Қазақстанда құндылықтар иерархиясына арналған әлеуметтік зерттеу жүргізілді

Қазақстанда құндылықтар иерархиясына арналған әлеуметтік зерттеу жүргізілді
«Заң және Тәртіп» қағидаты азаматтарымыз үшін аса маңызды саналатын жалпыұлттық құндылықтар қатарына енген.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты қоғам арасында терең орныққан құндылықтардың иерархиясына арналған әлеуметтік зерттеу жүргізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz 

Сауалнама нәтижесіне сәйкес «Заң және Тәртіп» қағидаты азаматтарымыз үшін аса маңызды саналатын жалпыұлттық құндылықтар қатарына енген («Әділдік» – 84,1%, «Заң және Тәртіп» – 83,5%, «Еңбек» – 83,4%).

Осы орайда, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин:
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде «Заң және Тәртіп» қағидатын одан әрі орнықтыру және құқық бұзушылықтың кез келген түріне «мүлдем төзбеушілік» ұстанымын қалыптастыру қажеттігіне баса назар аударғаны тегін емес, – деген пікір білдірді.

Айта кету керек, заң үстемдігінің қамтамасыз етілуі және оны бұзғаны үшін жазаның бұлтартпастығы – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі. Сондықтан әлемнің көптеген елінде тәртіп пен тұрақтылықты нығайтуға деген қоғамдық сұраныстың өзектілігі артып келеді, – деді Мемлекеттік хатшы.