Қоқыс құрсауындағы Бестөбе

Қоқыс құрсауындағы Бестөбе
Степногор іргесіндегі Бестөбе кентінде жұрт жылдар бойы мал қорымы мен қоқыс полигонын реттеуді ергілікті әкімдіктен бастап облыс әкіміне дейін шырылдай жеткізіп келеді. Бірақ биліктің бұл мәселеге назар аударатын түрі көрінбейді.

Өңір прокуратурасы жариялаған соңғы деректерге жүгінсек, Ақмола облысында аса өзекті экологиялық мәселелердің бірі – заңсыз стихиялық қоқыс үйінділері. Жұрт­шылық шашылып-төгілген қоқыс пен оның қолқаны қабатын иісінен әбден қажыған. Өңірде қатты тұрмыстық қал­дықтар төгілетін 130 жер учаскесі рәсімдел­генімен, тек 25-нің  рұқсат етілген құжат­тары болып шықты. Аймақта 617 елді мекен бар екенін ескерсек, заңды қоқыс полигондары небәрі 19,2 пайызындай ғана екенін көрсетеді. Мәселен, «Қазақстан ғарыш сапары» ұлттық компаниясының жүргізген мониторингінің мәліметінше, 2023 жылы аймаққа рұқсат етілмеген 789 қоқыс үйіндісі анықталып, оның 631-і жой­ыл­ған. Тек Көкшетау қаласының өзін­де ғарыштан түсірілген суреттердің арқасында 96 қоқыс үйіндісі анықталып, жүргізілген шаралардың нәтижесінде 79-ы жойылған. Дегенмен әлі де болса ондаған жыл бойы айналасын түгелдей қоқыс бас­қан елді мекендер жетіп артылады. 

Мал қорымы мен қоқыс полигоны мүлде жоқ Бестөбеде бүгінде алты мыңға жуық халық түтін түтетеді. Елді мекен был­тыр­ғы жұттан және су тасқыны сал­дары­нан қырылған мал өлекселерінен аяқ алып жүру мүмкін емес халге жетіпті. Мұнымен қоса, халықтың үйреншікті әдеті­нен ауылдың жан-жағы түгелдей қоқыс басқан. Қазір елдің іргесіне дейін тақалып қалыпты. Мал қорымы болма­ғандықтан, халық өлекселерді далаға тастап кетуге мәжбүр. Мәселе бірнеше жыл бойы айтылып жатса да еш нәтиже шық­паған. Жергілікті тұрғындар аталған мәселенің жыл сайын әкімдердің есептік кездесулерінде, өңірге келген құзырлы мин­истрлік өкілдері мен депутаттардың жеке қабылдаулары кезінде де талай мәрте айтылғанымен, билік құрғақ уәдеден аса алмай жатқанын қынжылыспен жеткізді. 

– Мәселе жылдар бойы халықтың ащы жанайқайына айналғанымен, оны іс жүзінде шешу жергілікті әкімдіктің еш назарына да алынар емес. Мал қорымы бол­мауынан тұрғындар мал өлекселерін заңсыз қоқыс үйінділеріне сүйреп тастайды. Аталған мәселе бойынша өткен айда облыс әкімінің қабылдауында да болдым. Облыс әкімі Бестөбеде мал қорымын сал­ғызуға уәде берген. Алайда күні бүгінге дейін еш әрекет жоқ. Біреулер малды көміп тастауға болады дейді. Бірақ бұл заңнама бойынша өрескел заңбұзушылық болып есептеледі. Әрі аталған әрекет үшін әкімшілік жауапкершілікке әкеліп соғады. Қоқыс полигонының да жоқтығы кенттің айналасын түгелдей қоқысқа ай­нал­дырды. Қазір елдің іргесіне дейін тақалып қалды. Қараусыз мал кенттің ішінде де толып жүреді. Қоқыс контейнер­лерін құлатып, шашып-төгіп кетеді. Кент әкімі малдың қаралмауынан көгал­дан­дыру­ды да жүзеге асыра алмайтынын айт­қан. Экология департаментінің бас­шы­лығына, ветеринарларға барлық құзыр­лы органдарға жеткізгенімізден еш нәтиже жоқ. Енді тек Президентке жазудан басқа амалымыз қалмады, – дейді жер­гілікті қоғам белсендісі, Бестөбе кентінің тұрғыны Николай Катчиев. 

