Арасын елдің жалғаған, арудан артық бар ма адам?!

Арасын елдің жалғаған, арудан артық бар ма адам?!
Ел мен елдің арасын қыз қосады. Өзге елден шекара асып кеп, қазақ отбасына келін болып жатқан қыздар туралы да осыны айтуға болады.

Олар аз уақыттың ішінде қазақы дәстүрге бой үйретіп, отбасына судай сіңіп, тастай батуда. Отбасы дейтін шағын мемлекетте екі түрлі ұлттың ұйысып, тату-тәтті өмір сүруі – тұтас халықтың ынтымағы. Оған қазақтың қара шаңырағында басынан орамалын тастамай тағып жүрген тайландтық, филиппиндік кейіпкер келіндеріміз дәлел.

Тайландтық Ихва есімді ару – Маңғыс­таудың келіні. Ол жары Мираспен ағылшын тілі курсын оқып жүрген кезде танысқан екен.Салт-дәстүрі мен ұлттық болмысы бөлек Тай елінен келсе де, бүгінде қазақ отбасына әбден сіңіп, нағыз келіндік өмірге төселген. Ең қызығы, тайландтық ару қазақ отбасының тұрмысына бейімделуі үшін есімін де қазақшаға өзгерткен екен. Інжу есімін алған жас келін жаңа отбасына оңай сіңгенін айтып берді.

– Отбасым мені өте жылы қарсы алды. Енемнен бүгінге дейін қаншама ұлттық тағамдарды пісіруді үйреніп алдым. Тайландта басым көпшілігі күріш пен ащы тағамдарды жейді. Ал мұнда қазақтың ұлттық тағамдарын көріп таңғалдым. Мұндай тағамдар негізінен біздің елімізде дайындалмайды. Қазақстан мен Тайланд елдерінің айырмашылығы – осын­да. Адамдары, ауа райы, ұлттық киімдері мен салт-дәстүрінде де өзгешелік байқалады. Ерекшелігіне қызығып, оның бәрін тез меңгеріп алдым. Отбасымның мейірімділігі, үнемі қолдау көрсететіні – қазақ халқына деген сүйіспеншілігімді арттырып жатыр, – дейді ол.

AMP

Ол күнделікті дайындалатын ас мәзірінен бастап, қазақ тілін дұрыс пайдалануға дейін меңгеріп алған. «Ене – келінге сыншы» деген сөз бар, Ихваның да енесі келініне білгенін үйретіп, қолынан келгенше салт-дәстүрді ұқтырып жүргенін айтты. 

– Балам оқуын Алматыдан бітіріп келді. Әлеуметтік желі арқылы танысыпты. Ағылшын тілінің онлайн курсында танысқан. Ағылшын тілінің курсына стюард болғысы келіп қатысқан ғой. Қарсы болған жоқпын, бірақ түсініксіз күйде болдым. «Барып көріп келемін, ұнатсам алып келемін» деді. Ақыры көніп, 10 күнге Тайландтың Бангкок қаласына жібердік. Содан үйленем деп шешім қабылдап келді. Келінімнің жүзі жылы, айтқанымды тез ұғады. Тіпті, түсіндіре алмай жатқаныңды қағып алады. Басында естігенде қарсы болып едік, бірақ бұл баланың тағдыры ғой. Тағын жасап берсек те, бағын жасап бере алмаймыз, – дейді Ихваның енесі Гүлсім.

Жақында Мирас пен Ихваның шаңырағында Алан есімді сәби дүниеге келіп, отбасының қуанышы еселенді. Жас ана баласына қазақы тәрбие беруді өмірлік мұратына айналдырған екен. Өзі де қазақ тілін үйренуге бар ынта-ықыласымен кірісіп, әр күнін жаңа бір сабаққа балап жүр.

