Ашық ғарыш кеңістігіне шығатын екі әйел-ғарышкер туралы gizmodo.com сайтының хабарламасына сілтеме жасаған Aikyn.kz, олардың миссиясының мәнін түсіндіреді.
NASA-ның екі әйел астронавты – Энн Макклейн мен Николь Айерс Халықаралық ғарыш станциясының (ХҒС) сыртында ашық ғарыш кеңістігіне шығуға дайындалуда. Бұл – тек әйелдер қатысатын сирек кездесетін миссиялардың бірі.
Астронавттар бейсенбі күні (1 мамыр) шығыс уақыты бойынша таңғы 8:00-де (Астана уақытымен кешкі 18:00) ашық ғарышқа шығады. Олар шамамен алты сағат 35 минут ғарыш кеңістігінде жұмыс істейді. Ашық ғарышқа шығу NASA+ платформасы мен америкалық агенттіктің YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Тікелей эфирге мына сілтеме бойынша қосылуға болады:
Бүгінге дейін тек әйелдер қатысқан ашық ғарышқа шығу миссиялары бес рет болған. Алғаш рет мұндай тарихи миссия 2019 жылы 18 қазанда өткен. Оған NASA астронавтары Кристина Кох пен Джессика Меир қатысқан. Бұл оқиға әйелдердің ғарыш саласындағы рөлін айқындап, тарихи оқиғаға айналған.
Биыл NASA астронавты Суни Уильямс ашық ғарышта болу бойынша әйелдер арасындағы рекордты жаңартты. Оның жалпы ашық ғарыштағы уақыты 62 сағат 6 минутқа жетті.
Ал бүгінгі ашық ғарышқа шығу Николь Айерс үшін алғашқы рет болса, Энн Макклейн осындай миссияға үшінші рет қатысуда. Бұл операция тек техникалық маңызымен ғана емес, әйелдердің ғарыштағы белсенді рөлімен де ерекшеленеді.
Осындай ғарыштық миссияларға қазақ қыздарының да қатысуын тілейміз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.