Отыздан асып барамын...

29.07.10.
немесе еліміздегі неке агенттіктерінің қызметі қандай?

Олар батыста он жетінші ғасырдың 50-жылдары пайда болған. Үш ғасыр ішінде қызметі өркендеп, қанатын кеңге жайыпты. Нарық заманы орнағалы біздің қоғамға да сыналап кірген қызмет түрінің бірі - неке агенттіктері бүгінде бизнес көзіне айналып бара жатқандай. Бір Алматының өзінде жұбыңызды тауып, бір басыңызды екеу етiп беремін деп құлшынып отырған оннан аса осындай агенттік бар екен. Бұл біздің ғаламтордан мекен-жайларын тапқандарымыз ғана. Оларға еліміздің өзге аймақтарында «бизнесін дөңгелентіп» жүргендерді қосып қойыңыз.
Әрине, неке агенттіктерінің қызметіне еліміздегі 300 мыңнан аса отырып қалған қыздарымыз бен сүрбойдақтарымыз жүгі­неді десек, қателік болар. Дегенмен агент­тіктердің көбейіп келе жатқаны олардың қызметіне деген сұраныстың барлығын көрсетеді. Біз хабарласқан агенттіктерде тек тіркелудің өзі 5000 мен 10 000 теңге аралығында екен. Онда сурет пен жеке куәлікті алып, арнайы келісімшартқа отыр­­ғызады. Суретіңіз арнайы альбомға кіргізіліп, жанындағы сауалнама толты­рылады. Келісімшартқа отырғаннан кейін, қолыңызға ер-азаматтардың немесе қыз-келіншектердің суреттері мен мәлі­меттері бар альбомды ұстатады. Солардың ішінен ұнағанын таңдап, кездесуге шақы­руыңыз керек. Төлеген 10 мың теңге бір жыл бойы жігіт «таңдауға» мүмкіндік береді екен. Сізді де таңдайды. Олардың жарнамасына көз жүгіртсек, алдыңыздан ақбоз атты ханзада шығып, ертең-ақ отба­сын құрып, отанасы немесе отағасы ата­нып шыға келуіңіз бек мүмкін. Көпшілігі шетелдікке тұрмысқа шыққысы келетін қыз-келін­шектерге «шын көңілімен» қыз­мет көр­сетуге даяр. Тіпті тіл білмейтініңіз де «не проблема». Жаныңызға арнайы тілмәшты қосып беріп, көңіліңізден шы­ғады. Қаза­қы менталитетке салып, агенттік қызметіне тек өзге ұлт өкілдері жүгінетін шығар десек, бұл ойымыз теріс болып шықты. Агенттік өкілдерінің айтуына қа­ра­ғанда, оларға барлық ұлт өкілдері келеді екен.
Ал екінші бір агенттікте тіркеу тегін. Оған өз суретіңізді апарып, сауалнама­сын­дағы сұрақтарына жауап берсеңіз жет­кілікті. Олар сіз туралы барлық ақпаратты мәліметтер қорына енгізіп қояды. Содан өзіңізді ұнатқан бір жігіт немесе қыз кездесуге шақырғанша күте тұрасыз. Егер сізді ол кездесуге шақыратын болса, «болашақ жігітіңізбен» кездестіргені үшін агенттікке 2 мың теңге төлейсіз. Алда-жал­да ол жігітпен әңгімеңіз жараспай қалса, келесі біреуімен жүздесуге құқыңыз бар. Басқа «жігітіңіз» үшін тағы да - 2000 теңге. Бірақ агенттік өкілдері өздерінің халықтың демографиялық ахуалды жақ­сар­туға қызмет істеп жатқандығына се­німді. Сондықтан адал жұмыс жасайтын агенттіктерге мемлекет тарапынан қолдау қажет көрінеді.
Махаббат Қайдарова, астропсихолог, неке агенттігінің иесі:
- Бізде жалғыздық деген өте үлкен мәселе бар. Жалғыздық деген - адам жанының өзіндік күрделі күйі. Адамдар көбіне өздері жасап алған қиял әлемінде өмір сүреді. Өзгелермен қарым-қатынас орнатудың дұрыс жолын білмей жатады. Тіпті өзін өзгелерге таныта алмай, өзіне не, кім керектігін толық түсінбейді. Сон­дықтан өзіндік комплекстер мен қиялдан арылу үшін арнайы курстардан өткен жөн. Адам өзінің иллюзиялық әлемінен шыққаннан кейін ғана өз теңін табуға мүмкіндік алады. Мәселен, мен психолог ретінде адамға кім керек екенін, астролог ретінде қайсысы сәйкес келетінін білемін. Қазіргі кезде ер адамдарға өмірлік серігін табу қиын емес. Көбіне әйел затына қиын соғады. Шындығында, еркектер өзіне кім керек екенін нақты біледі. Ал әйелдерге келетін болсақ, олар көп жағдайда өзіне қандай жан керектігін түсінбей жатады. Жалпы, жаңа технологиялардың арқасын­да түрлі биографиядағы кез келген жанды табуға болады. Бірақ екі адам достасып, араларында түсіністік орнап, отбасын құрып кете ала ма, бұл - өте үлкен сұрақ. Сондықтан мен ең бірінші оған дайындық керектігін айтамын. Таныстыру деген оңай дүние, бірақ сіз ол адамды өзіңізге тарта аласыз ба? Мәселенің бәрі осында жатыр. Бос қиялдан арылу үшін, психолог маман­дарға бару керек. Сондықтан адал ниетпен жұмыс жасайтын неке агенттіктерін көптеп құрып, олардың жұмысына қолдау көрсеткен жөн. Онда міндетті түрде пси­холог пен астролог жұмыс жасауы керек. Олар отбасы құндылықтары мен бақытты отбасын құру жолдарын түсіндіреді. Пси­холог деген - жалғыздықтан жабыққан­дардың жанын түсінетін нағыз досы. Ол бөтен болғандықтан, адамдар оған ішкі жан дүниесін қысылмай ашады. Ет жақын туыстарына, достарына айта алмайтын сырларын ақтарады. Ал біз олардың кем­шілігін бетіне айтып, қиял әлемінен суы­рып аламыз. Тіс ауырғанда стоматологқа жүгіретініміз секілді, жаның ауырғанда психологқа бару керек. Анкета бойынша кез келген адамды таныстыруға болады, бірақ олар бір-біріне сай келе ме, сол маңызды. Мәселен, Қытайда екі жастың сәйкес астрологиялық қартасы жоқ болса, некені тіркемейді. Егер жастардың но­тальдық картасы сәйкес болмаса, ертең ол отбасының шаңырағы шайқалуы мүмкін. Жалғыз жүрген жандарды қосқысы келе­тіндер, ең алдымен кішкентай мемлекеттің негізін қалап жатқандарын түсінуі шарт. Жеке өмірді талдамайынша, қай жерде шындық, қай жерде өтірік жүргенін түсін­бейсіз. Көкейде жиналып қалған, өмірге деген, өзгеге деген өкпеден арылу керек алдымен. Біздің қыздарымыз жігіттерге адам санасына сыймайтын талаптар қоя­ды. Өткенде жоғары білімді, жақсы жұмыс істейтін бір қыз келді маған, «болашақ жарым 100 мың долларлап ақша тапсын» дейді. Осындай да талап бола ма? Өмірді дұрыс түсінбегендіктен, бірінші орында болашақ күйеудің табатын айлығының мөлшері тұрады.
Бұл агенттікке барғанымызда мынан­дай үш нұсқа ұсынылды: бірінші, ғалам­торда қаптап тұрған танысу сайттарына өз атыңнан тіркелу, бірақ хат алмасуды агенттік қызметкері жүргізеді. Агенттік қызметкерлері дұрыс хат жазысудың жо­лын білетін көрінеді. Ал телефонмен сөй­лесуге, кездесуге шақырса, өзіңіз барасыз. Оған дейін психологтар сізді дайындап, астрологтар екеуіңізге арналған нотальдық картаны түзіп береді. Психологтың он сабағы 500 доллар тұрады екен. Мұндай соманы кез келгеннің қалтасы көтере бермейді, дегенмен психологтың сабағы­ның көмегі көп дейді агенттіктегілер. Екін­ші нұсқа - бірден жүзбе-жүзе кездесу. Үшінші нұсқа бойынша, сізге нақты қан­дай адам керек екенін біледі де, арнайы орындардан өздері іздей бастайды. Бірақ қандай орын екенін ашып айтпады. Ма­хаббат Молдашқызы басшылық жасайтын агенттік көптеген жасты жарастырыпты. Бірақ олардың тек 20 пайызы ғана заңды некеге отырған. Ал қалғандары «азаматтық некеде» көрінеді. Мұндай статистика неке агенттіктері тек азаматтық некенің қа­тарын көбейтуге жұмыс жасап жатқандай әсерде қалдырады екен.
Ал «Шаңырақ» танысу агенттігінің бас­шысы Бақытгүл Жұмағұлова апай­дың пікірінше, демографияға үлес қосқысы келсе, мұндай ұйымдар қоғамдық негізде, мұсылмандық шарттары мен қазақы салт-дәстүрді сақтай отырып жұмыс жасауы керек. Ақша қуып кеткен жерде адам­гершілік, отбасы құндылықтарын дәріптеу айдалада қалмақ.
- Маған жан-жақтан көп хат келеді. Қыздардан келген хаттарды оқып отырып, айналамызда жақсы қыздардың өте көп екендігіне көз жеткізесің. Олардың бар­лығы дерлік жоғары білімді, оң-солын таныған жандар. Кейбірінің хатын оқып отырып, жылағың келеді. Сенбіге дейін жұмыста, жексенбі күні кір-қоңын жуып, дүйсенбі қайтадан жұмысқа кетеді. Қай кезде олар жігіттермен танысып үлгереді? Ал жігіттердің көбіне темір тордың ар жағына отырғандарын жазады. Олардың барлығы өз теңдерін тапқысы келетіндер. Біздегі неке агенттіктері мұсылмандық шарттарды, қазақы салт-дәстүрді негізге ала отырып жұмыс істесе. Отбасылық құн­дылықтарды насихаттап, нағыз отба­сын құруға мүмкіндік жасау қажет. Тек анке­та толтырумен іс бітпейді. Екі жақпен де сөйлесіп, оладың жан дүниесін түсінуге тыры­сып, расымен де кім-кіммен көңіл жарастыруы мүмкін екендігін психологтың көзімен қарау керек. Тек шаблонды түрде ғана таныстыра салуға болмайды. Егер расымен де демографиялық ахуалға үлес қосқысы келетіндер болса, олардың қыз­меті ақысыз, қоғамдық негізде болғаны дұрыс. Екі-үш кісілік штаты бар қоғамдық ұйым құрып, үлкен қалаларда жұмыс жасаса. Осы орталыққа теңін таба алмай жүргендер келіп, әңгімелесіп, бір-бірін шайға шақырып, жүздесіп тұрса. Тіпті арнайы кештер ұйымдастырып қоюға да болады. Орыстардың «Кому за 30» дегені секілді билеп, секеңдеп қайтатын емес, келген қыз-жігіттер ашыла алатындай, сөйлесіп, өз пікірін білдіре алатындай жағдай жасалса. Агенттік алдына тек таныстырып қоймай, мұсылмандық жол­мен некеге отырғызу мақсатын қойса ғана бір нәтиже шығады. Ал тіркеу үшін бәлен­бай, кездесуге бәленбай сом сұрайтын­дардың қызметіне шыны керек, күдікпен қараймын. Бізде жыл сайын отырып қал­ған қыздар мен сүрбойдақтардың қа­тары көбейіп барады. Бұлай кете берсе, отба­сылық институттан айырылып қала­мыз ба деп қорқам, - дейді Бақытгүл апай.
Психологтардың айтуына қарағанда, неке агенттіктеріне келетіндерді бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады. Бірінші­ден, олардың қызметіне мінезі тұйық, өз­ді­гінен танысуға икемі аз жандар жүгінеді екен. Екінші топқа өзіне қандай адам керек екенін нақты білетін, көбіне дәулетті жар табуды мақсат еткендер жатады. Бірақ оларды отбасын құру мақсаты біріктіреді. Әрине, неке агенттігінің қызметін пайда­лану-пайдаланбау - әркімнің өз еркі. Де­ген­мен «тәуекел түбі - желқайық» деген, мүмкін «өтіп кететін» шығарсыз...

Үмітжан ЖАПАР