Сиыр пұл болған заман

Сиыр пұл болған заман
Қазақ елінің арғы-бергі тарихында алғаш рет сиыр етінің пұлы жылқы етінен асып түсті! Сарапшылар бұрын-соңды болмаған осы ерекше құбылыстың бірнеше себебін атады.

Сиыр еті енді тек түске кіре ме?

Жылқы, қой, тауық пен құс еті­не қарағанда, сиыр еті ба­ғасының өсуі былтырдан бері ала­пат қарқын алды. Осыған алаң­дап, дабыл қаққан сарапшылар мен қарапайым қазақстандықтарға жауабы ретінде Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрлігі жыл басында, 24 қаң­тарда: «Елде өндірілетін сиыр еті­нің көлемі халықтың қажет­ті­лік­терін толық қанағаттандырады!» дег­ен табанды мәлімдеме жасады. 

«2024 жылдың қорытындысы бойынша сою салмағында 430 мың тон­на ірі қара мал (ІҚМ) еті өнді­ріл­ді. Бұл 2023 жылдан 7,5% артық. Осы кезеңде 270 мың тонна ет өң­дел­ген. Елде өндірілетін сиыр еті­нің көлемі халықтың қажетті­лік­те­рін толығымен қанағаттандырады!» деп мәлімдеді АШМ. Бірақ бұл мә­­­лімдеме нарықтағы баға сер­пі­нін сол бойы баса алмады. Нарық әрі қарай шарықтады. 

Нәтижесінде, жуырда ми­нистр­­лік 2025 жылдың 30 сәуірінен бас­тап Қазақстан аумағынан ірі қара жә­не ұсақ малды әкетуге шек­теулер енгізілгенін жариялады. Бұл жолы шек­теу барлық елге қатысты. Бұған дейін шектеу тек «үшінші ел­дерге» та­ралатын және оған Еу­разиялық одақ елдері жатқызыл­май­тын. Осы­дан-ақ ахуалдың ушық­қанын аң­ғаруға болады. 

«Қазақстанда бұқашықтар мен тоқ­тыларды экспорттау квотасын бөлу қағидалары күшіне енді. Бұл норма 6 ай мерзім әрекет етеді. 12 ай­дан асқан бұқашықтарды әке­ту­дің сандық лимиті 60 мың бас, оның ішінде бордақылау алаңдары үшін – 40 мың бас, тауар өн­діру­ші­лер үшін – 20 мың бас. 4 айдан ас­қан еркек тоқтыларды әкетудің сан­дық лимиті 120 мың басты құ­рай­ды», – делінген АШМ түсінік­те­­месінде. 

Тиісті шешім Үкіметте Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық эко­номика министрі Серік Жұман­ғарин­нің төрағалығымен өткен Сырт­қы сауда саясаты және халық­аралық экономикалық ұйымдарға қа­тысу мәселелері жөніндегі ве­домствоаралық комиссияның оты­рысында шығарылыпты. Жур­на­лис­тердің қатысуынсыз, жабық өт­кен жиынның хаттамасында ег­жей-тегжейі айтылмайды. Тек «ет өнімдерін өндіруді ұлғайту мақ­сатында аналық мал басын әкетуге тыйым салуды ұзарту және бұқалар мен қошқарларды әкетуге сандық шек­теу қою туралы шешім қабыл­данғаны» жазылды. 

Мұның сыртында, ақпарат құралдарының мәліме­тін­ше, Үкімет елден бұқашықтарды шет­елге экспорттауға мүлдем тыйым салуға дайындалып жатыр. Тиісті ше­шім Сауда және интеграция ми­нистрлігінің бастамасымен ве­домствоаралық комиссияда қа­был­­даныпты. Аталған министрлік рес­публикада сиыр етінің шектен тыс қымбаттауына алаңдаулы. Бұл тыйымға малын экспортқа жо­ғары­лау бағаға сатып, күн көріп, тиы­нын тиынға жалғаған фермер­лер қарсы шықты. 

Қазақтың жеңсік асы қолжетімді болды

АШМ дерегінше, 2024 жылдың қо­рытындысында Қазақстанда жал­пы саны 7,8 млн бас ірі қара мал болды. Ресми статистика бойын­­­ша ел егемендік алған 1990 жылы рес­пуб­ликада ірі қара саны 9 млн 819 мың­нан асыпты. Яғни, өткен он­жыл­дықтарда Зеңгі баба түлігінің са­ны еселеп өспек түгіл, тіпті 2 мил­лионнан астам басқа кеміп кет­кен. Осы кезеңде, 1990 жылдан бері Қазақстан тұрғындарының са­ны 17 миллионнан 20 миллионға дейін көбейді. Нарық заңы бойын­ша тұтынушы өсіп, сұраныс артса, ұсыныс күрт кемісе, тауардың ба­ға­сы қымбаттайды. 

