| Амантай ДОСҚАЛИЕВ: Басшы ең алдымен өзіне талап қоя білуі керек |
| 30.07.10. ![]() «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы еліміздің батыс аймағындағы темір жол инфрақұрылымын дамытуға айрықша назар аударып, 2009-2011 жылдарға арналған «Батыс даму» бағдарламасын жасағаны белгілі. Бағдарлама батыстағы жолаушы тасымалдау шаруашылығын қалай дамытуда? «ҚТЖ» ҰК» АҚ еншілес кәсіпорыны «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамының «Батыс» аймағы филиалының директоры Амантай Досқалиевпен сұхбатымыз осы тақырыптан өрбіді.
- Амантай Нағымұлы, батыс өңірдегі жолаушы тасымалы шаруашылығында оң өзгерістер орын алып жатыр. Сол туралы өз аузыңыздан естісек... - Жолаушы тасымалы шаруашылығының жұмыс көрсеткіші жолаушы айналымымен өлшенеді ғой. Осы тұрғыда айтсам, Батыс аймақта жолаушы пойызының қызметіне жүгінетіндер күн санап артып келеді. Мәселен, осы жылдың өзінде-ақ, дәлірек айтқанда, алғашқы жарты жылда «Батыс» аймақтық филиалы бойынша жолаушы айналымына берілген жоспар 107,7 пайызға орындалды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 9,2 пайызға көп. Жолаушы жөнелту жоспары да 6,5 пайызға артты. Бұл көрсеткішті былтырғы жылмен салыстырсақ, онда 4,4 пайыздық өсімді көреміз. Жолаушы тасымалдаудан түскен кірісіміз 277988 мың теңгені құрады. Яғни, меже 105,9 пайызға орындалды. Айта кету керек, кіріс көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен өлшеп қарағанда 19,9 пайызға артқан. Өндірістік-қаржылық көрсеткіштердің бұлайша өсуіне жолаушы жиілігі жоспарының артуы ықпалын тигізіп отыр дер едім. Мәселен, біз осы жылдың наурыз айынан бастап №34/33 Ақтөбе-Алматы пойызын, ал мамыр айынан Маңғышлақ - Кунград бағытындағы тіркемелі вагонды күн сайын жүретін кестеге көшірдік. Былайша айтқанда, сұранысқа сай ұсыныс жасадық. - Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Шафхат Өтемісов Астана-Орал пойызы шығарылса деген мәселе көтерді. Бұл мүмкін бе? - Бұл пойызды жолға шығару үшін үлкен дайындық жасалуы керек. Мәселен, жолаушы пойызына арналған парк салу қажет. Бұл айтуға жеңіл болғанымен, жүзеге асыруға келгенде өте қиын. Қомақты қаржы өз алдына, жолаушы вагондары да қажет болады. Әрине, мүмкіндік болып, вагондар жетіп жатса, біз де бірде-бір вагонды бос тұрғызбаймыз ғой. Есесіне, алдағы уақытта Астана-Атырау жолаушы пойызы жолға шығып қалуы мүмкін. Егер бұл мәселе министрлік тарапынан оң шешімін тапса, астаналықтар мен атыраулықтар арасында темір жол арқылы байланыс орнайтын болады. Дәл қазіргі таңда Батыс өңірдің орталығы - Атырауда жолсеріктер резерві кешені салынуда. Бұл кешенде жолаушы пойыздарына арналған алты жолдан тұратын парк болады. Әкімшілік-тұрмыстық кешенінде жолсеріктер үшін тиімді жағдай қарастырылған. Қазақ тілі кабинеті мен техникалық кабинет те жұмыс істейтін болады. Жыл соңында пайдалануға беріледі деген жоспарымыз бар. - Батыс елдерінің фильмдеріндегі жүйткіген жолаушы пойыздарын көргенде, біз қашан сондай жүрдек пойыздармен жүрер екенбіз деген ой келеді. Бұған не айтасыз? - АҚШ, Жапония, Еуропа елдері, іргеміздегі Қытай елдеріндегідей жүрдек пойыздарға, ондағы сервистік қызметке қол жеткізу үшін жаңа үлгідегі вагондар келуі керек. Сонымен бірге, болат жолдарымыздың жағдайы жоғары жылдамдыққа төтеп беретіндей болуы тиіс. Енді бұл бағытта жолдарды күрделі жөндеуен өткізу, ағаш шпалдарды темір-бетон шпалдарға алмастыру сияқты ауыз толтырып айтарлық жұмыс жүріп жатыр. Жаңа үлгідегі жолаушы вагондарын да өзіміз құрастыруды қолға алудамыз. Сондықтан ондай күн туады деп сенемін. Ал дәл қазіргі таңда қолданыстағы вагондардың қызмет көрсету мерзімі өтіп барады. Жолаушы вагондары паркінің жартысының пайдалану мерзімі отыз жылдан асты. Вагондардың қызмет көрсету мерзімі өткен сайын, оның жылдамдығы да төмендей береді. Автокөлігің ескірген сайын