Дәурен Темірбеков, Қаржы вице-министрі: Бағдарлама – бар баланың болашағына кепіл

Дәурен Темірбеков, Қаржы вице-министрі: Бағдарлама – бар баланың болашағына кепіл
Балаға құйылған инвестиция – елдің кемел келешегіне жасалған жарқын қадам. Білімді, дені сау әрі әлеуметтік тұрғыда қорғалған кейінгі ұрпақ Қазақстанның экономикасын дамытып, қоғамның белсенді және қозғаушы күшіне айналады.

Елімізде бұл бағытқа арналған көптеген бағдарлама жолға қойылған. Оның айқын мысалы – «Ұлттық қор – балаларға» жобасы. Аталған бағдарламаның артықшылықтары мен жүзеге асырылу барысы жайлы Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Айқын» газетіне берген сұхбатында баяндап берді.

– Биыл – «Ұлттық қор – бала­ларға» бағдарламасының бастал­ғанына бір жыл. Осы аралықта ауыз толтырып айтарлық қандай жетіс­тіктерге қол жеткізілді?

– Қазір әрбір отбасы баланың дүниеге келген сәтінен бастап ер жет­кенге дейін мемлекеттің қол­дай­тынына сенімді бола алады. Айталық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы жас азаматтардың әл-ауқатын арт­тыруға, сондай-ақ білім алуына жан-жақты жағдай жасап, табысты болуларына бағытталған. Нәти­жесінде, 2024 жылдан бастап жыл­ма-жыл қазақстандық балаларға (18 жасқа толғанға дейін) инвес­тициялық табысты қоса алғанда, Ұлттық қордан қаражат аударылып келеді. Мәселен, былтыр әр бала­ның арнайы есепшотына 100,52 доллар көлемінде алғашқы ауда­рымдар жасалды. 2024 жылы бала­лардың жалпы санынан 304 815 адам 18 жасқа толып, оларға жалпы сомасы 30,6 млн доллар көлемінде ақша берілді. 2025 жылдың бірінші қаңтарында жоба қатысушыларына 5 316,7 мың доллар төленді. Мәсе­лен, тұрғын үй жағдайын жақсар­туға 2 964 мың доллар бағытталды. Шамамен осымен бірдей мөлшер­дегі (2 352,7 мың доллар) соманы жастар білім алуға жұмсады. Биыл осы жоба шеңберінде 6,9 млн адам қамтылмақ, оның ішінде 324 430 адам 18 жасқа толады. 

– Бұл жобаны қолға алудағы басты мақсат-міндеттерге тоқтала кетсеңіз.

– Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтерген еді. Бұл Әділетті Қазақстанды құрудың іргелі идеясы болып саналады. Осыған сәйкес, ұлттық байлықты халықтың арасында әділ бөлу көзделгені баршаға аян. Осы бастаманың аясында «Ұлттық қор – балаларға» заңы қабылданды. Нәтижесінде, Ұлттық қорды қа­лыпт­астырудың негізгі мақсатына – еліміздің жастары бастапқы ка­пи­тал ретінде пайдалана алатын­дай өскелең ұрпақ үшін жинақ­тарды қалыптастыруға жол ашыл­ды. Бұл жастардың әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға ықпал етеді, сондай-ақ білім беру саласын дамытуға және өмір сүру сапасын жақсартуға ин­вес­тициялар түрінде ұлттық эко­номика үшін мульти­пликативті әсері жоғары.

– Бағдарламаны іске асыру барысындағы бастапқы кезеңде қан­дай да бір қиындықтар кездесті ме?

– Бағдарламаны әзірлеу кезінде негізгі қиындық осы уақытқа дейін мемлекеттік деректер базасында азаматтыққа (азаматтықты алу мен оның аяқталған күні) қатысты ақпараттың жоқтығымен байла­нысты болды. Мүдделі министр­ліктермен бірлесіп, Қазақстан Республикасының аумағы мен одан тыс жерлерде де кәмелет жасқа толмағандардың азамат­тығын белгілеу бойынша орасан зор жұмыс атқарылды. Бағдарлама жаңа болғандықтан және қаты­сушы­лардың тізімін әзірлеу кезінде келеңсіздіктер (азаматтықпен байланысты сәйкессіздіктер – ред.) болуы мүмкін екенін ескеріп, жыл сайын осы тізім қайта тексе­ріле­ді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылған немесе азаматтықтан шыққандар алынып тасталады. Сондай-ақ бұрын есепке алынбаған қатысушы не болмаса алушы болуға құқығы бар немесе құқығы болғандар тізімге қосылды.

– Қазір бағдарламаға қанша қазақстандық бала қатысып жатыр?

– Жыл сайын БЖЗҚ «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқоры­нан алынған мәліметтер негізінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдар­ламасына қатысушылардың тізімі жасақталады. Олар тек Қазақстан азаматтары болып саналады. Ал 2025 жылы бағдарламаға 6 921 035 бала қатысады.

