Лифтіде кішкентай баланы пышақтаған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты

Лифтіде кішкентай баланы пышақтаған жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты
Есі дұрыс емес деп танылған адамға сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдана алады.

Лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің ісі Астана қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

- Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына 14 жасар К.- ге қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулысы бар қылмыстық іс келіп түсті (ҚК 293-бабы 3-бөлігі 2)тармағы). Сот К.-ның II топтағы мүгедек екенін, психоневрологиялық диспансерде есепте тұра отырып, 2025 жылғы 11 ақпанда тұрғын үй кешенінің лифтінде болған кезде кәмелетке толмаған адамға яғни Е.-нің денесіне зақым келтіріп, оның бетіне пышақпен жарақат салғанын анықтады, - делінген сот хабарламасында.

Жасөспірім мәжбүрлеп емдеуге жіберілетін болды.

- Сот психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес жасөспірім созылмалы психикалық аурудың салдарынан, әрекет кезеңінде өзінің іс-қимылының нақты сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін түсінбеген және оларды басқара алмаған, психикалық жағдайы бойынша өзіне және қоғамға қауіп төндірген. Ол мәжбүрлеп емдеуді қажет етеді, - делінген хабарламада. 

ҚК 16-бабының талаптарына сәйкес, қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған уақытта есі дұрыс емес күйде болған адам қылмыстық жауаптылыққа тартылмайды. 

Есі дұрыс емес деп танылған адамға сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдана алады. 

-Сот қаулысына сәйкес, К.-ге Талғар ауданы Ақтас ауылындағы қарқынды бақыланатын мамандандырылған үлгідегі мекемеде стационарлық мәжбүрлеп емдеу тағайындалды, - деді соттан.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.