Ал келесі кейіпкеріміз – филиппиндік Лиана Залдуа. Қазір көпшілік Лиананы әлеу­меттік желі арқылы жақсы таниды. Өйткені оның күнделікті тұрмыстағы келін образы мен қазақтың ұлттық салт-дәстүрін түсінуге ба­рынша тырысып баққаны әлеуметтік желі қолданушыларының көңілінен шығып жатыр. Лиананың айтуынша, келін болып келуден бұрын да жасалатын біраз әдет-ғұрыптар өз елінде болмаса да, қазақтың жөн-жоралғылары бойынша тұрмыс құрған.

– Ата-анам менің Қазақстанға кетуіме қарсы болды. Олай болуы да заңдылық еді. Ал қазір менің ең қуанатыным – екі ұлттан да отбасым бар. Меніңше, бір елде тұрып жатқан халықтардың достығы дегенде екі ұлттан құралған отбасын да атап өту керек. Неге дейсіз ғой? Маған филиппиндердің мәдениеті әбден таныс, бойыма сіңген. Ал қазақ мәдениетін келін болып келген күнімнен түсініп жатырмын. Кейде отбасыма өз халқымның ұлттық тағамдарын дайындап беремін. Бұл бір қазақ отбасының өзге мемлекеттің мәдениетінен толық хабардар болуына ықпал етеді деп ойлаймын. Осындай әрекеттер халықтар достығын арттырады емес пе? – деді Лиана келін.

Жолдасы Нұрдәулет Амангелді екеуінің таныстығы Мальдив аралдарында басталған. Жас келін елге келе салысымен қазақтың салт-дәстүріне бой үйретуге кіріскен. Дәстүрлі беташар рәсімі де өткен. Алғашында Лиана «көпшіліктің алдында салтты бұзып алмаймын ба?» деп қобалжығанын жасырмады. Одан бөлек, ұлтаралық некеге байланысты түрлі пікір­лер де туындаған.

–  Әркімнің өз таңдауы бар. Маған бұйыр­ғаны осы екен. Лия – менің ең жақыныма ай­­налды, – деді ол. 

Қазір жас жұбайлар Алматы қаласында тұрады. Нұрдәулет туристік агенттікте жұмыс істейді. Таңертең Лия оған көмектессе, түстен кейін үй шаруасына кіріседі. Филиппиндік келін Қазақстанға келгеннен бері қауіпсіз елде тұрып жатқанын тілге тиек етті. Дегенмен алғашқыда кейбір адамдардың өзіне ерекше көзқараспен қарағанын да айтып есіне алды.

– Адамдар маған тесіле қарайтын. Соған қарағанда шетелдік келінге көздері үйренбеген болуы керек. Бірақ бұл – уақытша дүние. Бастысы, отбасым мені жылы қабылдады, – дейді ол.

Лия мен Нұрдәулет үшін ұлт, тіл, мәдениет айырмашылығы басты кедергі болмаған. Ең маңыздысы – бір-біріне деген құрмет, ортақ мақсаттар және шынайы сезім.

– Махаббат ұлтқа қарамайды. Тіл басты құрал емес. Бір-біріңді жүрекпен түсіне білу – маңызды, – дейді Нұрдәулет.

Қазақстандық отбасы Филиппиннен келген құдаларын жыл сайын жылы шыраймен қарсы алып, өздері де жиі Филлиппинге табан тіреп тұрады екен. Бүгінде әлеуметтік желі қолданушылары Лияны «нағыз қазақ келіні» деп атап, жылы лебіздерін аямай білдіріп жатыр.

Осылайша, өзге ұлттың қызы қазаққа ке­лін болып екі халықты біріктіретін көпірге ай­налды. Олар өздерінің ұлттық болмысын сақтай отырып, қазақ халқының тұтастығын құрметтеп, сол арқылы татулық пен бірлікті нығайтады. Қазақтың кең пейілі, қала берді қонақжайлығы шеттен келген келіндерге есігін айқара ашып, шекара мен дәстүр арасындағы айырмашылықтарды жеңіп, нағыз отбасы болудың маңызын ұғындырады.

Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