мұрағат
Негізгі бет  >  Таразы  >  Руханият  >  Домбыра Party халықаралық трендке айналды!
Домбыра Party халықаралық трендке айналды!
17.07.2013 20:16 Кәмшат Тасболат
0 954
Бір топ белсенді қазақ блогерлері бастаған Домбыра Party шарасы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ірілі-кішілі қалаларды шарлап, әлемнің ірі қалалары – Порту, Берлин, Анкараға дейін ұласып кетті.

Жақында Астананың 15 жылдығына орай белсенді блогер, аудармашы Нұрғиса Асылбеков шетелде оқитын қазақ жастарының басын қосып, Лондон мен Ыстамбұл қалаларында мерекелік Домбыра Party-ді ұйымдастырды. Бір қуанарлығы, Лондондағы шараға 40-қа таяу қазақ азаматы жиналса, Ыстамбұлдағы флешмобқа 30-дан астам қыз-жігіт келіп, домбыра үнінің шетелде күмбірлеп, танылуына атсалыса білді. Бұған шетелдік азаматтар мен туристерді тағы қосыңыз. Шетелде оқып жатқан студенттер мен тұрып жатқан қандастарымыздың айтуынша, Астана күніне орайластырылған бұл мерекелік шара жастардың елге деген сағынышын басуға сеп болып, патриоттық сезімдерін көтерген. Осы орайда жастар «Айқын» газетіне өз пікірлерін білдірді. 


Нұрғиса АСЫЛБЕК, аудармашы, блогер: 


Дала сазынан нәр алған ұрпақ әлжуаз болмайды


– Бүгінгідей алабөтен құнды­лықтар алға шыққан заманда оған төтеп берер рухани иммунитетке қажеттілік оянары сөзсіз. Қазақ ықылымнан домбыраның қоңыр үнінен рухтанған, қуаттанған. Қазір қарап отырсам, айнал­дыр­ғаны бір жылдың көлемінде ти­тім­дей ғана флешмоб халықаралық трендке айналды, жер-жердегі қандастарымызды ұйыстыра білді. Лондон мен Ыстамбұлда өт­кен Домбыра Party-де ерекше ұнағаны – сол қалаларды мекен­деген қазақтар думан барысында бір-бірімен етене танысып, теле­фондарымен алмасып жатты. Бөг­де елде бөтенсімей, ынтымақ­тасуына да дәнекер, демек, бұл кештер. 


– Шетелде Домбыра Рarty ұйым­дастыру барысында қандай қызықтар болды? 


– Домбыра Party-дің қызық­тары аз емес. Мысалы, Пор­тугалия­да өткен патиде елге дом­бырасымен кірмек болған за­­ман­­­­дас­тарымызға кеден беке­тіндегілер күмәнмен қарапты. Домбыраны сол жерде жарып, ішінде жат нәрсенің жоғына көз жеткізген. Біздікілер кейіннен қақ айрылған домбыраны қайта желiмдеп, думанды ойдағыдай өткізген. Бұл да болса табандылық шығар. 


Лондондағы патиде арамызда ағылшын апа болды. Егде жастағы кісіге бұл жайт қызық болғандай. Көргенім – екі ішектен шыққан сазға еліді, билеп те жіберді.


7e979d8c85d82889cea799f86ae5eafc.jpg


Ыстамбұлдағы пати өткен күндері Рамазан айы басталып кетіп еді. Қала берді, оқу маусымы тәмам боп, студенттердің басым бөлігі елге қайтқан кез. Сонысына қарамай, қаланың орталығында, Айя Софья мен Сұлтанахмет мешіттері аралығына әжептеуір адам жиналды. Ол жер туристердің молынан шоғырланған жері екен – әрлі-берлі өтіп жатқан ше­телдіктер бір сәтке кідіріп, сүйсіне құлақ түргеніне куә болдым. Бұл ауылымыздың алты ауызының шартарапқа тарауының кәнігі мы­салы демей гөр...
– Бұл шараны ұйымдас­ты­ру­дың қандай қағидаттары бар? Шектеулер қойылатын тұстар бар ма?
– Жалпы, «әу» демейтін қазақ жоқ. Бұл істі кәсіпке айналдырып, консерваторияда біліміне ұштай­тындар аз емес. Домбыра патидің көркін негізінен әуесқойлар қыз­дырады. Кәсіби әнші-күйшілер келсе құба-құп, оларға да шешіліп ән айтуына, күйін орындауына мүмкіндік беріледі. Бұл тұрғыда ешқандай шектеу жоқ. Тек шектеу – саяси-діни сарындағы мәтінді тықпалағысы келетіндерді шорт кесеміз. Былтыр Астанада патиді бастап, өткізіп жүргенімізде, ара­кідік жазба ақындар келіп, өлең­дерін оқуды сұранған. Бетін қайтарғың келмейді, бірақ кейде форматқа келіңкіремейтін сөздер ұшырасып жатқасын, ол ойдан кейінгіде баз кештік. Өлеңін оқығысы келетіндерге сыпайы түрде мән-жайды түсіндіруді қол­ға алдық. 


