Жаңа ғасырдың жаңа ауылы

30.07.10.

Биылғы наурызда бүкіл республиканы алаңдатқан су тасқыны салдарынан жер бетінен жоғалып кетке жаздаған Қызылағаш ауылының апаттан соңғы жағдайын алғаш көргенде, кеше ғана күре жолдың бойында айрандай ұйып отырған үлкен елді мекенді қайта қалпына келтіру мүмкін еместей көрінген.
Дегенмен көптің көмегінің және Елбасы және Үкімет басшысының тікелей қадағалауының арқасында көптен бері асыға күткен күн де келіп жетті. Қазір Қызылағашты бұрынғы ауылмен салыстыра алмайсыз. Салтанаты мен сымбаты келіскен, заманауи материалдардан тұрғызылған баспаналар бой көтеріп, көшелер реттеліп, бақ отырғызылып, жолдар төселді. Түп-түзу көшелер жиегіндегі арықтарда сылдырап су ағып жатыр. Әр үйдің жанына жеткізілген таза ауызсу құбырлары үйлерге енгізілуде. Тоқетерін айтқанда, шатырлары алыстан көзге шалынатын, жасыл желекке бөленген Қызылағаштай абаттандырылған ауылды бүгінде басқа өңірден кездестіре алмайсыз.
Қызылағаштағы Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектеп салынғанына біраз жыл өткен көнелеу, екі қабатты ғимаратқа орналасқан. Адамдар баспанасыз қалған алғашқы апталарда іші тазаланған мектеп уақытша пана болды. Кейіннен шатырлы қалашық орнаған соң, мұнда атқарылар жұмыстың жоспары жасалып, мақұлданғаннан кейін күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Жөндеуге бөлінген 226 млн теңге белгіленген мерзімде тиімді игерілді.
Қызылағашта жиырма жылдан бері балабақша болмаған. Ауылды қалпына келтіру жұмыстары басталар алдында осы мәселеге көңіл бөлген облыс және аудан басшылығы, жергілікті тұрғындардың балабақша жайлы ұсыныстарына қолдау жасаудың мүмкіндігін қарастыруды ойластырған болатын. Ақыры жылдар бойы қараусыз қалған үш қабатты мектеп-интернат үйінің екі қабатын балабақшаға, үшінші қабатын тұрғындарға баспана ретінде қайта жасау туралы шешім қабылданды.
«АСК Ауылқұрылыс» компаниясы балабақша мен он екі пәтерлі үйдің құрылысына бөлінген 180 млн теңгені мерзімінде игеріп, екі нысанды да мерзімінде пайдалануға берді. Үш қабатты ғимараттың төменгі екі қабатына орналасқан «Нұршуақ» балабақшасы түрлі жастағы алты топқа лайықталып, жасалып, жабдықталған. Балабақшада саз сабағына арналған бөлме, медициналық кабинеттер, асхана, кір жуатын орын, тұрмыстық қызмет көрсету және әкімшілік бөлмелері жабдықталған. Аулада балалардың ойын алаңы бар. Ал үшінші қабатта орналасқан коммуналдық үйде бір, екі және үш бөлмелі пәтерлер орналасқан. Бұл пәтерлер негізінен ауылға қызметке келген жас мамандарға берілді.
Қызылағашқа алыс-жақыннан ел-жұрттың барлығы көмек қолын созып жатқанда, қарап қалуды жөн көрмеген Алматы қаласындағы «Рахат» акционерлік қоғамы емхана үйін қалпына келтіруге қажетті 45 млн теңге қаражатты аударып, күрделі жөндеуді өздерінің көмегі ретінде қаржыландырды.
Елге пана болған емхананың ішкі сылау-әрлеу жұмыстары жүргізіліп, сантехникасы толықтай ауыстырылды. Қазандық жұмысы қалпына келтірілді. Зертхананың есік-терезелері, шатыры жаңаланды. Сонымен бірге ауылдық дәрігерлік амбулаторияға қайрымдылық көмек ретінде «Жедел жәрдем» арнайы автокөлігі сатып алынды. Медициналық құрал-жабдықтар орнатылып, сырқаттарды қабылдау жолға қойылған.
- Жасырары жоқ, осынау айтулы күнді көрер кез жете ме, жетпей ме деп күдіктенген, көңіл күпті болған кездерді бастан өткергенім рас. «Уәде - Құдай сөзі» деген, оның салмағы да иықтан жаншып, кейбір күндердегі кемшіліктер жанды жегені де естен шықпайды. Сондайда, еліміз сенген Елбасының Қызылағаштағы қайғылы оқиғаны ести салып, Үкімет басшысын апат болған ауылға аттандырып, мемлекеттік комиссия құрып, тиісті министрліктер мен біздерге зардап шеккен жандардың бірде-бірі қамқорлықсыз қалмауын талап ете тұрып тапсырғаны еске түсіп, алдағы күндерден жақсылық күттік. Соған сай бүгінгідей салтанатты күнде бірінші кезекте, Мемлекет басшысына, сонан соң оның қосшыларына, қиындықты қайыспай көтерген жергілікті жұртшылыққа, үлкен-кішісіне қарамастан қайрымдылық қолын созған қалың бұқараға, қаржылық тапшылықты елеместен өз жұмыстарына дереу кіріскен құрылысшыларға алғыс айтқым келеді.
Төрт айдың ішінде қирап жатқан елді мекеннің орнында заман талабына сай, көркі мен сәулеті келіскен мүлде жаңа ауыл бой көтерді. Бұрын болмаған балабақша, монша, спорт сарайы сынды көпшілікке арналған нысандар салынды. Саябақ отырғызылды. Тасқын құрбандарына арналып ескерткіш тұрғызылуда. Тұрғындардың барлығы жанында аумақты жер телімі бар су жаңа баспаналарға кірді. Бұдан өткен қуаныш бола ма!
Жалпы, Қызылағашта төрт айда 465 жаңа үй салынып, 30 үй күрделі жөндеуден өткізілді. Осылайша, қысқа мерзімде тұтас ауыл тұрғызылды. Баспаналы болғандардың барлығына 25 заттан тұратын жиынтықтағы жиһаздар мен тұрмыстық дүниелер, үй қажеттіліктері берілді. Амандық болса, алдағы кезде теледидар мен тоңазытқыш, мал мәселесі де өз шешімін табады. Екі мың гектарға жуық жерге егілген астықтың алғашқы алқаптары орылып, бастырылуда. Одан алынған өнімді әр отбасындағы адам басына есептеп, қылдай етіп бөліп береміз. Тек ниет бұзылмасын, ел іргесі бүтін, Елбасымыз аман болсын! Сіздердің алғашқы кездегі қайғыларыңызға ортақтасқан республика жұртшылығы қуаныштарыңызға да құтты болсын айтуда. Ендігі кезде осынау тамаша ауылды сол керемет қалпында күтіп ұстауды ойлайық, - деді облыс басшысы.
Бұнан соң жеті отбасына жаңа үйлердің кілтін тапсырды. Қысқасы, Қызылағаш кісі қызығарлық ауылға айналды.

Болат АБАҒАН
Алматы облысы