Мәулен Әшімбаев қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалардың нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі тың серпін алғанын атап өтті. Сондай-ақ палата Спикері елімізде бейбітшілік пен келісімді нығайту айрықша қоғамдық-саяси маңызға ие екенін айтты. Ассамблеяның жұмысы табан тірейтін «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидаты инклюзивті мемлекеттік саясаттың негізгі мәнін көрсетеді.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзінде Ассамблеяның басты міндеті Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі тәуелсіздігімізді нығайту екенін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы белгілеп берген мақсат-міндеттер қоғамда келісім, сыйластық және ынтымақтастық сияқты құндылықтарды берік орнықтыру жолындағы күн тәртібін айқындайды. Еліміздің жан-жақты дамуын көздейтін осы стратегиялық бағдарды қолдау аса маңызды. Азаматтық қоғамның белсенді қолдауының арқасында және Ассамблеяның барлық институтын, мемлекеттік құрылымдарды, депутаттық корпусты жұмылдыра отырып, біз тұрақты, әділетті, әлеуметтік және инклюзивті Қазақстан қалыптастыра аламыз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы атап өткендей, Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім мен этносаралық қатынастың ұлттық үлгісін көрсеткен маңызды институтқа айналды.
Сонымен қатар палата Спикері қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы заңнамалық қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестірудің және ортақ мүддеге күш жұмылдырудың маңызына тоқталып, бұл «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының негізгі міндеті екенін айтты. Сондай-ақ Сенат Төрағасы аталған топ ҚХА-ны 2030 жылға дейінгі дамыту тұжырымдамасының негізгі басымдықтарын талқылайтын маңызды алаң бола алатынын тілге тиек етті.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезіне дайындық барысына да назар аударды. Ол аталған форум ҚХА сияқты халықтық дипломатия мен диалог және құрмет пен сенім мәдениетін ілгерілетуге қызмет ететінін жеткізді.
Мейір ЖАСЫН