Ерекше қуантатын жайттар­дың бірі – патиге жас өрендердің келуі. Әдетте апа-аталарына еріп келеді. Даңғаза, құнарсыз музы­каға еліре бермей, дала сазынан нәр алған ұрпақ әлжуаз болмақ емес. Біз кішкентайларымыздың келгеніне ерекше қуанамыз, дом­быра сазы бірінші кезекте солар­дың құлағына құйылғаны мақұл.


– Домбыра Party-ге жасы үл­кен кісілердің сынмен қарап жат­қаны қаншалықты орынды? 


– Рас, өткенде ток-шоулардың бірінен өнер саласындағы бір апайдың домбыраның көшеге шы­ғып кеткенін қынжыла айтқа­нын көрдім. Уәжі – бұл іспен кә­сіби мамандар шұғылдануы керек екен. Бұған енді әркім өз өресіне сүйеніп, қарсы уәж айтар. Бір анығы – ортақ қазынаны меншік­теуге болмайды, ортақ құнды­лыққа иелік етпек – таяздық сияқты. 


Білесіз бе, Домбыра патиді өткізушілер – басыбайлы жұмыс­бастылар. Ерігіп жүрген ешқай­сысы жоқ. Бастаңғыны арзан ойын-сауық үшін өткізіп жатыр деушілер және қателесер: бара-бара өрісі кеңейіп, жағрапиясы әріге кеткен Домбыра флешмобы дүркіреп жатыр! Үкіметтен бір тиын ақша сұратпай, ешбір грант атаулыға тәуелді болмай, өздігінен өтіп жатқан дүние бұл. Қазақ са­харасынан домбыра ренессансын байқайсыз. Оның шашбауын кө­тере алу бізге серт. Домбыраның үні барда келімсек түсініксіз үнге жастарымыздың бой алдыр­ма­сы­на сенеміз. Домбыраны бірінші кезекте өзіміз керек қылуымыз шарт. Өзімізді өзіміз жарылқап алуымыз керек. Төрде ілінулі тұр­ған домбыра жай аксессуар боп қалмауы тиіс. Біздің көксегеніміз осы.


5b6cb56e230feca0067140665ab4f06f.jpg


Іңкәр ОСПАНБЕК, Лондон қаласы: 


– Домбыра Party туралы ең алғаш Facebook әлеуметтік желі­сінен естідім. Суреттер мен пі­кірлерді көріп, бұл жобаға қызыға бастадым. Біраз уақыттан кейін бұл әлеуметтік желіден Нұрғиса ағамыздың жазған постын оқы­дым. Ол жерде бұл кісі Лондонға келетінін және Домбыра Party ұйымдастыратынын жазып, осы жерде жүрген қазақтардың хабар­ласуын сұрапты. Әрине, мен де бұл мәселе қашан шешіледі екен, нақты болатын уақыты мен жері қашан анықталады екен деп біраз уақыт күттім. Кейін анық-қаны­ғын білдік. Сүйінші хабарды желі бойынша жан-жаққа тараттық.
Әрине, басында «Лондондағы Домбыра Pаrty-ге аз адам келіп, ұят болып қалмағай» деп те уайым­дадық. Себебі жанымда жүр­ген қазақ студенттерінің көбі­сінің оқуы аяқталып, басым бөлігі елге оралған болатын. Бірақ 6 шілде – Астанамыздың туған күнінде «University College London» атты оқу ордасында өткен шараға, абырой болғанда, 40-қа жуық қазақ жиналды. Жиналып қана қоймай, Нұрғиса ағамызды қолдап, өздері де домбыраны қол­ға алып, өнерлерін көрсетті. Кө­шеде серуендеп жүріп, бізді кез­дестіріп қуанған қазақтар да бол­ды. Домбыраның үнін естіп, арамызға келіп қосылып жатты. Біраз қазақ бауырларымыз шетел­де жүріп, өз елін сағынғаны байқалды. Осы Домбыра Party ар­қылы елден жырақта жүрген қа­зақтардың көбісі өздерін Қа­зақ­станда болып-қайтқандай сезін­ген шығар. Себебі айтылған әндер, тартылған күйлер шын мәнінде Қазақстанға деген сағы­нышымызды біршама басты деуге негіз бар. Осындай қазақтардың басын қосатын, елге, жерге деген сүйіспеншілігін арттыратын, ру­хы­мызды асқақтататын бастама­лар көбейе берсе екен деп тілей­мін. Ал мен өз кезегімде Домбыра Party-дің Лондонда жалғасын та­буын қадағалап, септігімізді ти­гізуге әзір екендігімізді баса айт­қым келеді.


