Quartz сайты жариялаған хабарламаға сүйеген Aikyn.kz жасанды интеллектіні араб шөлінде дамыту болашағын талдайды.
Сәрсенбі күні (14 мамыр) таңертең жарияланған Nvidia-ның ресми мәлімдемесінде АҚШ-Сауд Арабиясы форумы жаһандық технологиялардағы үлкен өзгеріс ретінде сипатталады.
Президент Дональд Трамп сейсенбі күні (13 мамыр) Сауд Арабиясының астанасына салтанатты қабылдауға келді. АҚШ президентінің №1 бортын Сауд Арабиясының алты F-15 жойғыш ұшағы қоршап, Эр-Рияд әуежайына зор салтанатпен қондырды.
Жерде өткен бизнес форумда оған америкалық технологиялық компаниялардың өкілдері, оның ішінде Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг, Amazon бас директоры Энди Джасси, OpenAI бас директоры Сэм Альтман және Alphabet бас директоры Рут Порат қосылды.
Алдағы бес жылда Сауд Арабиясы Vision 2030 мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тәуелсіз модельдерді оқыту және орналастыру үшін ЖИ деректер орталықтары желісін құруды жоспарлап отыр.
Жасалған мәміленің нәтижесінде Nvidia акциялары сейсенбіде (13 мамыр) шамамен 6% қымбаттады және сәрсенбіде ашылғанға дейін тағы 3%-ға өсті. Бірақ сыншылар бұндай келісімнің ұзақ мерзімді тәуекелдердің салдарынан орындалуына күмәнмен қарайды.
Bloomberg хабарлағандай, Трамп бұрынғы Байден әкімшілігі енгізген чиптердің экспортына салынған шектеулерді Сауд Арабиясы мен БАӘ сияқты жақын одақтастар үшін алып тастады. Ондай тыйым мен шектеулер Қытай мен Малайзия үшін қатаңдату жоспарланған.
АҚШ саясатындағы бұндай өзгерістер белгісіздіктің жаңа сұрақтарын туындатуда. ЖИ мүмкіндіктерін авторитарлық мемлекеттерге беруде этикалық және стратегиялық тәуекелдердің бар екені америкалық билікті қатты ойландырады. Ақ Үйдің бүгінгі қожайынын сынаушылар бұндай саяси өзгерістерден кейін ЖИ айналасындағы заңдарды, ережелер мен қадағалауды қайта қарау керектігін айтуда.
Қысқасы, бір жағынан, ЖИ-ге байланысты қырғиқабақ соғысы әлсірегенімен, екінші жағынан, жаңасы ашылып жатқан сияқты. АҚШ-тың Сауда департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Джим Секрето Нью-Йорк Таймс газетіне: «ЖИ-ды кім басқарады – бұл біздің заманымыздың геосаяси мәселесі», – деген екен. Бұл сөздерде шындық бар. Ал, әзірше, Трамп әкімшілігі мәселені шектеумен емес, мәміле жасау арқылы шешуге көбірек басымдық бере бастағаны байқалады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.