Қызылша жыры қайта басталды

Қызылша жыры қайта басталды
Жамбыл облысында былтыр рекордтық көрсеткіште қант қызылшасы өнімі алынды. Алайда өнім мол болғанымен шаруалар оны өткізетін орын таппай, қиналды.

Тараз қант зауыты қызылша қабылдаудан бас тартқаннан кейін диқандар өнімін Меркі қант зауытына тонналап тасыды. Бірақ меркілік зауыттың өнім қабылдауға қуаттылығы жетпей, шаруалар ұзын-сонар кезекте тұруға мәжбүр болды. Диқандардың дабыл қаққанына билік өкілдері үн қатып, зауыт маңынан қант қызылшасын төгетін қосымша орын дайындап берген. Алайда осы шешім көктем шыға қос бүйірден қысып, далада қалып шіріген қызылша орны шыбын-шіркей мекеніне айналып отыр.

Тұрғындардың айтуынша, қап­таған қара шыбыннан бү­гін де олар аяқ алып жүргісіз күй­ге түсіпті. Шыбын-шіркей тыныс жол­дарына кіріп, тіпті демалу мүм­кін болмай бара жатқан көрінеді. Ал ауданның атқамінерлері залал­сыз­дандыру жұмыстарын жүргіз­ге­ні­мен, нәтиже болмауда. Енді ау­дан тұрғындары елді мекенде ауру та­рай ма деп қауіптенуде. Халық­тың сө­зі­не сүйенсек, наурыз айы­нан бастап ауыл балаларының ара­сында ішек инфекция аурулары жиілеп кеткен. Қолқаны қапқан иіс, тіпті аудан ор­­та­лығына дейін жетіп отыр.      

– Меркі қант зауыты маңында мұн­дай күрделі мәселе туындағаны жа­сырын емес. Алайда жергілікті би­лік тарапынан шіріген қызыл­ша­ны басқа аймаққа тасымалдау жұ­мыстары жүргізілуде. Ауылдан ша­мамен 12-13 шақырым жерге шы­ғарылып, шұңқырға көмілуде. Қы­зылша тастаған орын артынша за­лал­сыздандырылуда. Бұдан бө­лек, шыбын-шіркейдің жиналған негізгі көзі болып табылатын Мер­кі қант зауыты маңындағы орын да за­­лал­сыздандырылуда. Бұл жұ­мыс­тар біз­дің басты назарымызда тұр, – дейді Меркі ауданы әкімінің орын­басары Қайрат Арғымбаев. 

Міне, осылайша, билік өкі­лі бар мәселе бақылауда тұр­ғанын айтуда. Алайда Қайрат Ра­хымбайұлы шіріген қанша қант қы­зылшасы шығарылып тасталып жат­қаны туралы ақпарат бермеді. Бұл олардың ішкі құпиясы екен. Жа­райды, нақты сандар айтылмаса да, шіріген қызылшаның көлемі аз емес екенін әркімнің іші біліп отыр.

Негізі, қант қызылшасына қа­тыс­­ты бұл бірінші мәрте туындап отыр­­ған мәселе емес. Бұған дейін ша­руалар Меркі қант зауытына өт­кіз­ген тәтті түбірінің ақысын ала ал­­­­­май шырыл қақса, одан кейін де қар­­жыға қатысты сан қиындықтар ту­­ды. Енді биылғы жағдай қалай бол­мақ?

– Меркі қант зауыты қабылдап ал­ған өнімнің ақшасын әлі берген жоқ. Қашан беретіні де белгісіз. Өзім былтыр 700 гектарға қант қы­зыл­шасын ектім. Алайда алынған өнім­ді өткізе алмай, басқа облыс­тар­ға шапқыладым. Соңы Меркі қант зауыты өнімнің келісін 1 тең­геден алды. Оған қоса, субсидия алу үшін 25 пайызын шегеріп тас­тау туралы шарт қойды. Бір сөзбен айтқанда, өткізген өніміміздің 25 пайызы қоқыс ретінде сызылып кет­­ті. Өнімді өткізе алмайтын­ды­ғы­­мызға көзіміз жеткендіктен, амал жоқ барлық шартқа келісуі­міз­ге тура келді. Содан шығынға бел­шемізден баттық. Биыл 80 гек­тарға ғана қызылша ектім. Себебі біріншіден, ақша жоқ, екінші-

ден, өнім­ді өткізе аламыз деген сенім жоқ, – дейді «Манат» шаруа қожа­лы­ғының төрағасы Саха Манатов.

Жалпы, биыл шаруалардың де­ні қызылша егуге құ­лық­ты емес. Алдыңғы жылы диқан­­дар 11 мыңнан аса гектарға қы­зыл­ша ексе, биылғы межені жергілікті би­лік өкілдері 7 мың деп көрсеткен. Алай­да бұл межені шаруалар ба­ғын­дырмайтыны анық болып тұр. Се­бебі былтырғыдай алаөкпе бо­лып, одан қалса өнімдерін ит-құсқа жем қылуға ниетті емес. 

Ауыл шаруашылығы саласы ма­мандарынан білгеніміз, Меркі қант зауыты маңында шіріген қы­зыл­шаның құнын кәсіпорын төлеп беруге тиіс екен. Алайда өндіріс ор­ны қабылдап алған тәтті түбірдің ақ­шасының өзін төлей алмай отыр­ғанда, далада қалып, шіріген өнім­ге өтем береді дегенге сену қиын. Сон­дықтан қызылша жыры бұ­нымен біт­пей, билік өкілдерінің тағы бас ауруына айналатын секілді. 

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы