Ендігі дағдарыс нені «бүлдіреді»?

29.07.10.

Осыған дейін біз әлемдік даңқы бар сарапшылардың пайымдауы бойынша көп ұзамай-ақ дағдарыс болатынын және оның қоздырушы себептерін жазған едік. Бұл жолы енді сол сарапшылардың болжамдарындағы өзімізше «осы ақиқатқа жақындау-ау» дегендеріне сүйене отырып, алда болуы мүмкін жаңа дағдарыстың қандай сипатта өрбитіндігі жайлы әңгіме қозғамақпыз. Өйткені қазақ «қамданған қапы қалмайды» деген. Сондықтан әуелі 2007 жылдың тамызында басталған бүкіләлемдік дағдарыстың «салқыны тиген» салаларға назар аударып алған дұрыс. Ендеше, біз де экономика ғылымының осы заңына сүйеніп әңгімемізді түзейік.

Дағдарыстың салдары

Бүкіләлемдік дағдарыстың 2007 жылдың тамызынан бергі әлемдік экономикадағы «салқы­ны тиген» салалар:
1. Жылжымайтын мүліктің ба­ғасы күрт төмен түсті, бұл ар­зандау дүниежүзі бойынша орта есеппен 50 пайыздан асты.
2. Дамыған елдердегі қор бир­жаларында эмитент компа­ния­лардың құнды қағаздарының ба­ғасы түсті. Бұл, әсіресе, дайын тауар өндіретін озық технология мен техникаға маманданған ком­панияларда айқынырақ сезілді. Құнды қағаздар бағасының арзан­дауы шамамен 50-70 пайызды құрады.
3. Шикізат бағасы 60 пайызға ар­зандады. Бірақ бұл ұзаққа со­зылған жоқ. Бір жылдың ішінде шикізат бағасы өзінің жоғалт­қа­нының тең жартысын қайтарып алды. Сөйтіп, бұл саладағы арзан­дау шамамен 30 пайызды құрап тұр.
4. Қаржы институттарының ша­­­мамен 30 пайыздан астамы банкротқа ұшырады. Банкротқа душар болған қаржы институт­тарының басқару акциясы негі­зі­нен, мемлекеттердің, ал біраз бөлігі жағдайы жақсы қаржы институттарының меншігіне көшті.
5. Алтын және басқа да бағалы металдар бағасы шамамен 100 пайызға қымбаттады. Егер алтын­ға шағар болсақ, онда доллардың бағасы осынша мөлшерде арзан­дады дер едік. Бірақ 1976 жылдан бері доллар бағасы алтынмен өл­шенбейтін болды. Солай бола тұрса да дүниежүзілік арзандау ша­мамен 40 пайызды құрап тұр­ған шақта, доллардың құны осын­шама мөлшерге төмендеді деуге болады. Мұны дүниежүзіндегі жылжымайтын мүліктің бағасын зерттеген әлемдік сарапшылар бір­ауыздан мәлімдеуде.

Дағдарыстан туған ой

2007 жылдың тамызынан бас­талған бүкіләлемдік қаржы дағ­дарысы адамзатқа үлкен «ой сал­ды». Оның бастылары:
1. Бүкіләлемдік рейтинг инс­ти­­туттарының беретін бағалары ақиқатқа сай емес. Өйткені осы дағдарыс кезінде рейтинг агент­тіктерінен ең жоғары баға алған­дар ең бірінші соққының астында қалып, оған төтеп бере алмады. Демек, баға ақиқат емес, көбік болған.
2. Дағдарысты туғызған басты себептердің бірі - дамыған Батыс елдеріндегі жалақылардың жоға­ры­лығы. Бюджеттен төленетін мемлекеттік міндетті төлемдердің де осы уақытқа дейін қысқартыла түсуі бұл салада да шамадан тыс өсім болғанын көрсетеді. Әлемдік сарапшылар АҚШ бастаған да­мыған елдер тұрғындары көріп отырған игілік олардың сіңірген еңбегіне сай еместігін мәлімдеуде. Ірі өндірістік компаниялардың иелері де бұл кемшілікті толық мойындауда.
3. Дүниежүзілік қаржы жүйесі мен халықаралық валютаның жаһандану талабына сай келмей­тіндігі. Бұл туралы Қазақстан Рес­публикасының Президенті Н.На­зарбаев бірнеше рет мәлімдеп, жүйені түбегейлі және түбірінен өзгертіп, дүниежүзі мемле­кет­терінің баршасына бірдей дәре­жеде қызмет ете алатын жаңа құры­лым жасақтау керектігін ұсын­ды.
4. 2007 жылдың тамызынан бас­талған дағдарыс ең мықты субъект дамушы елдер мен шағын кәсіп­керлік болғанын дәлелдеп шық­ты. Өйткені бұларда жалақы ең азы екен. Демек, бүкіләлемдік сарапшылардың маркстік құн және өзіндік құн заңдарына көңіл аударуы заңдылық. Ол ол ма, компаниялар иелері де өзіндік құнды арзандатудың жолын қа­рас­тыруда.
5. Доллар «сенімсіз» валютаға айналды. Сондықтан да дүниежүзі географиялық орналасуы және экономикадағы интеграциялық жағдайларына қарай аймақтарға бөлініп, аймақ ішінде пайдала­натын айырбас құралы ретінде жаңа халықаралық валюталарды айналымға енгізе бастады немесе осыған дайындалып жатыр.

Алдағы дағдарыстың «нысанасы»

Әлемнің көптеген сарапшы­лары 2012 жылы дағдарыстың ке­лесі толқыны соғады және оның соққысы осы уақытқа дейінгіден қаттырақ болады дегенді айта бастады. Біз келесі дағдарыстың уақыты туралы сенімді санды айта алмаймыз. Сондай-ақ дағдарыс­тың келесі соққысы дегенге де келіспейміз. Біздің пайымдауы­мызша, 2007 жылдың тамызында басталған дағдарыс әлі тежелген жоқ, керісінше, ендік және бой­лық бойынша ұлғайып барады, сондықтан да оның зардабы алда, әсіресе, Батыстың дамыған елдері үшін, сондай-ақ дүниежүзі бо­йын­ша да қаттырақ болуы мүмкін. Демек, дағдарыстың кезекті соқ­қысы «нені қиратады?» деген сұрақ­қа жауап беру керек.
1. Бүкіләлемдік қор биржала­рын­да және Батыс дамыған ел­дерінің ішкі рыноктарында жыл­жымайтын мүлік бағасы түсуін одан әрі жалғастыруына орай, халықаралық валютаның құны төмендей береді. Осыған орай аймақтық валюталардың көптеп пайда болуы әбден мүмкін.
2. Бағалы металдар құны өсе түседі. Айталық, 2007 жылдың та­мызынан бері алтын бағасы екі есе өссе, дағдарыстың келесі соқ­қысында бұл көрсеткіштің тағы да екі есе көбеюі әбден мүмкін. Сөй­тіп, АҚШ өзі қазған орға доллар­ды көмуге жақындай түседі. Әлем­дік сарапшылар өткен ға­сыр­дың 30-жылдардағы «алапат апат» (великая депрессия) кезінде доллардың құнсызданғаны сон­шалық, алтынның унциясы 10 мың долларға жеткенін айтады. Демек, дағдарыстың келесі соқ­қысы кезінде алтын бағасы ун­ция­сына шамамен 2500 долларды құрайтын болса, бұл қалай бол­ғанда да ең қауіпті межеге жетіп қалғандықты көрсетеді.
3. Әлемдік даңқы бар сарап­шылар экономикадағы көшбас­шылық енді «Батыстан Шығысқа ауысады, Еуразия құрлығының еуропалық бөлігі қиыншылықты бастан кешіріп, керісінше, азия­лық бөлігі қарқынды дамиды. Өйткені алып трансұлттық өнді­ріс­тік компаниялар өздерінің зауыт­тарын Еуропадан көшіріп, дамушы Азия құрлығындағы мем­лекеттерден орын тепкізеді. Се­бебі, бұл жақта жұмысшы күші Батыс Еуропадағыдан шамамен 5-10 есеге арзан, ал бұл - өнімнің өзіндік құнын азайтудың басты кепілі» дегенді айтуда. Айтса айтқандай, қазірдің өзінде Қытай автокөлік шығарудан дүниежүзі­лік көшбасшыға айналды. Индус­триялы-инновациялық бағдар­ламаны қабылдаған Қазақстанға да Батыс алпауыттарының назары ерекше ауған. Бас-аяғы алты айдың ішінде Шығыс Қазақстан облысында мыңға жуық жеңіл автокөлік шығарылып, сатылды. Жоспарымыз - жылына 50 мың автокөлік шығару.
4. Демек, дағдарыстың келесі соққысында «таяқ жейтін» АҚШ пен Батыс Еуропа мемлекеттері және Жапония. Ал Азияның да­му­шы мемлекеттері (оның ішінде Қазақстан да бар) керісінше, дами түседі. Олай болса, қазір Н.Назар­баевтың өміршең ұсынысын түсін­гісі, тіпті естігісі келмей жүрген АҚШ бастаған Батыс алпауыттары сол соққыдан кейін «дүниежүзілік қаржы жүйесін және халықаралық валютаны тү­бірінен және түпкілікті өзгертей­ік» дегенді өздері айта бастайды.

«Қосылғыштардың орнын ауыс­тырғанмен, қосынды өзгер­мейді» десек те ...

Жалпы алғанда, осындай соқ­қыға Батыс-Шығыстың осы уа­қытқа дейін қарқынды дамыған елдері қазірдің өзінде дайындық жұмыстарын бастап, іске кірісіп кеткендей. Жоғарыда айтқаны­мыз­дай, Қытайдың автокөлік өндіруден әлемдік көшбас­тау­шыға айналуы - дүниежүзілік брэнд автокөліктердің жаңа зауыт­тары осы елде салынуының нә­ти­жесі. Осындай үрдістер біз айтып кеткеніміздей, Қазақстанда да, Ресейде де, Өзбекстанда да оң нәтижелер беруде. Иә, АҚШ, Батыс Еуропа, Жапония мем­лекеттерінде автокөлік өндірісі қысқарды, әлі де қысқара түседі. Оның есесіне Азия мемлекет­терінде сол автокөліктер шыға­рылады. Әлемдік брэндтер өнді­рісі тоқтамайды, тек шығатын ор­нын ауыстырады. Бұдан шыға­тын қорытынды - «қосылғыш­тардың орнын ауыстырғанмен, қосынды өзгермейді» деген сөз. Осы уақытқа дейін дүниежүзілік экономикада 40 триллион дол­лардың тауары өндіріліп келсе, бұдан кейін де ең кемі сол мөл­шердегі тауарлы өндіріс сақта­лады. Дүниежүзілік даңқы бар сарапшылар осының өзіне «шү­кір» дейді. Сондай-ақ олар алда­ғы соққы кезінде «орын ауыс­тырып үлгергендер ұтады, үл­­ге­рме­гендер күйрейді» дегенді ашық мәлім­деуде. Біз енді «осы орын ауыс­тырулар «зардапсыз» бола ма?» деген сұраққа жауап берейік. Ең алдымен бір ақи­қаттың беті ашық, ол - орын ауыстырулардың зардапсыз болмайтындығы.
1. Ең басты ауыртпалық дамы­ған мемлекеттерге түседі. Олар­дағы өндіріс көлемі қысқарады. Демек, жұмысшы күші де қыс­қаратыны ақиқат.
2. Дамыған мемлекеттерде сау­да капиталының күйзеліске ұшы­рауы әбден мүмкін. Өйткені тұ­рақты жалақы алатындар саны азаяды ғой. Бұл дамыған мем­лекет­тердегі ақша айналымына кері әсер етеді.
3. Дамыған мемлекеттердің банк капиталы өз активтерін Азия­ға ау­дарады. Бұл ақыр ая­ғында осы мемлекеттердегі қар­жы­лық қи­ын­шы­лықты ақиқатқа айнал­дырады.
4. АҚШ бастаған Батыстың да­мыған елдерінде аса қатерлі әлеу­меттік жағдай қалыптасуы мүмкін. Қазірдің өзінде бұл жақ­та­ғы жұмыссыздық орта есеппен 10 пайызды құрайды, ал нарықтық экономиканың заңы бойынша, жұмыссыздық 9 пайыздан асқан елдерде саяси тұрақтылық бұзы­луы мүмкін.
Батыс үшін осылай болып жат­қанда Шығыс үшін «Күн шы­ғады». Өйткені:
1. Жаңа өндіріс орындарының көптеп ашылуына байланысты мұндағы мемлекеттерде жұмыс­сыз­дық азаяды.
2. Халықтың әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайы жақсарады.
3. Мигранттардың Батысқа ағы­­­луы тыйылады.
Қорыта айтқанда, алда көп күттірмей-ақ дүниежүзілік эконо­микада бір «дүмпудің» болары анық. Ол жалпыға бірдей зиянды емес. Біздерге шошынуға тіпті де негіз жоқ. Өйткені Батыс мал­тығып жатқан бұл күндері біздің экономиканың даму көрсеткіші 8 пайыздан асып тұр. Ал келер жылдары бұл өспесе, кемімейді, себебі дағдарыстан сезіктенген Батыс алпауыттары Азияға, оның ішінде біздің Қазақстанға ерекше көңіл бөліп жүргенінің куәгері болуға үйреніп алдық.

Таңшолпан БЕКБОЛАТ