Елімізде зейнетақы төлеу тәртібі өзгереді

Елімізде зейнетақы төлеу тәртібі өзгереді
Зейнеткерлік жасқа жеткен, бірақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарын алуға жүгінбеген азаматтар үшін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін автоматты тәртіппен жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Қазақстанда кейбір азаматтар үшін зейнетақы төлемдерінің жаңа тәртібі енгізілмек, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартты жасасу қағидаларын және оның үлгілік нысанын бекіту туралы» Агенттік Басқармасының 2023 жылғы 26 мамырдағы №27 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Агенттік Басқармасы қаулысының жобасын әзірледі.

Жобада ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақымен қамсыздандыру шартының үлгілік нысанына, оның ішінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-тан төлемдер тәртібіне қатысты бөлігінде өзгерістер енгізу ұсынылады.

Атап айтқанда, зейнеткерлік жасқа жеткен, бірақ ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан жинақтарын алу үшін жүгінбеген азаматтар үшін БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін автоматты тәртіппен жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Осы тетікті іске асыру ЕЗЖ бойынша талап етілмеген зейнетақы жинақтарының алдын алып, зейнетақы төлемдерінің барлық түріне бірдей көзқарасты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

- Жоба «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді  тұтынушыларының құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыру шеңберінде әзірленді, - делінген агенттіктің ресми хабарламасында.

Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.