Иә, қырық жыл сынақ алаңына айналған байырғы қазақ даласында ондай нүктелер аз емес. Ол енді басқа әңгіменің тұздығы. Ал бұл кітап автордың кіндік қаны тамған Аққұдық ауылы, сонда тұрып тірлік кешкен қарапайым еңбек адамдары жайлы жазылған. Ауыл болғанда да солақай саясаттың кесірінен тарап кетіп, бүгінде қирандысы ғана қалған – Кенжебектің Аққұдығы...
Бүгінде Қазақстанда қанша ауылдың жойылғаны туралы ешкім дөп басып айтып бере алмайды. Көптеген ауылдар тоз-тоз болып, тұрғындары тіршілік қамымен тарыдай шашырап кетті Тоқсаныншы жылдардың топалаңында басталған бұл кесел бертінге дейін жалғасты. Тіпті, «Болашағы жоқ ауылдар» деген қасаң көзқарас қалыптасты.
Сонымен, Кенжекең достың «Картада жоқ ауыл» деген сиясы кеппеген кітабын жата-жастана оқып шықтым. Жинаққа енген лирикалық-сағынышты хикаяттар әп дегеннен оқырманын өзіне баурап алады. Автордың тебіренісі – терең, еміренісі – ерен. Бірде мұңайтып, енді бірде қуантып отыратын ғажайып бейнелердің галереясын шебер жасай алған. Еріксіз елітетін ой ағысы, сіңірлі шығармаға тән сюжет желісі бар. Сағыныш шіркін жаздың жұпар жаңбырындай бұрқырап тұр. Сонда бұл қайдан келген алапат сағыныш дерсің?! Әр сөйлемі оқыған сайын кеуде тұсыңды шымырлатып, сені де әр-сәрі күйге бөлейтін не құдірет екен? Сіз оның жауабын осы кітаптан ғана таба аласыз.
Тіршілік барда дүниенің жаңаратыны рас. Айлардың аунап, жылдардың жылжуы да – заңдылық. Бәрі өтеді. Қалатыны – сағыныш сазы ғана. Кітапқа енген шығармалардың лирикалық-сағынышты хикаят аталуы содан да шығар. Кіндік қаны тамған туған жерге деген сүйіспеншілік сезім мен сағыныштың нар көтере алар зіл батпан жүгін алып жүруге де үлкен төзім керек-ау. Автордың жусанына кіндігінен байланған алақандай Аққұдыққа деген ұлы сағынышының ұшқыны осындай!
Бір ғажабы, кітап кейіпкерлері маған да етене жақын. Көбінің есім-сойы, адами кескін-келбеті таныс. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының бел ортасында ашқұрсақ студент менің де Аққұдыққа табаным тиген. Онда қоңыр күз болатын. Іргесі сөгілмеген ауылдың берекесі тасып, мейманасы асып жатқан-ды. Тары салып, сүт қатқан шай ішкен елтірі бөрікті адай шалдары мінезге бай еді. Заманында мыңғыртып мал айдаған Тәпен байдың тұяғы Таңбай қарт, 100 жасаған қария, даланың академигі, Социалистік Еңбек Ері Әлшен Төлеповтің азамат ұлы Қожық ақсақал, Сәтмағамбет жарықтықтың жалғызының амандығын тілеп, түркімен асып, сусыған құм, шөл далада тағдыр табыстырған батыр тектес Лекердің Қойшыбайы, шиқылдап күлгенімен есімде қалған Тұманбай ақсақалдың құрдасы Беген – бәр-бәрімен дастарқандас болып ем-ау... Қариялардың сөзі – салмақты, ойы тұшымды еді. Кітапты қолға алған сәттен сол бір жайсаң жандардың жарқын бейнесі көз алдыма келді. Кенжебектің «Жұмақтың есігі» эссесіндегі мына жолдарды оқығанда, ғазиз жандардың рухымен тілдескендей әсер алдым:
«...Көз көргендердің қатары тым сиреп бара жатқандығы мен өзімнің де жер ортасынан асқандығымды ойласам, жаным аласұрады келіп. Неге? Неге сол жампоз жандарды ұмыта алмай келемін? Неге тағдыр мені туған жерден жыраққа жетелеп ала жөнелді? Қолыма қалам ұстатқан не күш? Ес кіргелі алғаш көрген, жаныма жақындау сол аяулылардың ғазиз есімдерін ақ параққа кестелеп, жұдырықтай жүректің төріне жамбастап жатып алған қастерлі құбыла, қасиетті мекен – туған жерге деген мауқымды осылайша баспасам, басқа қолымнан не келеді? Арғы жағалауда қол бұлғап қалған қамсыз балалықтың алтын ұясы – айналайын туған жердің маңдайынан бір сипауға жарасақ, ол да жаныңа жұбаныш екен».
Туған жерді бұдан асырып қалай сүюге болады?! Жүздерін күн қақтап, жел кептірген, арамдықтан ада ауыл адамдарын алғаусыз аңсау ғой бұл! Картадан жоғалса да, жүрегінің төрінен орын алған Аққұдықта кіндік қаны тамған әкелері мен ағаларын ет-жүрегі елжірей сағыну ғой бұл!
Адам баласы өмірге келерде туған жер мен ата-ананы таңдай алмайды екен. Жаратқан Жаббар Иеміз қай жерді бұйыртса, сол топыраққа кіндік қаның тамады. Егерде ғайыптан тайып, Кенжекеңе «Мысыр шәрін» таңдау бұйырып жатса, таңдауы сөзсіз Аққұдыққа түсеріне бәс тігер ем. Кенжекең үшін ғұмырдың мәні осы сияқты.
Жеті жасында ауылдан алғаш ұзап шыққан сәтінен көлеңке секілді қасынан бір елі қалмай келе жатқан сартапты сағынышын Кенжекең осылай басыпты. Айтпақшы, Аққұдықтың іргесіндегі Алып-Анада мердігерлік әдіспен екі отар бағып отырған ағайынды Әбдіхалық пен Артелбайдың қыстағына 1989 жылдың ақпанында КСРО Халық депутаттығына кандидат болып тіркелген Бірінші хатшы Г.Колбин ат басын тіреп, бәрі жақсы болады деп қоштасыпты. 1991 жылдың қарашасында осы ауылдың бейнетқор бір шалы Тұманбай Сәтмағамбетұлы тұңғыш президентке аудан орталығы Миялыда бата беріп, «патша болсаң, әділ бол, қара қылды қақ жарған», – депті. Топырағын басып, дәмін татқан Аққұдық дегенің осындай бір берекелі ауыл еді...
Жуырда Сағыз ауылының Мәдениет үйінде Кенжебек Тұманбайұлының шығармашылығына арналған өңірге белгілі қаламгерлер Әбілхан Төлеуіш, Бауыржан Сисеновтің ұйымдастыруымен «Сағындырған ауылым» атты кеш болып өтіпті. Жан-жақта жүрген Аққұдық ауылының азаматтары қатынасқан кешке Қызылқоға аудандық мәслихатының төрағасы Толқын Бейісқали, аудан әкімінің орынбасары Гүлшара Ізімова, Сағыз ауылдық округінің әкімі Асхат Арыстановтар қатысып, жерлес жазушыға ақжарма тілектерін арнады. «Картада жоқ ауыл» кітабының тұсауын еңбек ардагерлері Байғали Досымбаев пен Зинадин Қатпаұлы кесіп, жерлес жазушыға шығармашылық табыс тіледі.
Мұхарбек Жәкейұлы