Жанаргүл ХАЛИДУЛЛИНА, Лондон қаласы: 


– 6 шілде күні өткен «Домбыра Party» Лондонда домбыра үнін аңсап жүрген бір топ қазақтың көңілін көтеріп, елге деген сағы­ныштарын сәл-пәл болса да басуына септігін тигізді. Жалпы, өз басым Домбыра Party туралы бұрыннан Фейсбуктағы топтар арқылы оқып, видеоларын тама­шалап, «бұл флешмоб бізге де жетсе екен» деп ойлап жүргенмін. Себебі бұл тек өнеріңді тамаша­лату ғана емес, Лондонның түк­пір-түкпірінде жүрген жерлестер­мен танысып, жаңа достар табуға да себепші болды. Бізге мәлім, Домбыра Party-дің негізгі мақсаты да «әу демейтін қазақ жоқ» деген ұстанымды насихаттау, кез келген «мен қазақпын» деген адамның күмбірлеген домбыраны ойнай алатынын дәлелдеу ғой. Лондон төрінде орын алған осы шара да өзінің діттеген мақсатына жетті деп ойлаймын. Бастамашы топқа шығармашылық табыстар тілей­мін! Нағыз қазақтың қазақ екен­дігінің дәлелі – домбырамыздың қоңыр үні әлемнің әр түкпірінде шалықтай берсін! 


Руслан БІЛӘЛОВ, Лондон қаласы: 


– Әрине, Лондонда өткен шара тек маған ғана емес, барша жерлестерімізге ұнаған сияқты. Мәселен, менің Лондонда оқуда жүргеніме 4 айдан асып барады, елімізді, жерімізді және туған-туыстарымызды сағынып кеттік. Бұл арада еліміз Астана күнін дүрілдетіп тойлап жатқан кезде 15 жылдыққа сый ретінде Лондонда Домбыра Party-дің ұйымдасты­рылғаны дұрыс болды. Тіпті дом­быра үнін естіп, елімізге барып-қайтқандай сезімде болдық. Жи­­нал­ған жерлестеріміздің кө­ңіл­дері көтеріліп, марқайып қал­ды. Әсіресе, жастар үшін мұның тәр­биелік мәні зор. Жастардың ай­ту­ынша, бұл шара олардың патриот­тық сезімдеріне оңтайлы әсер етті. Лондонда қандаста­ры­мыз бар­шылық. Көбісінің жүре­гін­де елге деген сағыныш бар. Сон­­дықтан елдің рухы мен жас­тардың патриоттық сезімін көте­ретін мұндай шаралар қажет-ақ. 


Хайролла МАСАДЫҚОВ, Ыстамбұл қаласы: 


– Ыстамбұлда Домбыра Party осымен екінші рет ұйымдасты­рылды. Әрине, екі шара да өте жоғары деңгейде өтті деп баға бере аламын. Себебі Түркияда өткен алғашқы Домбыра Party-ге Мәдениет қайраткері Арысланбек Сұлтанбеков қатысса, екіншісіне осы шараны алғаш ұйымдас­ты­рушылардың бірі Нұрғиса Асыл­беков қатысып, өз өнерін паш етті. Меніңше, Домбыра Party түрік жерінде өз елін сағынып жүрген отандастарымыз бен жер­гілікті қандастарымыздың сағы­ны­шын басуға бағыттылған игі іс-шара болды. Сондай-ақ бұл флешмоб ұлттық аспабымыз дом­быраны әлемге таныту бағытында атқарылған маңызды бастама бол­ды деп есептеймін.

Тақырып бойынша соңғы жаңалықтар
Жоқтаушысы жоқ сөз – жетім...
14.08.2014 16:07
0
152
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қала­ғаң, Қалихан Ысқақ өмірден өтті. Қазақ сөзінен кесте тіккен көрнекті жазушымен қоштасу Жазушылар одағының екінші қабатында болды.
ҚОҢЫР КҮЗГЕ КЕТТІҢІЗ...
11.08.2014 06:35
0
166
Қазақ әдебиетінің классигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қалихан Ысқақ дүниеден өтті... Сонау бір салқын жылдарда «Қоңыр күз еді» атты шағын хикаятыңызбен жы­лылыққа зәру қоғамның кілтін тап басып едіңіз. Бұл – заты мүлде бөлек шығарма болатын.
Жұмбақ жауынгерлер жатқан жер
28.07.2014 23:10
0
134
Ресейдің Новгород облысы, Марево ауданы, Кушелово елдімекенін неміс басқыншыларынан азат ету жолында жан тапсырған қазақстандық жауынгерлердің ұрпақтары іздестіріледі.
пікірлер (0)
МультиВход
Аноним