Наурыз мейрамы қарсаңында «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік байланыстарды кеңейту мақсатында «Керуен Экспресс» және Jibek Joly пойыздарын іске қосады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жолаушылар қос елдің бай мәдени мұрасын тамашалап, Наурыз мейрамын Қазақстан мен Өзбекстанда қалай тойланатынын көріп, ұлттық дәстүрлердің ерекше үйлесімін сезіне алады.
«Керуен Экспресс» туристік пойызы Алматыдан шығып, «Алматы-Түркістан-Ташкент-Самарқан-Тараз-Алматы» бағыты бойынша жүреді. Саяхат ұзақтығы 7 күн – 2025 жылғы 21-27 наурыз аралығында.
Jibek Joly пойызы да Алматыдан жолға шығып,«Алматы-Түркістан-Ташкент-Самарқан-Алматы» бағытымен қатынайды. Бұл тур 6 күнге созылады – 2025 жылғы 20-25 наурыз аралығында өтеді.
Туристік пойыздар заманауи қазақстандық өндірістен шыққан жаңа вагондардан құралған, олардың іші ұлттық ою-өрнектермен безендірілген. «Керуен Экспресс» пойызында 5 вагон бар: 4 купе және 1 мейрамхана вагоны. Jibek Joly пойызы 7 вагоннан тұрады, оның ішінде 6 купе және 1 мейрамхана вагоны бар.
Түркістанда туристер киелі орындар мен тарихи сәулет өнерінің жауһарларымен танысады. Олардың ішінде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесі және Ұлы Жібек жолы дәуірінің ерекше атмосферасын қайта жаңғыртқан «Керуен-сарай» кешені бар.
Ташкентте туристер Хазрати Имам тарихи кешені, Барақ хан медресесі, Әбу Бәкір Каффал Шаши және Төле би кесенелері секілді тарихи орындарды аралап, көне сәулет өнерінің сырларына қанығады. Сонымен қатар олар Magic City тақырыптық саябағы мен басқа да заманауи демалыс орындарында уақыттарын қызықты өткізе алады.
Самарқанда туристер Шахи-Зинда кешені, Гур-Эмир кесенесі және әйгілі Регистан алаңындағы Шер-Дор, Тіллә-Кари, Ұлықбек медреселерін аралап, көне өркениеттің тарихи мұраларымен жақын танысады.
«Керуен Экспресс» туристік пойызының қорытынды аялдамасы – Қазақстанның көне шаһарларының бірі Тараз қаласы. Мұнда туристер өңірдің тарихи-мәдени мұралармен танысып, бай архитектуралық жәдігерлерін тамашалай алады.
Турпакет құнына комфортты туристік пойыздағы жол жүру, жоғары деңгейдегі сервис, кәсіби гидтер жетекшілігіндегі экскурсиялар, тамақтану, кіру билеттері және трансфер қызметтері қамтылған. Бұл тур ҚТЖ-ның ұйымдастыруымен, «Өзбекстан темір жолдары» компаниясы, ҚР Туризм комитеті, ҚР Көлік министрлігі, Kazakh Tourism және Тараз бен Түркістан облысы әкімдіктерінің қолдауымен жүзеге асырылады. Турпакеттер туристік агенттіктер арқылы қолжетімді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.