Аталған мәселе бойынша алдымен Бестөбе кенті әкімдігінің пікірін білмекке ұйғардық. Әкімдік мал өлекселерінің қарапайым жабайы мал қорымына таста­ла­тынын айтып уәде етті. 

– Бестөбе кентінің аумағындағы мал­дың өлекселері жабайы мал қорымы био­термиялық шұңқырға тасталатын бола­ды. Онда «Степногор қаласы ве­теринария стансасы» өкілдерімен бірлесіп малдың өлекселері өртеледі. Сонымен қатар қоқыс полигонының айналасына топырақ үйілетін болады, – деді Бестөбе кенті әкімдігі өкілдері.

Түйткілді мәселе жайлы облыс әкімдігі мен құзырлы органдардан да анықтамақ болдық. Облыстық Ветеринария бас­қармасы мал өлекселерінің жергілікті атқарушы органдармен бірге көмілгені туралы ақпарат жолдады. Сонымен қатар мал қорымының жобалық-сметалық құжат­тамасы әзірленгенін жеткізді. 

– Қазір қолымызда жалпы құны 58 270 миллион теңгенің жобалық-сметалық құжаттамасы бар. Бюджеттік өтінім эко­номика және бюджеттік жоспарлау бас­қармасына жолданған. Бестөбе кентіндегі малдың өлекселері бойынша ветеринарлық қызмет жергілікті Бестөбе ауылдық округ әкімдігімен бірлесіп жабайы қарапайым мал қорымына 20 бас ірі қара мал, 10 бас қой-ешкі мен 16 бас жылқының өлекселері жеткізіліп көмілді, – деді Ақмола облыстық Ветеринария басқармасы. 

Аймақта онсыз да экологиялық жағ­дайдың ауырлығын назарға алып, бұл жағ­дайдың экологиялық жағынан қанша­лықты қауіпті болатыны жөнінде Ақмола облыстық Экология департаменті басшы­лығымен тілдестік. Департамент басшысы жағдайдан хабардар екенін айтып, егер алдағы тексеріс кезінде мал өлекселері тазартылмаса, жергілікті атқарушы органға айыппұл салынатынын атап өтті. 

–Бұл мәселеден хабардармыз. Степ­ногор қалалық әкімдігіне, Ветеринарлық басқармаға және жергілікті Бестөбе кенті әкімдігіне ветеринармен бірге жұмыс істелсін деп хат жібердік. Қоқыс полигон­дары мен абаттандыру жұмыстарының барлығы – жергілікті атқарушы орган­дардың атқаратын шаруасы. Экологиялық кодекстің 365-бабы бойынша толықтай құзыреттілік жергілікті атқарушы орган­дарға берілген. Дегенмен біздің экология­лық инспекторға барып тексеріп келуге тапсырма бердім. Абаттандыру жұмыстары қолға алынбаса, жергілікті атқарушы орган­ға айыппұл саламыз, – деді Ақмола облысы Экология департаментінің басшысы Мағзұм Күкімбаев. 

Жыл сайын қордаланған түйткілді мәселенің іс жүзінде түбегейлі шешіле қал­­уы екіталай болып тұр. Өйткені кәдімгі заңды мал қорымы мен арнайы қоқыс поли­гонының болмауынан күні ертең сол бәз-баяғы қалпына келетіні айтпаса да түсі­нікті. Сондықтан түйткілді мәселеге жер­гілікті атқарушы органдар мен құзырлы органдар дереу арада шара қабылдап, мә­селені жедел ретке келтіргені жөн бе дейміз... 

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы