946 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

946 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды
Жайылымдық жер тапшылығы проблемасын шешу шеңберінде биыл мемлекетке 946 мың гектар жер учаскесі қайтарылды.

Бұл туралы Пар­ламент Мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-Министрдің орын­­­басары Тамара Дүйсенова айтты. Қайтарылған учаскелер бірінші кезекте халыққа ауылдық жерде мал жаю үшін беріледі.

Депутаттар алдында сөйлеген сө­зінде Тамара Дүйсенова биыл көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыру кө­ле­мі 3 есеге – 180 млрд теңгеден 580 млрд теңгеге дейін артқанына тоқталды. Сон­дай-ақ биыл агроөнеркәсіптік ке­шен­ді субсидиялауға 431 млрд теңге қа­рас­тырылған. Қосымша 323 млрд тең­ге қажет. Бұл мәселе бюджетті нақ­ты­лау кезінде қаралатын болады.

Вице-премьер «Ауыл аманаты» ауыл халқының табысын арттыру жо­ба­сын іске асыру кезіндегі проблемалар ту­ралы айтып берді. Оның айтуынша, туын­даған мәселелерді шешу үшін жүйе­лі шаралар қабылданған.

«Бұл мәселелерді өңірлермен бірге «AMANAT» партиясымен және осы са­ла­дағы сарапшыларды қоса отырып бір­неше мәрте талқыладық. Биыл жаңа тәсілдерді бірқатар өңірде алды­мен пилоттық түрде жүзеге асырғымыз ке­леді, кейін тәжірибе алмасып, әр об­лыстың ерекшеліктерін ескере оты­рып жасаймыз деп жоспарлап отыр­мыз», – деп атап өтті Тамара Дүйсенова. 

Кәмила ЕРКІН