Орталық Азияны біріктірген форум

Орталық Азияны біріктірген форум
Кеше Астанада II Орталық Азия медиа форумы басталды. Оған 30-дан астам арнайы спикер қатысып жатыр.

Олардың арасында әлемдік медианың белді өкілдері, Пулитцер сыйлығының иегерлері, халықаралық және жергілікті БАҚ өкілдері, инфлюенсерлер бар. Жиында Орталық Азия жур­на­лис­теріне арналған қандай мәселелер талқыланды? 

Шолпан-Ата қаласында өт­кен Орталық Азия мемле­кет­тері басшыларының Консуль­та­тив­тік кездесуінде Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаев Ор­та­лық Азия халықтарының бай тарихи жә­не мәдени мұрасын танымал ету  бір­лескен жұмыстың маңызды век­торы екенін атап өткен еді.

Осы бастама аясында Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп шығарған «Қор­қыт ата» тарихи телесериалын, Қыр­ғызстанмен бірлескен «Қос қа­нат» телекөпірін, Қазақстан мен Өз­­­­бек­стан арасындағы мәдени-гу­ма­нитарлық ынтымақтастықты кеңей­туге бағытталған «Заковат» зият­керлік ойынын атап өтуге бола­ды.

−  Мұндай тәжірибені өңірдің ор­тақ тарихи тұлғаларына, мәдени мұ­ра­сына, туристік мүмкіндіктері мен заманауи жетістіктеріне ар­нал­ған жаңа бірлескен медиажобалар жа­сау арқылы кеңейте түскен жөн деп санаймын. Біздің арналар қазір­дің өзінде Қырғызстанда, Өзбек­стан­да, Әзербайжанда және Тәжікстанда хабар таратады. Олармен арналардың паритеттік қатысу тізімін кеңейту бойын­ша жұмыс істеп жатырмыз, − деді Мәдениет және ақпарат ми­нист­рі Аида Балаева форумның ашылу салтанатында. 

Өңірде мәдени-гуманитарлық байланыстар да жоспарлы түр­де нығайып келеді. Жыл сайын Қа­зақстанда Қырғызстанның, Өз­бек­станның, Тәжікстанның және Тү­рік­менстанның мәдени күндері зор табыспен өткізіліп жүр. Дәл осы­лай Қазақстанның да мәдени күндері атал­ған елдерде өткізіліп келеді. Со­ның аясында бірлескен концерттер, кино күндері, жастар форумдары сияқ­ты бірқатар ауқымды іс-шара өтеді.

− Дүниежүзілік көшпенділер ойын­­дары Орталық Азия елдері үшін ор­­тақ мәдени-тарихи мұраны бей­не­лейтін біріктіруші оқиғаға ай­нал­ды. Былтыр қыркүйек айында Аста­на­дағы 5-ші көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2 800 қатысушы және 700-ден астам журналист келді. Дүниежүзілік ойындардың ашылу рәсімі мен басқа да спорттық жарыс­тар­ды Түркия, Ресей, Әзербайжан, Моң­ғолия, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан елдері жоғары сапада таратты. Бұл шара спорттық жарыс аясынан асып, бүкіл өңірден жүздеген мың көрермен мен туристің басын қосқан көшпелі мәдениеттің тамаша мерекесіне ұласты, − деді министр.

Айта кетейік, жиынға Қазақстан, Өз­бекстан, Қырғызстан, Әзер­бай­жан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ұлы-б­­­ритания, Қытай, Қатар, Ресей және басқа да елдерден 700-ден астам де­ле­гат қатысып жатыр. Форум аясын­да Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әзербайжан Респуб­ли­касының Медиа дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмай­ловпен кездесу өткізді.

Келіссөз барысында тараптар ха­лықтар арасындағы ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруда мәдениет, білім беру мен медианың маңызды рө­лін атады. Әсіресе, тең дәрежелі ақ­парат тарату мәселесіне ерекше на­зар аударылды. Қазір Мәдениет жә­не ақпарат министрлігі Әзер­бай­жан­­ның «CBC TV» телеарнасын елі­­міздің аумағында тіркеу мүмкін­дігін қарастырып жатыр.

AMP

Одан бөлек Аида Балаева CNN-нің Орталық Азия және Аф­ри­ка бойынша өкілі Сайед Имран Ах­мадпен кездесті. Тараптар теле­жур­налистика мен медиа саласын да­мытуға бағытталған екіжақты ын­ты­мақтастықты кеңейту жоспарлары мен перспективаларын талқылады.

Сондай-ақ ақпараттық ынты­мақ­тастықты одан әрі нығайту және ме­диа саласындағы өзара байла­ныс­ты дамыту мақсатында бірқатар жоба тал­қыланып, жоспарланды. Олардың қатарында – Орталық Азия журна­лис­тика академиясын құру, креативті ин­дустрияны дамыту, өңірлік жур­на­листика сыйлығын тағайындау, жаңа тележобаларды іске асыру және өңір елдерінің контентін халықаралық ме­диаплатформаларда кеңінен та­ныту мәселелері бар. Форумның түс­­тен кейінгі бөлімінде болашақ ақ­параттық кеңістікті қалыптастыру, жасанды интеллект пен көп деректер дәуіріндегі медиа саласының цифр­лық трансформациясы, елдің имид­жін қалыптастырудағы әлеуметтік же­лілердің рөлі және басқа да мәсе­лелер қарастырылады. Форум 17 сәуір күні де жалғасады. Екінші күні республикалық және Орталық Азия медиа өкілдері студенттерге шеберлік сабақтарын өткізеді. Спикерлер қа­тарында – Ұлыбритания, АҚШ және Ресейден келген танымал сарап­шылар бар.

Көктем ҚАРҚЫН