Күрделі модельдерге негізделген жасанды интеллект құралдары бұл үдерістерді едәуір жеңілдетіп отыр. Алайда ғылыми дәлдік пен этикалық жауапкершілік тұрғысынан мұндай көмек қаншалықты сенімді? Бүгінде зерттеушілер бұл технологияға қалай қарайды? Біз осы өзекті сұрақтардың жауабын іздеп көрмек болдық.
Цифрлық көмекші – зерттеушінің оң қолы
Кей деректерге сүйенсек, соңғы жылдары жарияланған ғылыми мақалалардың кемінде 20 пайызы жасанды интеллект көмегімен өңделген. Ал Nature, Science, Elsevier сынды алпауыт баспалар редакциялық саясаттарына ЖИ қолдануға қатысты арнайы нұсқаулықтар енгізіп үлгерді.
Ғылым – үнемі жаңа құрал іздейтін орта. Соңғы онжылдықта генеративті жасанды интеллект зерттеушілерге шығармашылық серіктес, стилист-редактор, тіпті библиографиялық көмекші рөлін атқарып келеді. Әсіресе, тақырып таңдаудан бастап, әдеби шолу жасап, журнал тауып, мәтінді өңдеуге дейінгі процестерде ЖИ-дың тиімділігі барған сайын артып жатыр.
Назарбаев университетінің Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры Шазим Али Мемон – генеративті ЖИ-дың әлеуетін тәжірибеде қолданып жүрген зерттеушілердің бірі. Оның айтуынша, ChatGPT, DeepSeek секілді жүйелердің көмегімен ғалымдар өз жұмысының бағытын анықтап, сәйкес журналдар таба алады.
– Генеративті ЖИ — мәтін, сурет, дыбыс, тіпті синтетикалық деректерді де жасай алатын модельдер. ChatGPT, DeepSeek сынды жүйелер мақаланың мазмұнына сай журналдарды ұсынудан бастап, әдеби шолу жасау, тілдік сапаны арттыру секілді көптеген бағытта көмектесе алады, – дейді ол.
Ғалымның пікірінше, қазір Scopus AI, Scispace, Consensus, Undermind сияқты арнайы құралдар ғылымдағы ізденіс процесін жылдамдатып қана қоймай, оны құрылымдық жағынан да жүйелей түседі. Әсіресе, Scopus AI платформасының мүмкіндіктері ерекше атап өтуге тұрарлық. Онда зерттеу тақырыптары арасындағы байланыс картасы, танымал әрі қалыптасып келе жатқан ғылыми трендтер, мақаланы жазуға көмектесетін әдебиеттерді автоматты түрде жүйелеу мүмкіндігі бар.
– Scopus AI жүйесі арқылы зерттеу бағытын дәл анықтауға, ғылыми қауымдастықпен байланыс орнатуға, жаңа тақырыптармен танысуға болады. Бұл – уақытты үнемдеп қана қоймай, фокус пен ғылыми тереңдікті арттырудың заманауи тәсілі, – дейді профессор.
Журнал таңдау, рецензент ұсыну, мәтін стилін жетілдіру сияқты жұмыстарға арналған Elsevier, Springer, Wiley сияқты ірі баспалардың AI-негізделген платформалары да ғалымдар тарапынан жоғары бағаланып келеді.
Ғылымдағы жаңа дилемма
Жасанды интеллект құралдарының кең таралуы ғылыми қауымдастықты қуантумен қатар, бірқатар маңызды сұрақты да күн тәртібіне шығарды: ЖИ-ға қай деңгейде сенуге болады? Ақпараттық дәлдік пен дереккөзге адалдық қай сәтте бұзылады? Әрі ең бастысы — зерттеуші мен машинаның аражігі қай шекке дейін сақталуға тиіс?
Назарбаев университетінде академиялық мақсаттағы ағылшын тілі пәнінен дәріс беретін оқытушы Алехандро Акуйо-Кеспедестің пайымдауынша, генеративті жасанды зерттеуші тығырыққа тірелген сәтте жаңа бағыт ұсынуға қауқарлы. Бірақ бұл әрқашан сәтті нәтиже береді деген сөз емес. Акуйо-Кеспедес: «AI нәтижесінің сапасы – ең алдымен, зерттеушінің өз сұранысын (prompt) қаншалықты нақты және түсінікті етіп жеткізе алуына байланысты», – дейді. Оның айтуынша, ЖИ-ды тиімді әрі адал пайдалану үшін, алдымен этикалық сауаттылық пен дұрыс бағытталған оқыту қажет. Әсіресе, ғылыми мәтінде AI көмегі пайдаланылса, оны ашық түрде көрсету, яғни декларациялау бүгінгі этикалық норманың біріне айналуы тиіс.
– Соңғы уақытта мен AI мен плагиат тақырыбына қатысты зерттеу жүргіздім. Менің ойымша, ЖИ қолдануға шектеу қою, тіпті мүлдем тыйым салу – ғылыми орта үшін тиімді шешім емес. Біріншіден, бұл технологияларды анықтап беретін құралдардың сенімділігі төмен. Екіншіден, зерттеушілер қолжетімді технологияны бәрібір қолданады. Сондықтан бақылау емес, оқыту маңызды. Яғни, университеттер мен ғылыми мекемелер зерттеушілерді ЖИ-ды этикалық әрі тиімді пайдалануға үйретуі керек. Оның ішінде AI көмегін пайдаланған жағдайда оны ашық көрсету (мысалы, сілтеме, ескерту жасау) сияқты жаңа стандарттарды енгізу аса өзекті, – дейді Алехандро Акуйо-Кеспедес.
Ал Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы Ақерке Асанқызы жас ғалым ретінде ЖИ құралдарын күнделікті жұмысында қолдана отырып, олардың мүмкіндіктерімен қатар, шектеулерін де айқын байқаған.
– ЖИ беретін ақпараттың сапасы мен дәлдігі әрқашан сенімді бола бермейді. Кей кездері нақты дерек таппаған сәтте ол өздігінен «құрастырып» жауап беруге тырысады. Бұл ғылыми адалдық үшін өте қауіпті. Айталық, бірде орыс поэзиясына қатысты зерттеу мақала әзірлеп жатқанда есімде көмескі сақталған өлең мәтінін ЖИ-дан сұрадым. ЖИ оны Александр Блокқа тиесілі деп көрсетті. Алайда кітапханаға барып түпнұсқа деректі тексергенімде, мүлде басқа автор екені анықталды. Мұндай мысалдар жасанды интеллектіні толыққанды дереккөз ретінде қабылдаудың қате екенін дәлелдейді. Сондықтан ЖИ көмегімен жиналған материалды міндетті түрде жеке зерттеу арқылы қайта сүзгіден өткізу керек, – дейді Ақерке Асанқызы.
Технология тың машықты талап етеді
Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылдары ЖИ ғылыми жазудың мынадай аспектілеріне түбегейлі әсер етуі мүмкін. Оның біріншісі – деректер интерпретациясы: ЖИ үлгілері зерттеу нәтижелерін ғана емес, күрделі деректер жиынтығын сараптап, оны оқырманға түсінікті тілде ұсыну қабілетіне ие бола бастайды. Екіншісі – стилистикалық бейімдеу: болашақта ЖИ жүйелері әр журналдың немесе академиялық қауымдастықтың өзіндік жазу стиліне икемделе алатын деңгейге жетеді. Бұл – мақала қабылдану ықтималдығын арттыруға әсер етпек. Үшіншіден, контекстуалды библиографияға да ЖИ-дың ықпалы артады: қазірдің өзінде Scite, Research Rabbit, Connected Papers сияқты құралдар мақалалар арасындағы байланыстарды визуалды түрде көрсете алады. Жақын болашақта ЖИ зерттеушіге дәл мақсатына сай әдебиеттерді ғана емес, солармен логикалық түрде сабақтас идеяларды да ұсынатын болады.
ЖИ-дың болашағына қатысты тағы бір маңызды тренд – академиялық теңдікке ықпал етуі. Ағылшын тілі ана тілі емес зерттеушілер үшін ғылыми мәтін жазу – үлкен кедергі. ЖИ-дың грамматикалық, стилистикалық өңдеу қабілеттері бұл тосқауылды айтарлықтай төмендетіп, мазмұнға емес, тілге негізделетін әділетсіздікпен күресуге мүмкіндік береді. Осылайша, ЖИ – ғылымдағы инклюзивтілік пен қатысу теңдігін қамтамасыз етудің құралы ретінде де қарастырыла бастады.
Дегенмен бұл үдерісте толығымен автоматтандыру мен ЖИ-ға иек артуға болмайтыны анық. Себебі ғылыми мәтін – тек ақпарат беру емес, жеке интуиция, тәжірибе, зерттеушілік стиль, ойлау мәдениеті сынды адами факторларға негізделген күрделі процесс. Болашақта ЖИ-дың мақала жазудағы рөлі күшейгенімен, ол ғылыми еңбектің авторын алмастыра алмайды. ЖИ – қолдаушы, нақтылаушы, жеделдетуші құрал, бірақ идея тудырушы мен жауапты тұлға рөлін ғылым әлі де адамзат өкілінің еншісінде қалдырып отыр.
Бүгінде әлемдік ғылыми қауымдастық ЖИ-мен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру жолында. Көптеген университет prompt engineering, яғни ЖИ-ға нақты әрі тиімді сұраныс беру машығын үйрететін курстар енгізіп жатыр. Бұл – ЖИ-дың болашағын зерттеушілермен тең әріптес ретінде қарастырудың алғашқы баспалдағы.
Қорыта айтқанда, жасанды интеллект ғылыми жазу мәдениетіне тың серпін беріп отыр. Ол зерттеушіні алмастырмайды, бірақ оның серіктесіне айналып, жұмыстың мазмұндық тереңдігі мен тілдік дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. ЖИ-дың басты құндылығы – ақпаратты жылдам ұсынуында емес, ғалымды ұқыпты құрылымдауға, нақты ой айтуға, жүйелі талдауға ынталандыруында. Ал болашақтағы ғылым – дәл осындай сапаларға сүйеніп дамитыны анық. Демек, жасанды интеллект – зерттеушінің бәсекелесі емес, жаңа дәуірдегі серігі.
Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