Дәрігерлер көмектеспейтін және зиян келтіруі мүмкін антибиотиктер тағайындауы мүмкін. Олар тағайындаған антибиотиктердің төрттен бірі дұрыс тағайындалмағаны анықталды.
Дәрігерлер антибиотиктерді науқастарға дұрыс тағайындамаған
Антибиотикті дұрыс пайдаланбау дәріге төзімді патогендерді тудырады. Фото istockphoto.com сайтынан алынды. Авторлығы: SDI Productions
1,659
оқылды

Осы аптада newatlas.com сайты америкалық дәрігерлердің антибиотиктерді тағайындау кезінде ережелерді сақтамайтыны туралы жазды. Бұл материалдағы деректерге сүйенген Aikyn.kz дәрігерлер жіберген қателіктердің салдарын түсіндіреді.

Америкалық дәрігерлер науқастарға антибиотиктердің 27%-ын қажетсіз жағдайларда тағайындаған. Фото mospk.by сайтынан алынды 

Антибиотиктерге төзімділіктің өсуіне қарамастан, 2017-2021 жылдар аралығында америкалық дәрігерлер науқастарға антибиотиктердің 27%-ын қажетсіз жағдайларда тағайындалған.

Жаңа зерттеу кезінде америкалық дәрігерлер антибиотиктерді тағайындау кезінде бекітілген ережелерді сақтамағаны анықталған.

Антибиотиктерге төзімділіктің өсуі жаһандық проблемаға айналды және оның тиімді емдеуді қамтамасыз етуге әсері туралы көп айтылуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) микробқа қарсы препараттарды (бактерияларды, паразиттерді, вирустарды және саңырауқұлақтарды өлтіретін дәрілер үшін жалпы термин) дұрыс пайдаланбау және шамадан тыс қолдану дәріге төзімді патогендердің дамуының негізгі драйвері екенін ұдайы ескертеді.

Антибиотиктерді тағайындау кезінде дәрігерлер ережелерді сақтамаған. Фото inpromed.ru сайтынан алынды

Мичиган университетінің (UM), Солтүстік-Батыс университеті мен Бостон медициналық орталығының зерттеушілерінің жаңа зерттеуі коронавирустық пандемияның шыңы болған 2017 және 2021 жылдар аралығында АҚШ дәрігерлерінің антибиотиктерді тағайындау әдеттерін зерттеп, кейбір алаңдатарлық заңдылықтарды тапты.

«Біздің зерттеуіміз пандемия кезінде антибиотиктерді орынсыз қолданудың төмендеуі уақытша ғана болғанын көрсетті», – дейді зерттеу жетекшісі педиатр және UM Медицина мектебінің педиатрия кафедрасының ғылыми қызметкері Као-Пинг Чуа.

Зерттеушілер 37 566 581 америкалық балалар мен ересектерге берілген антибиотиктердің рецепттерін талдаған, олардың 51%-ы әйелдер болған. Әрбір рецепт бойынша олар рецептің берілген немесе оны бергенге дейін үш күн бұрын пациентке қойылған диагноз бен тағайындалған антибиотикті тексерген. Егер диагноз антибиотиктерді қолдануды ақтамаса, ол орынсыз тағайындалған деп бағаланған.

Антибиотиктер бактерияларды өлтіреді, бірақ олар вирустарды өлтірмейді. Фото napopravku.ru сайтынан алынды

Зерттеу бойынша мынадай қорытындылар жасалған:

- жалпы бес жылдық зерттеу кезеңінде ел бойынша 60,6 миллион антибиотик рецепті жазылған. Осы уақыт ішінде антибиотиктер орынсыз тағайындалған жағдайлардың пайызы 25,5%-дан 27,1%-ға дейін өскен;

- 2019 жылдың желтоқсан айында барлық пациенттердің 1,7%-ы орынсыз себептермен антибиотиктер қабылдаған. 2020 жылдың сәуірінде бұл көрсеткіш 0,9%-ға дейін төмендеген, ал 2021 жылдың желтоқсанында қайта 1,7% болған;

- антибиотиктермен емдеуге жарамсыз деп саналатын диагноздардың арасында «COVID-19-ға әсер ету және күдікті әсер ету» 2020 жылдың наурызы мен 2021 жылдың желтоқсаны арасындағы ең көп таралған екі себептің бірі болған. Антибиотиктер бактерияларды өлтіреді, бірақ олар SARS-CoV-2 вирусын өлтірмейді, себебі бұл вирус;

- 2021 жылдың екінші жартысында орынсыз тағайындалған антибиотиктердің 15%-ы COVID-19 инфекциясына байланысты болған;

- зерттеу кезеңінде пациенттерге тағайындалған антибиотиктердің 28-32%-ында диагноз қойылмағандықтан олардың дұрыстығын бағалау мүмкін болмаған. Зерттеушілердің айтуынша, бұл емделуші сақтандыруға төленбеген кездесуде алынған рецепт бойынша немесе бұл антибиотик бұрынғы рецепт бойынша тағайындала салған;

- зерттеуге қатысқан барлық пациенттердің 45%-ы бес жылдық зерттеу кезеңінде кемінде бір рет антибиотиктер қабылдаған, ал 13%-ы төрт немесе одан да көп рет қабылдаған.

Антибиотиктер бактериялардың барлық түріне қарсы тиімді емес, оларды вирустарға қарсы қолдануға мүлдем болмайды. Фото primula.su сайтынан алынды

«Біздің қорытындыларымыз қажетсіз антибиотиктерді тағайындаудың және жыл сайын 48 000 америкалықтың өліміне себеп болатын микробтарға қарсы тұрақтылықтың алдын алуға бағытталған сапаны жақсарту бастамаларының маңыздылығын көрсетеді», – дейді Чау.

Бұл жерде микробқа қарсы төзімділіктің қауіптілігін қайтадан еске салуды жөн көрдік. Барлық антибиотиктер бактериялардың барлық түрлеріне қарсы тиімді емес, оларды вирустарға қарсы қолдануға болмайды, өйткені олар вирустарға мүлдем пайдасыз. Адам өміріне қауіп төндіретін инфекцияны оны өлтіретін антибиотикке төзімді бактерия тудырса, ол емдеу мүмкіндіктерін айтарлықтай шектейді және айтарлықтай ауыр жағдайларға, өлімге де әкеледі. Ғалымдар мен зерттеушілер үнемі ізденіс үстінде болса да, жаңа антибиотиктердің ашылуы сирек кездеседі, сондықтан фармацевтика саласы қолда бар препараттарды орынды, тиімді пайдалануға мәжбүр.

 

Микробқа қарсы күрестің ең тиімді жолы – бірінші кезекте инфекциялардың алдын алу. Бұған жақсы гигиена және инфекцияның алдын алу, бақылау процедураларын сақтау, сондай-ақ инфекцияларды тудыратын патогендердің берілуін тікелей тежейтін, патогеннің дәріге төзімді түрге ауысу мүмкіндігін азайтатын вакциналарды қабылдау кіреді.

Есіңізде болсын: антибиотиктерді тек дәрігердің кеңесімен, дәрігер тағайындаған мөлшерде қабылдаңыз және толық курсын қабылдаңыз, дозаларды өткізіп алмаңыз. Келесі ауырғанға дейін антибиотиктерді сақтамаңыз, мерзімін қадағалыңыз. Басқа біреуге тағайындалған антибиотиктерді қабылдамаңыз.

Ал вирусқа қарсы антибиотикті мүлдем қабылдауға болмайды: антибиотиктер бактерияларды өлтіреді, вирустармен күресе алмайды.