын алаң ғана емес, жастардың арманы мен үміті тоғысқан, идея мен шабытқа толы орта. Мыңдаған студенттің басын қосқан жоба алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ, Алматы қаласы