Ақмола облысында ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға арналған пәтерде екі жыл бойы мемлекеттік қызметкер тұрып келген болып шықты. Өрескел заңсыздықты облыстық прокуратура анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ведомствоның мәліметінше, жергілікті атқарушы орган арқылы тұрғын үй заңнамасы бұзылып, бірінші кезекте тұрғын үй алуға құқылы жетім балалардың құқығы аяққа тапталған.
– Қолданыстағы заңнамаға сәйкес аталған санаттағы балалар бірінші кезекте тұрғын үй алуға құқылы. Алайда жергілікті атқарушы органдармен балалардың мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу мүмкіндігі бұзылған, – дейді Ақмола облыстық прокуратурасынан.
Ведомствоның дерегінше, тізімнен 33 бала заңсыз түрде алынып тасталып, тағы сегізі кезекке уақытында қойылмаған. Бір балаға тіпті тұрғын үй ұсынудан бас тартылған.
Заңсыздықтардың кейбірі тіпті шектен шыққан. Мәселен, өңірдің аудан орталықтарының бірінде жетім балаға арналған пәтерде мемлекеттік мекеме басшысы екі жыл бойы тұрып келген болып шықты.
– Қадағалау актісі бойынша пәтер қайтарылып, балаға табыс етілді. Қазіргі уақытта басқа балалардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдануда, – деп толықтырды Ақмола облыстық прокуратурасынан.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы