Әлемдегі барлық компьютер бірігіп шеше алмайтын есепті алақанға сыятын құрылғы шешеді

Әлемдегі барлық компьютер бірігіп шеше алмайтын есепті алақанға сыятын құрылғы шешеді
Кванттық чип жасау үшін Microsoft 20 жыл бойы зерттеу жүргізді. Нәтижесінде, кванттық есептеу чипін жасады. Ол не үшін керек?

Quartz сайтындағы қысқа хабарламаға сүйенген Aikyn.kz кванттық технологияның кереметін түсіндіреді.

AMPКванттық компьютерлер миллион кубитке жеткенде, олар дәстүрлі компьютерлер орындай алмайтын есептеулерді жүргізеді. Иллюстрация darkreading.com сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock / Marko Aliaksandr

Кванттық есептеулердегі жаңа серпіліс

Кванттық компьютерлер әдетте кванттық биттерді (кубиттерді) пайдаланады. Олар электрондар, фотондар немесе басқа субатомдық бөлшектер болуы мүмкін. Кубиттер біз қолданатын компьютердегі 0 мен 1 мәндерін ғана емес, екеуі де бір уақытта болатын суперпозиция күйінде жұмыс істейді. Алайда, кубиттер көп болған сайын есептеулердегі қателер саны да өсе береді.

Microsoft осы қателерді азайтудың шешімі ретінде топо-өткізгіштерді ұсынды. Тұрмыстағы таныс қатты денелер, сұйықтықтар және газдардан айырмашылығы, бұл жаңа материя күйінде электрондар жұптасып, кедергісі жоқ ортада ағады, әрі ерекше математикалық қасиеттер арқылы тұрақтылығы өте жоғары болады.

Microsoft-тың айтуынша, осы жаңа материя күйінің арқасында кванттық жүйелер миллиондаған кубитке дейін ұлғая алады. Компания әлемдегі алғашқы топологиялық кубитті жасап шығарды және оның сегіз данасын Majorana 1 чипіне орналастырған. Кванттық компьютерлер миллион кубитке жеткенде, олар дәстүрлі компьютерлер орындай алмайтын әлдеқайда күрделі есептеулерді жүргізе алады.

AMPMicrosoft-тың чипі туралы жаңалықтан кейін кванттық есептеу саласындағы акциялар бірден көтерілді. Фото nbcmontana.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP Photo / Richard Drew

Нарықтың реакциясы

Бұл жаңалық жарияланғаннан кейін кванттық есептеу саласындағы акциялар бірден көтерілді: D-Wave Quantum акциялары 8%-ға; Quantum Computing 7,8%; Rigetti Computing 5%-ға өсті.

Алайда, жыл басында Nvidia бас директоры Дженсен Хуанг пен Meta компаниясының басшысы Марк Цукерберг кванттық технологиялардың жақын арада тиімді болатынына күмән келтірген кезде кванттық компаниялардың акциялары күрт төмендеген болатын. Бұл туралы Aikyn.kz «Nvidia кванттық есептеулермен айналысатын компаниялардың акцияларын құлатты» атты материалында жазды.

Хуангтың пікірінше, «шынайы кванттық компьютерлерді жасауға 15 жыл тым ерте, ал 30 жыл тым кеш. Бірақ 20 жыл ішінде бұл шындыққа айналуы мүмкін». Соған қарамастан, Nvidia наурыз айында өздерінің алғашқы «Quantum Day» шарасын өткізетінін және кванттық есептеулердің жаңа жетістіктерін таныстыратынын мәлімдеді.

Қазір миллиардтаған долларды қажет ететін зертханалық сынақтарды кванттық компьютер әлдеқайда арзан, жылдам, тиімді жүргізеді. Фото wired.com сайтынан алынды

Біздің ойымызша, адамзат тарихын өзгертетін мына 3 технология болады: жасанды интеллект, кванттық компьютер және термоядролық энергия. Бұл үш технологиямен қазір әлемдік алпауыт компаниялар да, геосаяси салмағы зор мемлекеттер де жарыса айналысуда.

Қазақ елінің саяси билігінің де болашақ жағдайларға болжамдары бар деп ойлаймыз. Сондықтан ғылым мен білім салалары, еліміздің тұтас экономикалық әлеуеті осы бағытқа бұрыла бастағаны дұрыс болады деп санаймыз. Aikyn.kz жариялаған 3 технология бойынша материалдарды мына сілтемелермен өтіп, оқи аласыз: 

Қуат алудың қайнар көзі

Америкалықтар термоядролық станса жасап, шексіз энергияға қол жеткізбек

Квант бәрін өзгертеді, адам өміріне төңкеріс жасайды

Кванттық компьютердің көмегімен шифрлауды бұзу жолы табылды

Жасанды интеллект болаттай берік, көбіктей жеңіл ғажап материал ойлап тапты

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.