Мемлекет басшысы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Өркен» мектеп-интернатына барды, - деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
– Ғылым, білім деген өте маңызды. «Білімді мыңды жығады» деген даналық сөз бар. Білім – қазіргі аумалы-төкпелі заманда ең күшті, ең тиімді құрал. Білімді болсаң, барлық қиындықтарды еңсересің. Міндетті түрде. Сондықтан біздің мемлекетіміздің үлгілі, лайықты, абыройлы азаматтары болыңдар. Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда, – деді Мемлекет басшысы.
Өңірдегі 499 мектепте 206 мыңға жуық оқушы білім алады. Оның ішінде 21318 бала бірінші сынып оқушылары. Мектептердегі орын тапшылығына қатысты мәселені шешу үшін 2022-2025 жылдары 16 мектеп, оның ішінде үшеуі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік есебінен, сондай-ақ бір жеке мектеп салу жоспарланған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауыл мектептерін жаңғырту жұмыстары туралы мәлімет берілді. Биыл өңірде 166 мектеп жөндеуден өткен және 2025 жылға дейін 299 мектеп жаңғыртылады деп жоспарланған.
Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарағанды облысының барлық білім беру нысандарында дабыл түймешелері мен хабар беру жүйелері орнатылған. 300-ден астам бала оқитын мектептерде арнайы күзет қызметі жұмыс істейді және турникеттер қойылған.