Салыстырсақ, сол 1990 жылы рес­публикада небәрі 1 млн 618,8 мың бас жылқы болыпты. 2025 жыл басында Қамбар ата түлігінің са­ны  4 млн 444,6 мыңнан асты жә­не 35 жыл ішінде 2,7 еседен көп өсті. 

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер па­латасы басқарма төрағасының орын­басары Ербол Есенеев ел тари­хында тұңғыш рет сиыр етінің ба­ғасы жылқы етінен асып түс­ке­нін растады. Мұның құпиясы – қа­рапайым: оны түсіну үшін еттің өзін­дік құнының неден қалып­таса­тынына назар аударса жетеді.  

– Сиыр еті ежелден қазақтың аң­­­сайтын асы болмаған, ұлты­мыз­дың жеңсік асы – жылқы еті. Сиыр еті тек Кеңес Одағында дастар­қа­ны­­мыздағы негізгі ақуыз қайнары­на айналды. Бүгінде қазақ даласы сиыр өсіруге тіпті де қолайлы емес: кеңес заманында, одан беріде Қа­зақстан аумағына ірі қара малдың бру­целлез, цистицеркоз, кеуекті эн­цефалопатия, аусыл, күйдіргі (Сі­бір жарасы) және басқа да қауіп­ті, жұқпалы аурулары әкелін­ді. Халықаралық эпизоотикалық бюро Қазақстанда ІҚМ дерттерінің оша­ғы көп екенін айтады. Сиыр бақ­қанда жайылымды дұрыс таң­дамаса, мал жаю ісін нақты бас­қар­маса, ауру жұқтыру қаупі артады. Сиырға қарағанда жылқы аз ауы­ра­ды, сондықтан тез көбейеді, – деді Е.Есенеев.

Ол сиыр етінің қымбат­тауы­на оның өндірісінің өзін­дік құнының жо­ғарылауы да әсер ет­кенін нық­тады. Себебі кли­мат­тық күйзеліс аясында кем дегенде кейін­гі екі жылда тарихтағы ең жы­лы қыс орнады. Фермерлер жыл­қыларын қыс мезгілінде де жай­лауға жіберді, жануар тебіндеп өзіне азық тапты. Сарапшы қой мен сиырды база мен қорада ұс­тау­ға тура келетінін еске салды. Же­м­а­зық құны жыл сайын көтеріліп ба­рады. Ұсағына қарағанда, ірі қа­ра мал қыс бойы оны көп жейтіні анық. Сиыр етінің серпінді қым­бат­тауының бір себебі осында. 

– Бұған қоса, малдың басқа тү­ріне қарағанда ІҚМ өсіру қол ең­бегін ең көп талап етеді. Сиыр ба­ғатын қожалықтар көбірек жұ­мыс қолын қажетсінеді. Жұ­мыс­шы­лар жалақысы еттің өзіндік құ­нына үлес қосады. Соның сал­дары­нан кереғар жағдай туындады: сиыр етінің көтерме бағасы жылқы етінен де асып түсіп, елдегі ең қым­бат етке айналды. Астанада 1 келі сиыр етінің көтерме бағасы 3 200-3 300 теңге, ал, жылқы еті – 2 500-2 700 теңге тұрады. Бұл – көтерме ба­ға. Сөредегі бөлшек бағасы бұ­рын­ғы әдетпен басқаша болуы ық­тимал. Бірақ 700-800 теңгедей айыр­ма жылқы етін сатушыларға сау­даласқан клиентіне көбірек же­ңілдік жасауға мүмкіндік береді, – деді Ербол Есенеев. 

Ұлттық палата өкілінің пайым­дауынша, жылқы басының 4 мил­лион­нан асуы бизнеске жыл сайын 1,5-2 млн жылқыны союға ба­ғыт­тауға мүмкіндік берді. Азғантай хал­қымыз осындай ауқымда жыл­қы етін тұтына алмайды. Веган-ве­гетариандарын қоспағанда, тал­ғам-таным, наным-сеніміне орай жылқы етін жемейтіні немесе бұл еттің бағасы бәрібір жоғары бол­ған­дықтан, оны қалтасы көтер­мей­тіні тауық етін талғажау ететіні же­терлік. Сондықтан ауыл-аймақ іш­кі нарықты жылқы етімен «аузы-мұрнынан шығара» молықтырды. Артылғаны шетелге, негізінен, Ор­талық Азия мен Ресейге экс­порт­қа жөнелтіледі. Бұдан өзге, Еу­ропа, Жа­пония сияқты алыс шет­елден де қазақстандық жылқы еті­не сұраныс пайда болыпты. 

