Қазақстанда жастарға арналған қандай ипотекалық бағдарламалар бар?

Бағдарламалар арқылы тек ірі қалаларда емес, облыс орталықтарында да жеңілдікпен баспана алуға болады.

Қазақстанда жастар мен жас отбасылар үшін қолжетімді мөлшерлемедегі қандай ипотекалар бар? Мұндай бағдарламалардың бір бөлігі тек жастарға арналса, тағы бір бөлігі барша қазақстандыққа бағытталған, – деп хабарлайды Aikyn.kz krisha.kz-ке сілтеме жасап. 

Аймақтық «Алматы жастары», «Елорда жастары», Qamqor, «Алатау жастары», т.б.

Бұл ипотекалар «Отбасы банк» пен жергілікті облыс/ қала әкімдіктерінің ортақ бағдарламасы. Қазақстанның барлық өңірінде жұмыс істейді. Әкімдіктер қатысушылар үшін арнайы критерийлер бекітеді. Критерийлер әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін.

Шарттары:

  • Пайыздық мөлшерлеме — 5–6 %.
  • Бастапқы жарна — 10 %.
  • Қарызға берілетін сома — 18 млн теңгеге дейін. Егер пәтердің бағасы тым қымбат болса, қалған соманы қатысушы өзі төлейді.
  • Мерзімі  — 19 жылға дейін

Талаптары:

  • 35 жасқа дейін
  • Қатысушының өзінде және жұбайында соңғы бес жылда баспанасы болмауы керек 
  • Қалада/облыста тұрақты тіркеу болуы
  • Бастапқы жарнасының болуы
  • Төмендегі мамандықтар бойынша 6 айдан кем емес тәжірибесі болуы:
  • денсаулық сақтау; 
  • білім беру; 
  • мәдениет; 
  • спорт; 
  • ЖОО және ғылыми зерттеу институттары; 
  • журналистика; 
  • әлеуметтік сала
  • құқық қорғау органдары; 
  • коммуналдық қызмет; 
  • Мәдениет саласындағы мамандар: мүсіншілер, суретшілер, дизайнерлер

Қандай үй сатып алуға болады?

Бірінші және қайталама нарықтағы тұрғын үйлер, үлестік қатысу арқылы баспана иелену.

Ерекшелігі

Балдық жүйелер:

  • некеге тұрғаны және балалары болғаны үшін —  1 балдан беріледі;
  • әр жұмыс тәжірибесі үшін  — 2 балл;
  • әлеуметтік жағдайы төмен болса — 5 балл.

Ипотеканы «Отбасы банк» береді. Өтініш қабылдау уақытын банк сайтынан немесе жергілікті әкімдік жаңалықтарынан бақылауға болады.

«Жас Отбасы» ипотекасы

Шарттары:

  • Пайыздық мөлшерлеме — 5-6 %.
  • Бастапқы жарна — 50 %.
  • Қарыз көлемі — 100 млн теңгеге дейін.
  • Мерзімі —  9 жылға дейін.
  • "Отбасы банкте" жаңа депозит болуы.
  • Бір жылдан кем емес уақыт депозит жиналуы.
  • Баспана құнының 50%-ын «Отбасы банкте» жинап қою немесе бірден төлеу.

Талаптары:

  • Некеге тұрған уақыты бес жылдан көп болмауы тиіс.
  • Қатысушылардың жасы бойынша шектеу жоқ.

Қандай үй сатып алуға болады?

  • Бірінші немесе қайталама нарықта үй алу.
  • Жер участогын алып, үй салу.

Ерекшеліктері

  • Баспана болмауы керек деген талаптар жоқ.
  • Екінші, үшінші үй сатып алуға болады.

Бұл ипотека — "Отбасы банктің" жеке бағдарламасы. Несиелендіру кез келген уақытта шектеусіз қолжетімді.

«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы

Бұл мемлекеттік әлеуметтік ипотекалық бағдарлама. Мерзімі – 2029 жылдың соңына дейін.

Шарттары:

  • Пайыздық мөлшерлеме — 7 %.
  • Бастапқы жарна  — 20 %.
  • Пәтер бағасы — 15–25 млн теңге.
  • Мерзімі —  25 жылға дейін.

Талаптары:

  • Өзінде немесе жұбайының атында соңғы бір жарым жылда баспана болмауы тиіс.
  • Басқа ипотекалары болмауы керек.
  • Тек бір рет қатысуға рұқсат етіледі. 

Қандай үй сатып алуға болады?

  • Құрылыс компаниялары жаңадан қолданысқа берген үй немесе жаңа пәтер.

Ерекшеліктері:

  • Ипотеканы жеті банк береді: ЦентрКредит, Freedom, Halyk, РБК, Алтын, Форте, Еуразиялық банк.
  • Банктерге өтініш беру, баспана іздеу ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.

«Наурыз», «Отау» ипотекалары

«Отау» — «Отбасы банкінің» жеке бағдарламасы. «Наурыз» — мемлекеттік ипотека.

Алғашында бұл бағдарламаның шарттары әртүрлі болған. Бірақ 2024 жылдың күзінде «Отау» шарттары «Наурыз» шарттарымен теңестірілді. Биыл екі бағдарлама да наурыздан бастап іске қосылады.

Шарттары:

  • Әлеуметтік осал топ өкілдері үшін пайыздық мөлшерлеме – 7%.
  • Басқа қатысушылар үшін – 9%.
  • Егер дайын баспана болса бастапқы жарна  — 10%, толық бітпеген үй болса – 20%.
  • Қарыз көлемі  Астана мен Алматыда 36 млн теңгеге дейін, ал басқа аймақтарда 30 млн теңгеге дейін.  
  • Мерзімі  —  19 жылға дейін.
  • «Отбасы банкінде» 2 млн теңге көлемінде депозит болуы керек. Мерзімі маңызды емес.

Талаптары:

  • Өзінде және жұбайының атында соңғы бес жылда баспана болмауы керек.
  • Барлық адам қатыса алады, бірақ 35 жасқа дейінгі азаматтарға басымдық беріледі

Қандай үй сатып алуға болады?

  • Астана, Алматы, Шымкентте және облыс орталықтарында тек бірінші нарықтағы пәтерлер  
  • Моноқалалардан, облыстардан жеке үйлер.
  • "Отбасы банк" сайтынан да тұрғын үй іздеп табуға болады.

Ерекшеліктері

Балдық жүйе: 

  • депозит бойынша сыйақы  — әр 1000 теңге үшін 1 балл
  • ресми некеде болса  — 5 балл;
  • балалар үшін  — 10 балл (бала санына қарамайды) 
  • әлеуметтік әлжуаз топқа жатады деген статус үшін — 10 балл; 
  • 35 жасқа дейін болса тағы да — 5 балл.

Сондай-ақ биыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында  «Наурыз жұмыскер» атты жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады.

Жаңа ипотекалық бағдарламаның шарттары мынадай:

  • Мөлшерлеме –  әлеуметтік осал адамдар үшін 7 % (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 9.6%-ға дейін) және қалған санаттар үшін 9% (ЖТСМ 13% дейін). 
  • Бастапқы жарна: алғашқы пәтерді таза әрлеумен толық сатып алғанда 10%-дан, ал егер толық салынбаған және екінші нарықтағы үйлерде 20%-дан. 
  • Қарыздың ең жоғары сомасы Астана мен Алматы қалаларында –  36 млн теңге болса, өзге өңірлерде – 30 млн теңге. 

Қатысушыларға қойылатын негізгі талап: саладағы кәсіпорында жұмыс істейтін қызметкер болуы керек. Мәселен, өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, су ресурстары.