Аламан айтыс өтті

Аламан айтыс өтті
Елордада «AMANAT» партиясының қолдауымен Астана қаласының әкімдігі «Ерлік – елдік дастаны» тақырыбында республикалық командалық айтыс ұйымдастырды. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған дүбірлі додада Түркістан және Ақтөбе облыстарының командалары кіл мықтыда кім мықтыны анықтады.

Өз кезегінде, аламан айтыстың тіз­гі­нін ұстаған Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракция­сы­ның мүшесі Аман­жол Әлтай бұл байсалды бә­секе төл өне­­­­ріміздің туын биікке көтеріп, келер ұр­паққа аманат ету жолындағы маңызды қа­дам екенін атап өтті. 

«Бұл жобаның басты мақсаты – ұлт­тық ру­ха­ниятымызды ұлықтау, ел бір­лі­гін бекемдеу және жас ұрпаққа өнегелі тә­лім-тәрбие беру. Кешегі ел басына күн ту­ған, жау шапқан сұрапыл замандарда қа­зақ халқы өзінің ықылым заманнан қа­лыптас­қан қаһармандық келбетін жо­ғалтқан жоқ. Сақ пен ғұн дәуіріндегі ба­­баларымыздың өр рухы, Түр­кі за­ма­нын­дағы ер түріктің асқақ мінезі 1941 жыл­­ғы қанды майданда қайта жаңғырып, от пен оқтың арасынан жарқ етіп кө­рін­ді. Ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлы, ерен ер­лік иесі Қасым Қай­сенов, Рейхстаг­қа ту тіккен Рақымжан Қош­қарбаев – қа­зақ­тың қайсар рухын әйгілеген дара тұл­ғалар. Алайда ерлік тек ер-азаматпен шек­тел­мейді: Хиуаз Доспанова, Әлия Мол­дағұлова, Мән­шүк Мәметова сынды ба­тыр қыздарымыз да Ұлы даланың на­мысын қорғап, теңдессіз батыр­лық та­ныт­ты. Бүгінгі ұлттық өнер кеші осы ба­тыр ба­баларымызға, жаужүрек ана­ла­ры­мызға, ел қор­ғаған ерлерімізге ар­нал­мақ», – деді ол.

Осылайша, айтыс, дәстүрлі ән, күй, жыр және тер­ме сынды ұлттық өнеріміз­дің бес саласы қам­тылған игі іс-шараға Ай­тыс ақындары мен жыр­шы-терме­ші­лердің халықаралық одағының бас­қарма тө­рағасы Жүрсін Ерман бастаған, ақын, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, ақын, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, күйші, Қа­зақ ұлттық өнер университетінің про­фессоры Жанғали Жүзбай, Қазақ­­стан­ның Халық әртісі, Құрманғазы атын­дағы Қа­зақ ұлттық консерваториясының про­фессоры Рамазан Стамғазиев, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сый­лы­ғының иегері Қалқаман Сарин, әнші, Жам­был атындағы Қазақ мемле­кет­тік ака­демиялық филармониясының дирек­торы Ақан Әбдуәлі қостаған қазылар ал­қасы өз бағасын берді.

Көзіқарақты көрерменді өресі биік өнер­паз­дары мен талғампаз таланттары таң­ғалдырған ала­ман айтыс нәтижесінде Түркістан облысының ко­мандасы жеңім­­­­паз атанып, ақтық кезеңге жол­да­ма алды. Барша өнерпазға қаржылай сый-сия­пат жасалды.

Елнар ЕЛТАЙ