Өмір сыйла өренге...

30.07.10.

«Үй» қайырымдылық қоры «Балаларға өмір сыйла» атты деректі фильмнің тұсаукесерін жасады.
Фильмді жасаушылар әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасылардың жүрек ақауы, созылмалы бүйрек аурулары, әртүрлі қатерлі ісіктер секілді елімізде операция жасау мүмкіндігі аз дертке шалдыққан балалардың қамқорлық іздеп алғаш келген сәтінен емделіп, айыққан шағына дейінгі тағдырын әңгімелеуге тырысыпты. Қайырымдылық қорларының жұмыс істеу тәртібін, жиналған қаржының «мөлдірлігін», қаржының нақты адрестерге жеткізілуін аталған фильм барысында танып білуге болады. «Көмектесуге көмектесу» принципінің негізінде әрекет ететін «Үй» қайырымдылық қоры 2007 жылдың ақпанынан бастап 241 баланың өмірін арашалап қалған. «Әрбір бақытты отбасы бір-біріне ұқсас, ал әр бақытсызы өзінше бақытсыз» болатынындай, 241 баланың тағдыры - екі жүз қырық бір шаңырақтың ғана емес, тұтас мемлекетіміздің тағдыры ешкімді бей-жай қалдырмаса керек. Қамқорлық пен көмектесу ұғымдарының мүсіркеу мен аяушылық ұғымдарынан жоғары тұратынын фильм кейіпкерлері - дертке шалдыққан бейкүнә сәбилер мен шарасыз ата-ананың көз жасы айтатындай. Сондай-ақ олардың жүзінен қоғамдық қарым-қатынастардың ізгіленуі, адамның адамға сенуі қоғам мүшелерінің бір-біріне қол ұшын беруімен, жанашырлық танытуымен қалыптасатынын көруге болады. Көптеген ірі компаниялар, атап айтқанда «Aіr astana», «Petro Kazakhstan», «Казкоммерцбанк» осы жобаны қаржыландырудан шет қалған жоқ. Өкінішке қарай, мемлекетіміздегі медицина саласында балалар кардиохирургиясы енді ғана алғашқы даму кезеңдерін бастан кешіруде. Мамандар пікірінше, бізде туғаннан пайда болатын жүрек ақауларын емдейтін аппаратуралар тұрмақ, алты айға толмаған қызылшақаларға операция жасайтын хирургиялық құрал-саймандар да жоқтың қасы. Сондықтан да барлық операцияларды шетелдерде жасатуға тура келеді. Академик Камал Ормантаев сырқат аналардан сырқат балалар туылатынын, оның алдын алу үшін ең бірінші әйел денсаулығын түзеуге баса назар аудару қажеттігін айтады. Әйел саулығы - ұлт саулығы, ұлт саулығы - мемлекет болашағының тұғыры.
- Адамды адам ететін қасиеттердің бірі - ержүректілік. Осы қасиет отандастарыңның тағдырына немқұрайлы қарамауды үйретеді. Мен бұл акцияны «Халықтық акция» деп атар едім. Осы қор құрылғалы бері қиын сәттерде бүкіл халықтың бір адамға айналып, бір адам болып ойлана алатынына көзіміз жетті, - дейді, «Үй» қайырымдылық қорының директоры Аружан Саин.

Ерлан Жүніс