Сала кесірден арылса, сөре толады

Сарапшылардың тоқтамы тән­ті етеді: егер сиыр еті әрі қарай шет­­сіз-шексіз қымбаттай берсе, оған уайымдаудың қажеті жоқ, хал­қымыз қайтадан ең дәмді, ең сіңім­ді ас – жылқы етіне көшуі ке­­рек. Оны қаламайтындарға құс­тың, қойдың және басқа малдың еті бар. Себебі сиыр етінің қым­бат­тауы – әлемдік тренд. Мысалы, Моң­­ғолияда 2024 жыл соңында со­­ғым бағасы келесідей болған: сиыр еті – 1 келісі үшін 3,6 доллар, жыл­­қы еті – 3,2 доллар, қой мен еш­кі еті – 2,6-2,8 доллар. 

Қарағандылық шаруа қожа­лы­ғы­ның өкілі Берік Байәділов Қа­зақ­стан­да сиыр еті бағасының қым­бат­тауына бірінші кезекте Үкі­мет­тің соң­ғы жылдары ірі қара мал­ға қа­тыс­ты түрлі шектеу мен тыйымды қап­татып енгізуі ықпал еткеніне се­­німді.

– Біз бұрынғы жылдары мал­дың бір бөлігін көрші Өзбекстанға жә­не Ресейге сатып, қомақты та­быс таба­тын­быз. Оларда баға жо­ға­ры­рақ. Со­ның арқасында қалған мал­дың етін ішкі нарыққа, ба­зар­лар мен фер­мерлік дүкендерге ар­зан­­дау құн­мен ұсынатынбыз. Енді бізді шет­елдік нарықтан айырды. Кво­таны негізінен ірі бордақылау алаң­дары алып қояды. Сөйтіп, шет­елдік на­рық­тағы орнымыздан жә­не клиент­тен айырылдық. Са­лық, ком­­му­нал­дық төлемдер, тауар­­лар ба­ғасы, не­сие сыйақысы да өсіп жа­­тыр. Оларды өтеу үшін ішкі на­рық­­қа са­татын өніміміздің бағасын көтеруге мәжбүрміз, – дейді Б.Байәділов. 

Қорыта айтқанда, сиыр еті ба­ғасының өсуіне мал шаруашы­лы­ғы­ның бұл түрінің табыстылық-рен­табелділігінің төмендеуі, шы­ғын­дарының артуы, мал басының қыс­қаруы, ұсыныстың артуы және бас­қа факторлар әсер етті.

Сарапшылардың айтуынша, мал шаруашылығы салаларының ішінде мемлекеттік қолдауда дәл осы ірі қара мал өсіруге басымдық бері­леді екен. Соған қарамастан, сала даму орнына кері кетті. Мы­са­лы, сиыр басын көбейту және ет өн­дірісін арттыру үшін шетелден асылтұқымды ІҚМ сатып алуға ел бюд­жетінен онжылдықта жүздеген мил­лиард қаражат жұмсалды. Олар­дың сайда саны, құмда ізі қал­мады.

– Мал шаруашылығын да­мытудың маңызды бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы жануар­ларының аналық басын селекция­лық асылдандыру. Жоғары ауди­тор­лық палатаның есебіне сүйен­сек, бұл субсидиялардың тиімділігі өте төмен болған. Мәселен, 2022 – 2023 жылдары осы бағытқа 67 мил­­лиард теңге жұмсалған. Бірақ жал­пы мал ішіндегі асылтұқым­дысы­ның үлесі аз болып қалды. Асыл­тұқымды ірі қара мал 13% ға­на. Басты бір міндет – мал ша­руа­­­­шы­лығының өнімділігін арттыру да орындалмады, елге ет жетпейді. Мұның бәрі салмақты бір өзгерісті қажет етеді, – дейді «AMANAT» пар­­тиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров салада проблема барын жасырмады. Ол коопера­тив­тердің дамымауына, қосып жазу­ға, сыбайлас жемқорлыққа жә­не басқасына қатысты да мәсе­ле­лер барына екпін түсірді. 

– Асылтұқымды деп ауылдың ма­лын да қосып жіберіп, субсидия алуға тырысатындар бар. Салада бі­раз қылмыстық іс қозғалды, мойын­­­­­дау керек. Сол себепті суб­си­­дияны сатылған өнім, мысалы комбинатқа өткізілген ет үшін тө­леген, сондай-ақ бордақылау алаң­дарына берген жөн. Сонда жем­қор­­лық тәуекел де төмендейді. Өн­­дірушілер тіпті субсидиясыз-ақ 5% арзандатылған несие алуға ке­лісіп отыр. Бұл үлкен қолдау бо­лады. Мал шаруашылығын дамыт­па­сақ болмайды. Квота, шектеу қойып жүрміз. Бұлайша алысқа ұзаймыз ба? – деді министр. 

Ол бүгінде ІҚМ саны 8-8,5 мил­лион межесінен аса алмай жүр­генін, әйткенмен, сиыр мен бұқа ба­сын 12-15 миллионға дейін жет­кізу міндеті тұрғанын айтты. Бұл да сиыр етін сүйсіне жейтін қазақ­стан­дықтардың және оны өңдейтін кә­сіпорындардың қажеттілігін өтеу­ге жетуге тиіс.

Елдос Сенбай