Елімізде 11 жастағы қыздарды вакциналау басталды

Елімізде 11 жастағы қыздарды вакциналау басталды
Вакцинация қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қыз балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған.  

Қазақстанда қыздарды 11 жастан бастап жатыр мойны обырының негізгі қоздырғышы – адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакциналау басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі №11 қаулысына сәйкес, 11 жастағы қыздар жоспарлы тәртіппен вакцина алады. Сондай-ақ 12 жастан бастап 13 жасты қоса алғандағы   қыздарға да иммундау жүргізіледі.

– Екпе мектептердің медициналық кабинеттерінде ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша вакцинация тіркелген жердегі емханаларда да жүргізілуі мүмкін, – делінген хабарламада. 

Жатыр мойны обыры – Қазақстандағы барлық жастағы әйелдер арасында таралуы бойынша екінші орындағы және 25 пен 44 жас аралығындағы әйелдер өлімінің себептері бойынша екінші орындағы қатерлі ісік. Жыл сайын елде бұл аурудың 1 900-ға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Ғылыми зерттеулер жатыр мойны обырының негізгі себебі АПВ инфекциясын жұқтыру екенін дәлелдеді.

Вакцинация қатерлі ісіктің ең қауіпті түрлерінің бірінен қыз балалардың денсаулығын қорғауға бағытталған.  АПВ-ға қарсы вакцина халықаралық деңгейде өзінің тиімділігі мен қауіпсіздігін дәлелдеді. Бүгінде  АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің 135 елінде, соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанда қолданылады. Бүгінгі таңда бірқатар елде вакцинацияның арқасында әйелдер арасында АПВ-ның таралуы 90%-ға төмендеді.