Қауіп қалдықтан кеп тұр

30.07.10.
Алматы облысының аумағына орналасқан қатты қалдық төгілетін полигондардың «ахуалын» тексеріп қайтқан жергілікті мемлекеттік тазалық-індет қадағалау департаментінің қызметкерлері осылай дабыл қағып отыр.
Облыстық Тазалақ-індет қадағалау департаменті бастығының орынбасары Ғалия Әбдірахманованың пікірінше, қазіргі күні облыс аумағында 319 қалдық жинайтын полигон жұмыс істейді. Тазалық-індет қадағалау дәрігерлері жүргізген арнайы тексеру барысында, осы полигондардың 29-ның талапқа сай келмейтіндігі анықталған.
- Талапқа сай келмейтіні сол, ең алдымен, мұндағы 29 қалдық полигонындағы қалдық төгілетін алаңқайлардың көлемі өте тар. Алаңқайдың тарлығынан мұнда көп көлемдегі тұрмыстық қалдықтарды сақтау әсте мүмкін емес. Қайсыбір полигондардың топырағы бұрқырап, шаңы шығып жатыр. Өйткені қалдық төгілетін алаңқай не бетондалмаған, не жол төселмеген. Ал түнде бара қалсаңыз, жарықтың жоқтығынан сүрініп жығылуыңыз ғажап емес. Бұған қоса, облыстағы 319 қалдық полигонының 29-ына қарасты аумақ әлі күнге қоршалмаған, өртке қарсы қызмет талаптары да ескерусіз қалған. Тіпті 29 полигонның барлығында дерлік тұрмыстық қалдықтарды қабылдау кестесі әлі күнге жасалмаған. Бұған қоса, қалдық полигондарының басым көпшілігінде өндірістік-техникалық қауіпсіздікті сақтау шараларынің, тіпті де сақталмайтындығы анықталды. Атап айтқанда, мұндай өрескел жағдайлар Қарасай ауданына қарасты Алғабас ауылындағы, Жәркент, Қаскелең, Талғар, Талдықорған және Үштөбе қалаларындағы қалдық сақтау-өңдеу полигондарында орын алып отырғанын жасыруға болмас. Назар аударарлық тағы бір жайт, полигондардың басым көпшілігінде мұнда жеткізілген тұрмыстық қалдықтардың сұрыпталмайтындығы, қандай да бір жұқпалы аурудың таралмауы үшін дизенфекциялау шараларының мүлде жүргізілмейтіндігі, қалдық жеткізілген автокөліктердің талапқа сай жуылмайтындығы, қалдықтарды тасымалдайтын арнайы техникалардың жетіспейтіндігі анықталды. Бір өкініштісі, әлі күнге облыс көлемінде тұрмыстық қалдықтарды жоятын мамандандырылған кәсіпорынның жоқтығы қынжылтады. Осының салдарынан тұрмыстық қалдық атаулының барлығы бірден қалдық полигонына жеткізелетін болып шықты. Егер бізді облыс тұрғындарының денсаулығы, экология мәселесі ойландырса, онда мұндай кемшіліктерге әсте жол беруге болмайды, - дейді Алматы облыстық мемлекеттік тазалық-індет қадағалау департаменті бастығының орынбасары Ғалия Әбдірахманова.
Бір айта кетерлігі, аталмыш департаменттің тазалық дәрігерлері қалдық полигондарындағы ахуалды түбегейлі жақсарту мақсатында 238 рет әкімшілік шара қолданып, полигон басшыларын тәртіпке шақырған. Десек те, қайсыбір полигон басшылары бұл іске жүрдім-бардым қарауын қояр емес. Бәлкім, осынау маңызды іске облыс әкімі араласса, жағдай түзелер деген үміт те жоқ емес.

Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