| Ауған ардагерлері неге өкпелі? |
| 30.07.10. Еліміздің Ауған соғысы ардагерлері Мәжіліс депуттары мен билік өкілдеріне өкпелі. Өйткені ауған соғысының ардагерлері ретінде жасалынған түрлі жеңілдіктерден қағылып жатыр. Жақында ғана олар Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен қатар бірінші кезекте баспана алу құқығынан айырылғандықтарын біліпті.
Мәселенің мәнісіне келер болсақ, біраз уақыт бұрын «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық ұйымдарын үйлестіру Кеңесі» қалалық әкімшілікке Ауған соғысының ардагері - Марат Досмұхамбетовке бірінші кезекте тұрғын үй беру туралы өтініш түсіріпті. Ал тұрғын үй департаментінен келген жауапта «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға мамыр айында енгізілген өзгерістерге сәйкес, «ауғандықтар» мен «чернобыльдіктер» бірінші кезекте үй алу құқығынан айырылғандығы жазылған. Енді мемлекеттік тұрғын үй қорынан ҰОС ардагерлері ғана бірінші кезекте үй алып, Ауған соғысының ардагерлері жалпы кезекпен жүретін болыпты. - Біз мұндай өзгерістің енгізілгені туралы жаңа біліп отырмыз. Департаменттен тұрғын үй кезегіндегі басқа азаматтардың құқықтары бірдей деген жауап алдық. Біз соңғы он жыл бойы «Соғысқа қатысқандар туралы» жаңа заңның қабылдануына күш салып келеміз. Өйткені бұрынғы заң жобасы ескірген. Бірақ, өкінішке қарай, бізге қатысты заңдарға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды заң қабылданып кеткен соң ғана білеміз, - дейді «Жауынгерлік бауырластық» одағының басшысы Сергей Пашевич. Алматы әкімшілігі жанындағы «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық ұйымдарын үйлестіру Кеңесінің» төрағасы Мұрат Абдушукуровтың айтуынша, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға егізілген өзгерістер қолданыстағы Ауған соғысы ардагерлерін әлеуметтік жағынан қорғайтын №2247 заңға қарама-қайшы келеді. Бұл заң бойынша, «ауғандықтар» Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілген. Тіпті «ауғандықтардың» әңгімелеуіне қарағанда, еліміздің соттары пен прокурорлары мұндай заңның бар екендігінен бейхабар екен. - Қолданыстағы №2247 деген заң біздің құқықтарымыз бен міндеттерімізді анықтайды. Осы заң бойынша, біз ҰОС ардагерлері секілді мемлекеттік тұрғын үй қорынан бірінші кезекте баспана алуға құқылымыз. Біздің депутаттар қабылдаған екі заң бір-біріне қарама-қайшы келіп, алғашқысында өз құқығымыздан айырылсақ, соңғысында ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер ретінде қалып отырмыз, - дейді Мұрат Мұхтарұлы. Олар биліктің ардагерлерді «ана соғысқа, мына соғысқа қатысқандар» деп бөліп тастағанына наразы. Өйткені соғыстың жақсысы жоқ, қандай майдан болмасын, жауынгерлер жарақат алады, мүгедектікке ұшырайтындығын айтады. Қазір Алматы қаласы бойынша, тұрғын үйге кезекке 600-ден аса ардагер тұр екен. Олардың жылына көп болса 2-3-уі ғана баспаналы болады. Кеңес кезінде болған жеңілдіктер, егемендік алғалы әлеуметтік жәрдемақыға ауыстырылғаны белгілі. Ал жаңа өзгеріс ауған соғысында денсаулығын қалдырған жандардың әлеуметтік жағдайын, тіптен ауырлатып жіберуі мүмкін. Өйткені олардың басым бөлігі елуге келіп қалған азаматтар. Не басында баспанасы, не денсаулығы жоқ жауынгерлер жайын кім ойламақ? Сондықтан қоғамдық ұйым өкілдері Мәжіліске сұрау салған көрінеді. Бірақ тұщымды жауап ала алмаған «ауғандықтар» күзге салым Премьер-министрмен кездесіп, заңға осындай өзгерістерді енгізуді кім ұсынғанын, оны қалай қабылдап жібергенін анықтамақ. Үмітжан ЖАПАР |