Тағдырлы тарих тоғыстырған

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясы өтті.

Жиынға Парламент Сенатына ҚХА қатарынан сайланған депутаттар, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен мүшелері, Ассамблеяның еріктілері, сон­дай-ақ бейнебайланыс арқылы Ұйымның өңірлердегі делегаттары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең ал­дымен, еліміз­дің бірнеше ай­ма­ғындағы табиғат апат сал­да­рын еңсеру үшін жүргізіліп жат­қан ауқымды жұ­мыс­тарға тоқ­талып, су тасқыны бастал­ған­нан бері Қа­зақстан халқы Ассамблеясы да ортақ істен шет қал­май, белсенді әрі үйлесімді жұ­мыс істеп жат­қанын атап өт­ті. Мұның бәрі өзара жана­шыр жә­не тілеулес болудың ай­қын көрінісі екенін айт­ты.

«Мен Батыс Қазақстан, Сол­түстік Қазақстан, Қостанай об­лыстарына арнайы бардым. Кез­десу кезінде жұртшылық Ас­самблея мүшелеріне зор ри­за­шылық білдірді. Ассамблея – кейбір адам­дар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ас­сам­блея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – консти­ту­циялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдас­ты­рып келеді. Мұның бәрі көпжылдық жүйелі жұ­мыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея мү­шелері «Қайырымдылық керуені» жобасы ар­қылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард тең­геден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты ха­лық­тың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне де­ген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы түр­лі сын-қатерге қарамастан, елі­міз стратегиялық мақсат-мін­дет­терінен айнымайтынына назар ау­дарды. Оның айтуынша, аз уа­қыт ішінде жүргізілген саяси ре­фор­малар нәтижесінде биліктің бар­лық тармағы адамның заңды мүд­десін, құқығы мен еркіндігін қор­ғауға және оны ілгерілетуге не­­­гізделген жаңа жүйе бойынша жұ­­­­­­­мыс істей бастады. Ендігі мін­дет – әділдік, инклюзивтілік, праг­­­­­­­­матизм қағидаларына негіз­делген және халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін жаңа эко­но­мика үлгісіне көшу. Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамб­лея­ның сессиясы «Бірлік. Жа­­сампаздық. Өрлеу» деп атал­ға­нын, барша халқымыздың стра­те­гиялық бағдарының түпкі мәнін осы үш ұғым дәл әрі нақты біл­діре­­тінін, бірлік пен ынтымақ бас­ты құндылығымыз және мем­лекеттік саясаттың бұлжымас бағ­дары болып қала беретінін айт­ты. Президент осы мақсатқа жету үшін орындалуға тиіс бір­неше өзекті міндетке арнайы тоқ­талды. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Ассамблея жұ­мысын еліміздің жаңа гума­ни­тарлық идеологиялық доктри­на­сы­мен үйлестіру қажет деп санай­ды.

«Біз Құрылтайдың Атыраудағы отырысында негізгі идеологиялық тұжырымдарды жинақтап, жүйе­леп алдық. Жалпыға ортақ құн­ды­лық­тарды айқындадық. Бұл – ең ал­дымен, Тәуелсіздік және Отан­шыл­дық. Одан кейін – Бірлік жә­не Ынтымақ. Келесі – Әділдік пен Жауапкершілік. Сондай-ақ – Заң және Тәртіп. Бұдан соң – Ең­бекқорлық пен Кәсібилік. Жә­не – Жасампаздық пен Жаңашыл­дық. Бұл – біздің саясат пен эко­номикадан бастап, білім мен мә­дениетке дейінгі барлық сала­дағы бағыт-бағдарымыз. Мұның бәрі халқымыздың азаматтық бі­ре­гейлігін нығайтады. Дегенмен Құ­рылтайда айтылған жал­пыұлт­тық доктрина, яғни тұғырнама же­текші қоғамдық инсти­тут­тар­дың барлығы қолдаса ғана толық жұмыс істей алатынын ұғынған жөн. Сіздердің, қоғамның қол­дауы болмаса, бұл доктрина қағаз жү­зінде қалады. Мұны міндетті түр­де жүзеге асыруымыз керек. Он­дағы негізгі қағидаттарды ор­нық­тыру ісінде Ассамблея басты рөл атқаруға тиіс», – деді Мемле­кет басшысы.

Сонымен қатар Президент бү­гінде жаһандық катаклизм бе­лең алып, түрлі мемлекеттер ара­сын­да әскери-саяси, сауда-эконо­ми­ка­лық текетірес, тіпті мә­де­ни-гу­ма­нитарлық тартыс күшейіп бара жатқанына тоқталды. Мемлекет басшысы қоғамда ұлтына қарай ерек­шеленуге, оқшаулануға ұм­тыл­ған кез келген әрекетке, әс­і­ре­се азаматтарды тіліне, ұлтына, ді­ніне немесе мәдениетіне бола аран­датуға, я болмаса кемсітуге мүл­де жол бермейтін орта қалып­тас­тыру маңызды екенін айтты.

«Радикалды идеологияны дә­ріп­теу және ксенофобия отын тұ­­тату үшін халықаралық тұрақ­сыз­­дықты пайдаланып қалғысы ке­­летіндердің әрекеті анық кө­рі­ну­де. Кейбір мемлекеттердің геос­тра­тегиялық амбициясынан эт­но­діни астар іздеуге ты­­­ры­­­са­­­тын­­­дардың, тіпті оны өркениетаралық қақ­ты­ғыс ретінде көрсеткісі келетіндердің үні қатты шыға бастады. Соның сал­дарынан, қазір әлемнің әр түк­пірінде түрлі экстремистік күш­тер­дің белсенділігі артып келе жат­­қаны байқалып отыр. Қазақ­стан халықаралық құқықты және гу­манистік идеалдарды берік ұс­танатын ел ретінде алғашқы­лар­дың бірі болып Біріккен Ұлттар Ұйы­мына мүше мемлекеттерді бейбіт халыққа жасалған сұмдық қатыгез әрекетті айыптауға ша­қыр­ды. Барша адамзат өзара диа­лог орнатып, күш біріктіру ар­қы­лы ғана халықаралық қатынас са­ласындағы күйреу мен ыдырау үрдісіне төтеп береді, берекесіздік пен сенімсіздікті еңсере алады.

Жер жүзінде бәрімізді алаң­дата­тын түрлі оқиғалар болып жа­тыр. Біртұтас ұлт ретінде дәл осы кезде біздің мақсатымыз да, ние­тіміз де бір болуға тиіс. Қо­ғам­да ұлтына қа­рай ерекшеленуге, оқ­шаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсі­ре­се азаматтарды ті­ліне, ұлты­на, дініне немесе мәде­ние­тіне бо­ла арандатуға, я бол­ма­са кем­сіту­ге мүлде жол бермейтін орта қа­лыптастыру маңызды.

Тіл – көптеген мемлекет үшін өзек­ті мәселенің бірі. Осы мә­се­ле­нің дұрыс шешілуі кез келген ел­дегі қоғамдық-саяси ахуалдың тұр­ақтылығына едәуір ықпал ете­тінін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Қазақстанда да солай. Біз осы аса шетін мәселеге келгенде сыртқы-ішкі факторларды ескере отырып, стратегиялық ұстамдылық және толеранттық танытуымыз қажет. Мен қазақ тілі уақыт өте келе эт­но­­­саралық қатынас тіліне айнала­ты­нына сенімдімін. Біз біртіндеп осы­ған келе жатырмыз», – деді ол.

Президент Ассамблеяның инс­титуционалдық әлеуетін ны­ғай­ту мәселесіне арнайы тоқта­лып, Ұйымның мемлекеттік ор­ган­дармен, Парламентпен және мәс­лихаттармен қарым-қатына­сын жақсарта түсу керек екенін атап өтті. Бұл ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея жетекшілеріне мем­лекеттік шешім қабылдау үде­рі­сіне және реформаларды іл­ге­рі­л­ету ісіне белсене қатысу, этно-әлеу­меттік шиеленіс ошақтарын анық­тау және ондай оқиғалардың ал­дын алуға баса мән беру, Ассам­б­леяны әлеуметтік тұтастық пен отаншылдықты дәріптейтін инс­титут ретінде нығайту міндеттерін жүктеді.

«Соңғы жылдары Ассамб­лея­ның қызметі айтарлықтай өзгерді. Бұл құрылым қоғамдағы аса ма­ңыз­­ды институтқа және этно­мә­дени бірлестіктердің бас штабына айналды. ҚХА барлық деңгейдегі ме­кемелермен түрлі бағытта се­рік­тестік орнатып, басқаларға үлгі болуға тиіс. Жергілікті атқарушы органдармен және мәслихат­тар­мен жұмыс жүргізу үшін тиімді тә­сіл­дер табуға баса мән берген жөн.

Менің тапсырмаммен аймақ бас­шылары кемінде екі айда бір рет Ассамблея өкілдерімен бірге эт­носаралық ахуалға қатысты жи­налыс өткізеді. Ассамблеяның не­гізгі іс-шараларына облыс және рес­публикалық маңызы бар қала әкім­дері тікелей өздері қатысуға тиіс. Мен мұны орынбасарға ысы­ра салуға болмайтынын нақты ес­керттім. Өзгелердің, әсіресе Пар­ламенттің және барлық дең­гейдегі мәслихат депутаттарының дәл осылай жасағаны абзал.

Ассамблея мемлекеттік шешім қа­былдау үдерісіне және рефор­ма­ларды ілгерілету ісіне белсене қа­тысуы керек. Сондықтан оның ғы­лыми-сараптамалық әлеуетін да­мыту қажет. Этно-әлеуметтік шие­леніс ошақтарын анықтауға жә­не ондай оқиғалардың алдын алу­ға баса мән берілуге тиіс.