сақырлап жүрісінен мән кетеді емес пе? Вагондар да сондай халде. Бірақ, вагон ескі екен деп қол қусырып отыра беруге тағы да болмайды. Сондықтан біз жолсеріктеріміздің тарапынан көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға баса назар аударып отырмыз. Ескі вагонның өзін жинақы, таза ұстап, жолаушыға жылы жүзбен қызмет көрсетсе, жолаушының да көңіл-күйі көтеріңкі болады. Бұған қоса, жолаушылардың пойыздағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ай сайын әрбір пойыздың бригадаларымен қалыптан тыс жағдайда әрекет ету жөнінде нұсқаулық жүргіземіз. Себебі, «жаман айтпай, жақсы» жоқ дегендей, жол үстінде түрлі жағдайлар орын алады ғой. Сондай кезде жолаушыларды сабырға шақырып, пойыздың техникалық ақауын жоюда қалай әрекет ету керегін пойыз бригадаларының жадында жаңғыртамыз. Осындай іс-шаралардың нәтижесі деу керек, жыл басынан бері пойыздық және маневрлік жұмыстарда ешқандай ақау оқиғасына жол берілген жоқ. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының президенті Асқар Мамин республикамыздағы темір жол саласын дамытудың жеті маңызды міндеттерін айқындап берді. Соның ең маңыздысы - жоғары жылдамдықтағы жолаушы пойыздары қозғалысын ұйымдастыру болып табылады. 2011 жылдан 2015 жылға дейін белгіленген жоспар шеңберінде ірі темір жол тораптары арасындағы жолаушылар тасымалының жылдамдығы айтарлықтай артатын болады, ал жоғары жылдамдықтағы пойыздар жүретін темір жол желілерінің ұзындығы 7800 шақырымға жетеді. Мәселен, Астана мен Атырау арасына қатынауға кететін уақыт 43 сағаттан 19 сағатқа дейін төмендейді. Ал Алматы мен Ақтөбе арасындағы жолдың ұзақтығы 42 сағаттан 22 сағатқа кемиді. Сонымен қатар, жекелеген бағыттардағы маршруттық қозғалыстың жылдамдығы да екі-үш есеге дейін өсетін болады. - Бір шаңырақтың астында болған жолаушы тасымалдау шаруашылығы да бір-бірінен бөлініп кетті. Бұл жолаушы тасымалдауды тиімді ұйымдастыруға кері ықпал етпей ме? - Жолаушы шаруашылығындағы сол өзгерістерден кейін бірнеше кәсіпорын пайда болды. Бір-біріне бағынғысы келмейтін мекемелер де жоқ емес. Енді солардың басын біріктіріп отыру үшін «Жолаушы тасымалы» АҚ-ның Батыс аймақ бойынша өкілдігі құрылды. Мен «Батыс» аймақтық филиалының директорлығымен қоса, «Жолаушы тасымалы» АҚ президентінің Батыс аймақтағы өкілі қызметін де атқарамын. Бұл қызмет маған өңірдегі жолаушы тасымалдауға қатысатын кәсіпорындардың басшыларын жинап, жұмысты үйлестіруді жүктейді. Сөз басында айтқан жемісті жұмыстың бәрі де осынау шаралардың нәтижесі деуге болады. - Амантай Нағымұлы, кәсіби мереке қарсаңында «Құрметті теміржолшы» белгісін алыпсыз, құтты болсын. Сіздің мектепті алтын медальмен бітіргеніңізді де білеміз. Үнемі үздіктер қатарынан көріну өмірлік ұстанымыңыз ба? - Мен Шалқарда туып-өстім. Сол шалқарлықтардың арасында «Құрметті теміржолшы» белгісін бірінші болып Дәрменқұл Қалағанов деген кісі алған-ды. Бұл Шалқардағы теміржолшылар үшін үлкен қуаныш болғаны есімде. Себебі, біз мектепте оқып жүргенде Дәрменқұл ағамен кездесу өткен. Сол кездесуден кейін біз де осы кісідей болсақ деп ойлағанымыз рас. Бірақ атақ қуып соңына түскен емеспін. Мектепте де алтын медаль алу үшін тырысқан жоқпын. Тиісті тапсырмаларымды орындап, бар бала сияқты үздік оқыдым. Сосын арман қуып Алматыға келдім, оқуға түстім. Ал өмірлік ұстанымым - өз күшіме сену. Адам үнемі ізденісте жүріп, өзіне талап қоя білсе, оны өмірдің өзі-ақ үздіктер қатарына әкеліп қосатын сияқты ғой. Әсіресе, мына басшылық қызметте жүргенде ұжымыңа үлгі болу асқан жауапкершілік жүктейді. Сондықтан мен қай істі қолға алсам да бірінші кезекте өз-өзіме талап қоямын. Сосын барып өзгелерден талап етемін. Ал менің қандай талапшыл екенімді өзгелер айтуы керек деп ойлаймын. - Әңгімеңізге рақмет. Сұхбатты жүргізген Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
|