| «Қызыл перілер» жеңіліп қайтты |
| 30.07.10. ![]() Еліміздің төрт дүркін чемпионы - «Ақтөбе» бұл жолы да жанкүйерлерін қуантты. Владимир Муханов жаттықтыратын команда Еуропа чемпиондар лигасының үшінші кезеңін сәтті бастап, Израильдің «Хапоэлін» ұтты. Бірақ бұл екі қарсылас арасындағы бәсекенің тағдыры Тель-Авивте, 3 тамызда өтетін қарымта кездесуде шешілетіні мәлім.
Жеребе қызық жасалды. Өткен жылы «Ақтөбе» дәл осы жарыстың, дәл осы үшінші кезеңінде израильдік клубқа қарсы келген еді. Алайда ол кездегі қарсыласы Хайфаның «Маккабиі» болатын. Сол тартысты қос қарсылас Ақтөбеде бастап, 0:0 есебімен тең ойнаса, Израиль жеріндегі кездесуде алаң иелері 4:3 есебімен жеңіске жеткені есімізде. Хайфадағы матч екі команда жанкүйерлерінің де жадында мықтап жатталып қалған болар. Сол кездесуде жеті гол соғылды және ең қызығы, «Ақтөбе» ойын бастала сала дамылсыз шабуылдап, бас-аяғы он бес минуттың ішінде үш гол соғып, алға шыққан. Бірақ көп ұзамай ес жиған алаң иелері бірінші кезең аяқталмай жатып-ақ есеп айырмасын бір допқа дейін қысқартқан-ды. Ал үзілістен кейін «Ақтөбе» бірде-бір нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алмай, израильдіктер екі гол енгізіп жеңісті жұлып кеткен болатын. «Ақтөбенің» Израильдің тағы бір футбол ұжымына қарсы кездесуі де бастапқыдай сипат алғандай еді. Ойынның 67-минутына дейін қарсыластар қақпа кілтін таба алмай, көбінесе қорғанысқа көңіл бөлумен болды. Әрине, қонақтар үшін 0:0 есебі де жеткілікті еді. Олардың негізгі күшті қарымта кездесуге сарқып қалуға тырысатыны анық-тын. Бірақ ақтөбеліктердің қуанышына орай, 67-минутта «Хапоэль» айып алаңында тәртіп бұзылды. Швейцариялық төреші бірден пенальти белгіледі. Он бір метрлік нүктеге көпшілік күткендей-ақ, команда капитаны Самат Смақов беттеді. Израильдік ұжымның қақпашысы Эньяма осыған дейінгі сәттерде өзінің шебер қақпашы екенін танытып үлгерген еді. Бірақ Саматтың сол жақ төменгі бұрышты көздей тепкен добына ол тосқауыл бола алмады. Бұл - Смақовтың биылғы Чемпиондар лигасындағы үшінші голы. Айтпақшы, жуырда Қазақстан ұлттық құрамасы Оман елінің командасымен жолдастық кездесу өткізбекші. Осы бәсекеден Самат тағы да тыс қалатын сияқты. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, құрамамыздың бас бапкері Шторк қорғаныс шебін Михаил Рожков, Александр Киров - (екеуі де «Локомотив»), Фархатбек Ырысметов, Ренат Абдулин - (екеуі де «Тобыл»), Дмитрий Шомко («Ертіс»), Александр Кислицын («Шахтер») сынды футболшыларға сеніп тапсырғалы отыр. Ал тас қамал қорғаушы, қорғаушы бола тұра, нәтижелік жөнінен кейбір шабуылшылардың алдын орап кететін Самат Смақов өз кезегін әлі сарыла күтіп жүр. «Ел арна» арқылы елімізге таратылған кездесудің қалған бөлігі голсыз өтті. Бірақ «Ақтөбе» мүмкіндік болса тағы бір доп соғуға ниетті екенін анық аңғартты. Шабуыл шебінде Мұрат Тілешев белсенді қимылдады. Еңгезердей шабуылшыдан қатты қауіптенген «Хапоэль» қорғаушылары одан бір сәтте көз жазбай, екеулеп, үшеулеп бақылауға алды. Әлбетте, қонақтардың да қарымта шабуылдары өткір көрінді. Дегенмен «Ақтөбе» қорғанысы сыр бере қоймады. Жалқы доп артықшылығы өте сусылдақ екені белгілі. Сондықтан қос қарсыластың қайсысы келесі кезеңге өтерін болжау ертерек. Ақтөбедегі кездесудің қарсаңында «Ақтөбе» командасының бас бапкері Владимир Муханов Израильдегі күн райының қолайсыздығын тілге тиек еткен еді. Жаттықтырушының айтуынша, жаз айларында бұл елді күннің қатты ысуы өз алдына, ауа тым ылғалды болады екен. Мұндай да алаңға шығып, тер төгудің қаншалықты қиынын айтып жатудың өзі артық. Жергілікті күн райы алаң қожайындарына қолайлы, ал алыстан келген қонақтарға ауыр тимек. Десек те, өткен жылы израильдік ұжымға жалғыз доп айырмасымен ұтылып қалған «Ақтөбе» сол қателіктен қорытынды шығарып, бұл жолы есе қайырады дегенге сенгіміз келеді. Қарсылас оңай шағылар жаңғақ емес. «Хапоэльдің» жанама аты - «Қызыл перілер» екен. Бұл команда Израиль чемпионатында он үш рет топ жарыпты. АҚТӨБЕ (Ақтөбе, Қазақстан) - Шалқар ЕСТЕН |