Ассамблеяны әлеуметтік тұ­тас­тық пен отаншылдықты дәріп­тей­тін институт ретінде нығайту ке­рек. Ең алдымен, Ақсақалдар кеңе­сі және Аналар кеңесі сияқты тиімді құрылымдарды дамыта түс­кен абзал. Министрліктер және әкім­діктер олардың қызметіне қол­­дау көрсетуі қажет. Арнайы грант­тар бөліп, мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырыстар беруі керек.

Жастар Ассамблея қызметіне тың серпін әкеледі. Сондықтан Ас­самблея құрылымдары мен эт­но­мәдени бірлестік басшы­ла­ры­ның бір орынбасарын жастардан та­ғайындауды ұсынамын. Орта­лық және жергілікті органдар Ас­сам­блеяның жастарға, әсіресе во­лон­терлерге қатысты жоба­ла­ры­на жан-жақты қолдау көрсетуі ке­рек. Мұндай жобалардың ті­зі­мін жасаған жөн.

Достық үйлері жалпыұлттық ық­палдастық үшін қажетті орта­лық­қа әрі барлық аймақта Ассам­блея­ның ауқымды бастамаларын жү­зеге асыратын сенімді орынға ай­налды. Олар әлеуметтік маңызы бар жүзден астам жобаны іске асы­руға ұйытқы болды. Алайда Дос­тық үйінің қызметін жетіл­ді­ріп, күшейте түсу мәселесін ой­лас­тырған жөн. Олар қоғамдық кез­десулер мен талқылаулар өте­тін және тың бастамалар мен идея­лар туындайтын комьюнити-орталыққа айналуға тиіс. Мен бұл бас­таманы қолдаймын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ауқымды су тас­қы­ны болып жатқан қазіргідей сәт­тер­де халқымыздың ұжымдасып, жұ­мыла білгенін жоғары бағалады. Аза­маттардың ынтымағы мен өза­ра тілеулестігі айқын көрінген сын­дарлы шақтар мемлекеттік ап­парат үшін де дағдарысқа қарсы кү­ресте зор тәжірибе болды. Со­ны­мен қоса, қоршаған ортаның жай-күйіне бәріміз жауапты екенімізді еске салған ол қоғамда эко­логия мәдениетін қалыптас­ты­рып, табиғатты аялау қағида­сын дәріптеуге шақырды.

«Менің бастамаммен елімізде «Та­за Қазақстан» жалпыұлттық нау­қаны өтіп жатыр. Мұндай ша­ра­лар су тасқыны болған аймақ­тар­да да ұйымдастырылады. Бұл еш­қандай да бірреттік іс-шара емес екенін ескертемін. Барлық өңір­де аумақтарды көгал­дан­дыру­ға және тазалауға көп көңіл бөлу ке­рек. Әркім ортақ іске үлес қоса­тын болса, еліміз көркейе түседі.

Біз қалалар мен ауылдарды абат­тандыруымыз қажет. Әрбір үй, аула, тұрғын үй кешені, саябақ жә­не басқа да нысандар әкім­дер­дің де, жұртшылықтың да наза­ры­нан тыс қалмауға тиіс. Саламатты әрі жай­лы орта қалыптастырамыз де­сек, азаматтар барынша белсен­ді­лік танытуы керек. Бұл – жалпы аза­­­­маттық мәдениетіміздің дең­гейін, керек десеңіз ұлтымыздың кел­­бетін көрсетеді», – деді Пре­зи­дент.

Мемлекет басшысы сөзін қо­ры­тындылай келе, еліміз соңғы жыл­дары аса күрделі сынақтардың та­ғы бір тарихи кезеңін бастан өт­ке­ріп жатқанын айтып, бірлік пен ынтымақтың арқасында бұл қиын­дықтың бәрін жеңетінімізге, шы­нығып, ширап, бұрынғыдан да мық­ты болып шығатынымызға сенім білдірді.

«Бәріміз – бір елдің аза­ма­ты­мыз. Тарих тоғыстырған тағ­дыры­мыз – бір, сеніммен қадам баса­тын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ре­тінде әрдайым бабалар ама­­­­на­тына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қа­зақ­стан­ның жар­қын болашағын бірге жа­сай­мыз. Біздің мақсатымыз – ай­қын, бұл – Әділетті Қазақстан­ды құру.

Мен Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Тәуелсіздігін қорғауды Пре­­зидент ретіндегі ең басты мін­де­тім деп санаймын. Осы қастерлі мін­дет Әділетті Қазақстанды құру жә­не белсенді әрі сындарлы сырт­қы саясат жүргізу арқылы ғана орындалады.

Биік мақсатқа жету үшін түрлі ке­дергіден өтеміз, барлық қиын­дық­ты жеңеміз. Ауқымды міндет­тер­ді орындаймыз. Біз еліміздің бас­ты құндылықтары мен бағыт-бағ­дарынан айнымаймыз. Мем­ле­кеттілігімізді нығайтып, Тәуел­сіз­­дік туын әрдайым биік ұс­тай­­мыз. Мен бұған нық сенемін және сол үшін бәрін жасаймын. Бұл – менің Президенттік әрі перзенттік па­ры­зым», – деді Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев.