«Сотталуы мүмкін»: Петропавлда әскерге бара жатқан жолда қашып кеткен жігіттерге іздеу жарияланды

Отан алдындағы борышын өтеуден жалтарған жігіттер ұсталса, сотталуы мүмкін.

СҚО-да әскерге шақырылғандардың арасында екі жігіт бөлімге бара жатқан жолда пойыздан қашып кеткен. Оларға іздеу жарияланған, – деп хабарлайды  Aikyn.kz Jambylinfo-ке сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің мәліметінше, оқиға 27 сәуір күні кешкі уақытта болған. Жігіттер Солтүстік Қазақстан облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының 2024 жылғы 27 сәуірдегі бұйрығына сәйкес «жеке» шенімен міндетті әскери қызметке шақырылған. 

«Қарағанды облысының 85510 әскери бөліміне қызмет өткеру үшін жаңадан шақырылған 2003 және 2004 жылы туған мерзімді әскери қызметшілер Петропавл қаласының станциясында «Самара-Қарағанды» пойызына отырып, сағат 19:39-да вагоннан рұқсатсыз, белгісіз уақытта шығып кетті», – делінген хабарламада.

Қылмыстық кодекстің 442-баптың 2-тармағы бойынша жігіттер дезертирлеу, яғни әскери қызметтен жалтару мақсатында бөлімді немесе қызмет орнын өз бетінше тастап кету, сол сияқты сол мақсатта қызметке келмеген жағдайда олар бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде 2024 жылғы 29 сәуірде тіркелді. Қатардағы жауынгер Құсайынов пен Коваленкоға іздеу жарияланды», – деп мәлімдеді ведомство.