– Ал биыл шоттарға аударыла­тын соманың мөлшері қандай болмақ?

– Осы жылы жалпы сома 888,8 млн долларға жетті. Жан басына шақ­қанда әр балаға 129,38 дол­лардан келеді. Әр балаға аударыл­ған ақшада мақсатты талаптар сомасы бойынша да түзетулер ес­керілген: Қазақстан Республика­сының азаматтығынан айырылған, есепті жылы Қазақстан Респуб­лика­сының азаматтығынан шық­қан, бұрын есепке алынбаған, мақ­сатты талаптардың қатысу­шысы болуға құқығы бар, бұрын есеп­ке алынған, нысаналы талап­тар­дың қатысушысы болуға құқы­ғы жоқ. Бұдан басқа, 2024 жылғы нысаналы талаптар бойынша ин­вес­тициялық кіріс көлемі де ауда­рылды. Бағдарламаға екі жылдан бері қатысып келе жатқан бала­лардың (инвестициялық кірісті қоса алғанда – ред.) жинағындағы жалпы сома 232,94 долларға ұл­ғайды. 

– Бүгінде қанша өтінім орын­далды және олардың ішінде білім алу мен тұрғын үй жағдайын жақсартуға қанша сома бағытталды?

– 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағ­дай бойынша тұрғын үй мәсе­лесін реттеуге және оқудың ақысын төлеуге жалпы сомасы 5 316,7 мың доллар сомасына 53 001 өтінім қанағаттандырылды. Мәселен, тұрғын үй жағдайын жақсарту 29 542 өтінім жолданып, 2 964,0 мың доллар төленді. Білім беру бо­йынша 23 459 өтінім жіберіліп, 2 352,7 мың доллары аударылды.

– Жинақтағы қаражатты алудың жолын толығырақ түсіндіріп бер­сеңіз?

– 18 жасқа толғаннан кейін нысаналы жинақтау төлемдерін алушы уәкілетті операторлар – «От­басы банкі» АҚ және «Қазақ­стан Халық банкі» АҚ шот ашуға тиіс. Мұны enpf-otbasy.kz платфор­масында немесе Halyk қосымшасы арқылы жасауға болады. Сондай-ақ интернетте БЖЗҚ мен «Отбасы банкі» АҚ-ның видео нұсқау­лықтарын таба аласыз. Әрмен қарай қаражатты қандай мақсатта пайдаланатынын таңдау қажет. Айталық, тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық тұр­ғын үй қарызын алу үшін бастапқы жарнаны төлеуге, тұрғын үй құры­лыс жинағындағы салымды толық­тыруға, ипотекалық тұрғын үй қа­ры­зы бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеуге, Ислам банкі­нің қаржыландыру шеңберінде тұрғын үй сатып алуға, сатып алу құ­қы­ғымен тұрғын үйді ұзақмер­зімді жалдау шарттары бойынша ақы төлеуге, жеке тұрғын үй салуға жұмсауға болады. 

Сонымен қатар бұл қаражатты Қазақстан Республикасында неме­се шетелде білім алу үшін оқу ақы­сын төлеуге, білім беру бағы­тын­дағы жинақ шотын толықтыруға, білім беру жинақтаушы сақтандыру ке­лісім­шарты бойынша сақтан­дыру сыйақысы (сақтандыру жар­насы) түрінде төлеуге, білім беру кредиті бойынша берешекті ішін­ара немесе толық өтеуге қолдануға болады.

– Алдағы бірнеше жылда бағ­дарламаға қандай да бір өзгерістер енгізу жоспарда бар ма?

– Бүгінде бағдарламаға өзге­рістер енгізуге қатысты мәселелер қарастырылып отырған жоқ.

– «Ұлттық қор – балаларға» жо­басы бойынша алаяқтық жағдайлар тіркелді ме?

– Аталған бағдарламаның тө­лем­деріне тікелей қатысты алаяқ­тық әрекеттер тіркелген жоқ неме­се бізге әлі белгісіз. Бірақ 2024 жыл­дың басында алаяқтық әре­кетке талпыну көріністері болды. Бұл түрлі жалған сайт құру, содан кейін мессенджерлер мен әлеу­меттік желілерде барлық төлем, өтемақылар, «Ұлттық қор – бала­ларға» бағдарламасы бойынша төлемдер алып, көмек көрсетуге қа­тысты. Осы әрекеттердің бар­лығы іс жүзінде банк шоттарынан, депозиттерден ақша ұрлау мақса­тында азаматтардың жеке дерек­терін иемденуге немесе кейіннен ақша қаражатын алып қою арқылы оларға несие рәсімдеу мақсатын көздегені анықталды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Кәмила ДҮЙСЕН