Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі рекордтық көрсеткішке жетті

Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан экономикасына құйған инвестиция көлемі рекордтық көрсеткішке жетті
Бұл туралы Ақордада Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед Әл Нахаянмен өткен келіссөз барысында айтылды.

Мемлекет басшысы Абу Дабидің Тақ мұрагері Халед бен Мұхаммед Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, оның бұл сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретініне назар аударды.

AMP

Президенттің айтуынша, Әмірліктер – еліміздің ең басты серіктестерінің бірі. Қос мемлекеттің мақсат-мүдделері бір-бірімен сәйкес келеді. 2023 жылы екі ел үкіметтері Стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы бірлескен декларацияға қол қойды.

Кездесуде Біріккен Араб Әмірліктерінің Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвесторлардың ондығына кіретіні жөнінде айтылды. Былтыр БАӘ-ның елімізге құйған инвестиция көлемі екі есеге артып, рекордтық көрсеткішке жетті.

AMP

Мемлекет басшысы аталған сапар аясында құны 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам коммерциялық келісімге қол қойылатынын құптады. Оларды жүзеге асыру елдер арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты айтарлықтай ілгерілетіп, өзара тиімді байланыстарды нығайтуға септігін тигізеді.

Абу Дабидің Тақ мұрагері көрсетілген қонақжайлық үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар табиғаты көркем, халқы жайсаң елімізге ерекше қуанышпен келетінін жеткізді.

Халед бен Мұхаммед Әл Нахаян Қазақстан мен БАӘ арасындағы қарым-қатынас өзара сенім, қолдау және ортақ игілікке бірге ұмтылу қағидаттарына құрылғанын атап өтті. Бұл байланыстар сауда-инвестициялық ықпалдастық шеңберінен шығып, энергетика, көлік салаларынан бастап цифрлық инфрақұрылым мен білім беру ісіне дейін жалғасып жатқан кең ауқымды бағыттарды қамтитынына тоқталды. Тақ мұрагерінің айтуынша, бүгін қол қойылатын келісімдер екі елдің болашақта да бірлесіп жұмыс істеуге бейіл екенін дәлелдейді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.